Әйгілі Хафиз «Қызды ең бірінші гүлге теңеген ақын – ақын, ал екінші теңегендердің ақындық қабілеті күмән тудырады» дейді. Өнерде өзіңе дейінгі салып берген сара жолмен жүрмей, дара жолмен жүріп із қалдырғанды «құбылыс» дейді. Қазақтың дархан даласы осындай дарындардан кенде емес еді. Соның бірегейі – ғұмырын кино саласына арнаған бірегей талант Шәкен Айманов болатын. Бүгін осынау біртума жанның дүниеге келгеніне – 110 жыл.
Қазақ киносы туралы сөз қозғар болсақ, әуелгі сөзді Шәкен Аймановтан бастаймыз. «Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы ұсынады» деген сөз құлағымызға әбден сіңісті болып, кино десе – Шәкен Аймановты, Шәкен Аймановты айтсақ, киноны елестететініміз шындық. Бірақ ұлы талант иесі бұл жолға жету үшін ұлт мәдениетінің уызына қанды, тамырының негізінен айнымады, өнердің «тар жол, тайғақ кешуін» өткерді. Өнер үшін бетке алған бағытынан таймады. 1914 жылы 15 ақпанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген ол Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылып, 1933 жылдың маусым айында театрға жұмысқа қабылданады. Алғашында Грамофонов, Қодар, Алдар көсе, Исатай, Кассио рөлдерін ойнап, көп ұзамай Тихон, Великанов, Шадрин, Кидд, Бретт, Хлестаков, Казанцев сияқты классикалық рөлдерді сомдады. Осылайша, үлкен арман жолындағы алғашқы баспалдағын театрдан бастаған хас талант қазақ сахнасында романтикалық театр мектебін калыптастырған болатын. Режиссерлік қабілетін де театрдың қабырғасында жүріп жетілдірді. «Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» атты аударма пьесаларды сахнаға шығарып, режиссерлік жасады. 1947-1951 жылдары Қазақ драма театрының бас режиссері болуы оның режиссерлік стилінде ұлттық бояу, сахналық айшықты түр іздеу басымдығынан болатын. Өзінің киноға келу тарихын режиссер өз естелігінде: «Соғысқа дейінгі кезең. Киноға түсуге кино алаңына келдім. Бұл 1937 жыл болатын. Қастек ауылында Амангелді Иманов туралы фильм түсірілді. Режиссері – М. Левин. Бір сағат қана тамашалауға келгем. Бірақ кино алаңынан кете алмадым. Күні бойы осында жүрдім. Режиссерге келіп, өзіме рөл беруін өтініп едім, ол маған рөлдердің бәрі тарқатылып қойғанын, массовкада сарбаздың қатарында болуымды өтінді. Сарбаз болса, несі бар? Өзіме костюм дайындап, опа-далапты да өзім әзірледім. Сол күні мені түсіріп алды. Сол күннен бастап, менің киноға деген ерекше махаббатым оянды. Әрбір дүйсенбі күні кино түсіру алаңына келіп жүрдім. Қолымнан келген шаруаларды атқара беремін. «Алда тағы кино түсіретін болсам, саған міндетті түрде рөл беремін», – деп өз уәдесін берді М. Левин. Режиссер өз уәдесінде тұрды. Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмінде Сәрсеннің рөліне бекітті. Осылайша, мен кино актер болдым», – деп жазады. Бұдан кейін «Абай әні», «Жамбыл» фильмдеріне түсу арқылы кино өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы жемісті жолын бастаған режиссер 1953-1970 жылдары «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлес қосты.
Өз кейіпкерінің режиссері болған
Шәкен Аймановтың кино саласындағы орнын сұрап кинотанушы Нәзира Рахманқызына хабарласқанымызда, киносыншы режиссер шығармаларының қантамырында ұлттық бояу мен нақыш, ұлттық болмыс пен мінез-құлық неліктен мәңгі орнағанын айтып берді.
