Келіссөз алдында Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Бұдан кейін Қазақстан Президенті мен Қатар Мемлекетінің Әмірі келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің шақыруын зор ризашылықпен қабыл алғанын жеткізді. Президент осы елге алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отырғанын, сондықтан оның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Қатар – ислам әлеміндегі біздің сенімді әрі маңызды әріптесіміз. Екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретін кез келді деп ойлаймын. Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын. Сапар кезінде өте маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл келісімдер біздің ынтымақтастығымызды стратегиялық деңгейге көтереді. Біз үшін Қатар өте ерекше ел, сіздермен байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Сондықтан бұл қатынастарымызды одан әрі дамыту үшін күш-жігерімізді саламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан Президенті сапарының мән-маңызына тоқталды.
– Жоғары Мәртебелі Президент мырза, біздің елімізге ең алғашқы мемлекеттік сапармен келіп отырғаныңызға қуаныштымын. Бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы қарым-қатынастарды еселей түсетініне сенемін. Біз Астанада да кездестік. Бүгінгі жүздесуіміз бұрынғы келіссөздер негізінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қадағалап, алдағы жоспарларды айқындауға мүмкіндік береді. Екіжақты ынтымақтастық аясында энергетикалық, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Осы сапар аясында біздің елдің ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізесіз. Бұл аталған салалардағы ықпалдастықты ілгерілетуге тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қатар Әмірі.
Мемлекет басшысы қазір қазақ-қатар қарым-қатынастары кейінгі 30 жылда ең жақсы кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтіп, Әмірдің Астанаға жасаған мемлекеттік сапарын еске салды. Президенттің айтуынша, елдеріміз арасында тығыз саяси диалог, кеңейіп келе жатқан экономикалық серіктестік және табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасқан. Екі ел арасында соңғы үш жылда қол қойылған келісімдер әртүрлі саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарды жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. Президент Қазақстанның Қатар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды.
Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапары аясында Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені үшін Қатар Мемлекетінің Премьер-министріне алғыс айтты.
– Осы сапарды дайындауға атсалысқаныңыз үшін Сізге шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапар шынымен сәтті болды. Біздің қарым-қатынасымызға тың серпін беретін құжаттар топтамасына қол қойылды. Жоғары Мәртебелі Қатар Әміріне айтқанымдай, біз өзара байланыстарды стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Бұл өте үлкен жетістік деп санаймын. Мен осындай нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымын. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмай, алға қадам басып, өзара ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруымыз керек, – деді Қ.Тоқаев.
Қатар Премьер-министрі сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, соңғы жылдары мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастардың айтарлықтай жанданғанын атап өтті.
– Біз соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған және айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Өзіңіз айтқандай, бұл өз-өзінен бола салған дүние емес. Екіжақты қатынастарда одан да зор жетістіктерге жету үшін жұмысты жалғастыру қажет. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне өте қуаныштымын. Екі елдің мол әлеуеті бар деп санаймыз, – деді шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәни.
ИНВЕСТИЦИЯ ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ АРТАДЫ
Мемлекет басшысы Дохаға мемлекеттік сапарының аясында Қатардың ірі бизнес құрылымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткізіп, Al Faisal Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Фейсал бен Қасым Әл Тәниді қабылдады.
Қазақстан Президенті Al Faisal Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қатар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы, Қазақстанмен іскерлік ынтымақтастықты үйлестіруші Фейсал бен Қасым Әл Тәнимен әңгімелесу барысында екіжақты экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Qatar Investment Authority компаниясының бас атқарушы директоры Мансур Ибрагим Әл-Махмудты қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Qatar Investment Authority компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық екі елдің экономикалық серіктестігінің қозғаушы күші бола алатынын атап өтті.
Өз кезегінде Мансур Ибрагим Әл-Махмуд Қазақстанның қаржы нарығына шығу, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені өнімдерін терең өңдеуге қатысты жобаларды жүзеге асыру жоспары жөнінде айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлік кездесулер барысында Қатардың Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады. Кездесуде экономиканың түрлі секторындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Айта кету керек, Қатардың Power International Holding компаниясы негізгі қатысушы саналады. Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаят Президентке Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Қызылорда облысында бу-газ қондырғыларының технологиясына негізделген электр стансасын салу жоспары жөнінде мәлімет берді.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджриді қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге баса мән беретінін айтты. Осыған орай Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясының елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.
Өз кезегінде Мұхаммед Нассер Әл-Хаджри «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Қазақстанда су-энергетика жобасын жүзеге асыруға қатысты жоспарын жеткізді.