«Актер, режиссер Шәкен Аймановтың қазақ ұлттық киносының қалыптасып, дамуына қосқан үлесі орасан зор. Ол тек шығармашылықпен ғана айналысқан жоқ, сонымен бірге кинематографистер Одағының құрылуына, Алматыдағы Кино үйі іргетасының қалануына ықпал етіп, олардың жұмысының басы-қасында болды. Бұған қоса, кино мамандарының қажеттілігі туралы үнемі мәселе көтеріп, осы бағытта көп жұмыстар атқарды. Сондықтан Ш.Айманов – тек қазақ ұлттық көркемсуретті киносының негізін қалаған ұлы режиссер ғана емес, еліміздегі кино өндірісінің қалыптасуына, шығармашылық кадрлардың киноға келуіне өлшеусіз еңбек еткен үлкен қайраткер.
Ш.Аймановтың шығармашылығын қарастырғанымызда, кинодағы ең алғашқы қадамына мән беруіміз керек. Бұл өте маңызды. Ол тұңғыш рет «Амангелді» фильміндегі көпшілік сахналардың бірінде ірі планмен қас-қағым сәтте пайда болатын сарбазды ойнайды. «Киетін киімді өзім тауып, мұрт жапсырып, гримді де өзім жасап алдым. Мені тіпті ірі планмен көрсетті», – дейді Аймановтың өзі. Байқағанымыздай, бір уақытта әрі актер, әрі суретші, әрі киім маманы, әрі бет әрлеуші қызметінің элементтерін көріп отырмыз. Яғни, осы бір шағын ғана көріністе өз кейіпкерінің режиссері болған. Біздіңше, Шәкен Аймановтың әрі актер, әрі режиссер ретіндегі ұлы жолы дәл осы сарбаздың бейнесінен басталғандай. Ұзақ уақыт өтпей-ақ, экрандағы сарбаз кейіпкерден қазақ ұлттық киносының көшбасшысына айналады», – дейді ол.
«Шәкен Айманов фильмдерінің өміршеңдігі құпиясы неде?» деген сұрағымызға кинотанушы былай деп жауап берді: «Әрине, оның себептерін шексіз айта беруге болады. Бірақ ең негізгісі: елін, жерін, қазақты, оның өнері мен мәдениетін сүйді. Әлбетте, бұл сүйіспеншілік фильмдеріне көшті. Сондықтан фильмдеріндегі тартыстың бір жағында міндетті түрде ұлттық құндылықтар мен дүниетанымды қорғау, дәріптеу жолындағы күрес тұрады. Ол шығармалардың қан тамырында ұлттық бояу мен нақыш, ұлттық болмыс пен мінез-құлықтың мәңгі орын алатыны да сондықтан. Шәкен Айманов фильмдерінің өміршеңдігінің негізгі құпиясы да осында болса керек.
Ш.Аймановтың өзі: «Ұлттық кино ең алдымен адамдардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, сөзі, сезімі арқылы дүниеге келеді. Сондықтан дұрыс әрі дәл көрсетілген ұлттық мінез-құлық фильмнің ұлттық формасын айқындайды», – деп жазды. Бұл – қазіргі әрбір киногеріміз ұмытпауы тиіс әрі қазақ киносы үшін әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған маңызды сөздер деп ойлаймын», – дейді кинотанушы Назира Мұқышева.
Қазақтың тұңғыш фильмінің авторы
1953 жылы «Махаббат туралы аңыз» атты көркем фильмін тудырған режиссер туралы бүгінгі кинотанушылар бұл фильмді «ең алғашқы қазақтың ұлттық фильмі» деп санайды. Осы ретте кинотанушы, Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА оқытушысы, Ұлттық киноны қолдау орталығының жанындағы Сараптама кеңесінің мүшесі Дана Әмірбекованың пікіріне құлақ түрелік.
«Шәкен Айманов – ұлттық кинорежиссурамыздың іргетасын қалаған тұңғыш режиссеріміз. Оның «Махаббат туралы аңыз» туындысын тұңғыш қазақ көркем фильмі деп атай аламыз. Әрине, бүгінге дейін қазақтың тұңғыш көркем фильмі деп «Амангелді» киносын атап келдік. Бірақ кинотанушы Бауыржан Нөгербек өзінің осы тақырыпты зерттеген мақаласында ойын нақты мысалдармен жеткізеді. Мысалы, «Белгілі бір ұлттың фильмі деп аталу үшін ол фильмді сол ұлттың киностудиясында, өзінің техникасымен түсіріп және сол фильмнің авторы да, актерлері де сол ұлттың өкілі болуы керек. Сонда ғана біз толыққанды сол елдің ұлттық туындысы деп есептейміз», – деген пікірін айтады. Яғни, өзіміз білетіндей, «Амангелді» фильмін біздің студияда емес, «Востоккино» студиясы түсіреді, киноның режиссері – Моисей Левин. Сценарий авторы Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлин болғанымен, ол тұлғалардың есімдерін алып тастаған еді. Былай қарасақ, қазақ жайлы, қазақ тарихы туралы фильм, бірақ қазақ киногерлері түсірмеген. Яғни, кинотанушы атап кеткен талаптарға сай келмей тұр. Бауыржан Нөгербек осы мақаласында «Амангелді» фильмін – қазақтың тұңғыш көркем фильмі дер болсақ, одан ертерек 30-жылдары жарыққа шыққан «Дала әндері», «Жұт» секілді фильмдерді неге қазақтың тұңғыш фильмі деп санамаймыз» деген сұрағын қояды. Осы ретте «өзіміздің авторларымыз сценарий жазған, өзіміздің киногерлер түсірген, өзіміздің актерлер ойнаған тұңғыш фильм ол – Шәкен Аймановтың дебюттік фильмі – «Махаббат туралы аңыз», – деп дәлелдейді. Шәкен Айманов – сонымен қатар қазақ киносындағы жанрлық түрленуді алып келген режиссер. «Алдар көсе» фильмі – фэнтези жанрында, «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдері – мюзикл элементтері бар комедия жанрында, соғыс тақырыбында – «Атамекен», «Атаманның ақыры» фильмі – детектив жанрында түсірілген. Тағы бір ерекшелігі, ол – «төртінші қабырғаны бұзуды» алғаш алып келген режиссерлердің бірі. «Төртінші қабырғаны бұзу дегеніміз – кинода актер өзінің рөлін сомдап отырып, кілт тоқтай қалып экранға бұрылып көрерменге тіл қатуы. Міне, осы бір дүниені өзінің фильмдерінде қолданады», – дейді кинотанушы.
«Алдар көсе деп білетінмін»
Шәкен Айманов көп таланттың бағын, өнердегі жолын ашты. Әрбір актерге қамқор болып, мейірімін төкті. Сондай бір мейірімін көрген жандардың бірі – кинорежиссер Болат Қалымбетов. Режиссер қазақтың арда ұлы туралы былай дейді:
«Шәкен Айманов – қазақ кино өнерінің тарихы деп айтсақ болады. Мұндай таланттар ғасырда бір туатын шығар. Ән де айтады, би де билейді, түрлі аспапта ойнайды, өзі актер, өзі режиссер. Мен өзімді Шәкен секілді қазақ киносы корифейлерінің көзін көрген жан ретінде бақыттымын деп есептеймін. Жалпы, мен киноға 1967 жылы келдім. Қарап отырсам, 60 жылдай кино саласында жүр екенмін. 1967 жылы Абдолла Қарсақбаев жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі бойынша кино түсірмек болып, басты кейіпкер Бектастың рөлін 15 шақты бала ойнап, кастингке қатыстық. Сол кездегі көркемдік кеңестің мүшелері Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асқар Сүлейменов, Олжас Сүлейменов сынды кіл мықтылар еді. Барлығымыз бір адамды күтіп отырдық. Сол кезде Шәкен аға «Қазақфильмнің» көркемдік жетекшісі екен. Оны кейіннен білдім. Мен Абдолла Қарсақбаевтың жанындағы екінші режиссер Сара Жорабаева апайдың қасында тұрғанмын. Бір кезде «Қазақфильмнің» ұзын дәлізімен үстінде шибарқыт костюм киген, қолында трубкасы бар үлкен кісі келе жатқанын көрдім. Көре сала, «Сара апай, әне Алдар көсе келе жатыр» деп таңғалысымды жасырмадым. «Бұл кісі – Шәкен Айманов деген кісі» деп таныстырды маған. Содан 15 баланың рөлдерін талдады. Сонда үшінші болып мен шықтым. Экрандағы қайғылы эпизодты ойнаған өзімді көріп жылап жібердім. Дауысым да шығып кетті. Кейіннен үш-төрт сағат талдап, ақыры мені таңдады. Сол кезде Шәкен Айманов «әй бала, сені мен таңдадым, есіңде ұста» деп әзілдеді. Міне, осылайша, кино саласына мені Абдолла Қарсақбаев пен Шәкен Айманов әкелген еді. Кейіннен бала болсам да бірнеше фильмге түстім. Бірде дәлізде өтіп бара жатсам, Шәкен аға бауырына тартып, «Осы сені «Қазақфильмнен жұмыстан шығарам-ау деймін, ақшаның барлығын сен алып жатырсың, мына менің өзімде ақша жоқ» деп жымиды. Бұл сөзі көңіліме тиіп, Абдолла ағаға бардым. Болған жағдайды айтсам, Абдолла ағам бір күліп алып, сен әлі кәмелетке толмаған, бізге жұмысқа тұрмаған баласың, сені қалай жұмыстан шығарады? Ағаның солай әзілдейтіні бар» деді. Шәкен Айманов ағамызды қанша көрсем де ол кiсiнi «Алдар көсе» деп бiлетiнмiн. Түскі ас кезінде барлығы ескі киностудия жаққа тамақтануға кететін. Сол жақта үлкен емен ағашы бар. Шәкен аға соның көлеңкесіне отырып алып, алдына шахматты жайып қоятын. Содан жанынан өтіп бара жатқандарды шақырып алып, бәрін жеңетін. Шахматты жақсы ойнаушы еді. Шәкен ағадай режиссерге қазіргі қазақ киносы зәру. Ұлттық болмысты бойына сіңірген, өз ұлтының картинасын жасай алатын адамдар керек. Бүгінгі киноларға қарап, Шәкен Аймановтың жоқтығы қатты білінеді», – дейді режиссер.
ТҮЙІН:
Шәкен Айманов – қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы, талантты актері әрі режиссері. Ол ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуы мен дамуы үшін бүкіл ғұмырын арнады. Ол өз естелігінде өзі туралы «Он бес жылда он фильм түсірдім. Өзімді әлі толыққанды кинорежиссермін деп айта алмаймын», – депті. Бүгінгі көрінгенді сөз қылып, қызылды-жасылды дүниені түсіріп жүрген жандардың бөлмесіне іліп қояр осы бір сөз бізге Аяз бидің шапанындай әсер етеді. Бұл – өнерге деген шынайы адалдық болса керек. Бүгінде оның есімі «Қазақфильм» киностудиясына берілді. Ол тұрған үй мен студия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылып, мұражай кабинеті ұйымдастырылды. Мақала соңын Шәкен Аймановтың қазақ киносына қосқан зор үлесі туралы Бауыржан Нөгербектің мақаласындағы мына бір сөзбен аяқтасақ дейміз: «Ендігі бар сеніміміз – Ш.Айманов қалдырған сабақтардың із-түзсіз жоғалмайтыны. Оның рухы мәңгі жарық, гуманистік өнері қазақ киносына қайтадан оралып отырады, ал Үкімет материалдық және адамгершілік тұрғысынан ұлттық дәстүрімізді, өнерімізді қолдайды деп үміттенеміз».
Наурызбек САРША