Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Аида Балаева мәлімдеді. Сонымен бірге министрліктің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын да көпшілік алдында жариялады.
Іс-шараға Парламент депутаттары, «AMANAT» партиясы мен зиялы қауым өкілдері, ҚХА, ҮЕҰ, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері де қатысты.
«Министрлікті құру барысында, Мемлекет басшысы Үкімет алдына ауқымды міндеттер қойды. Атап айтқанда, бәсекеге қабілетті, жаһандық контексте бірегей мәдениетін сақтаған ұлттық болмысымызды қалыптастыру арқылы мемлекет пен қоғамның үйлесімді дамуын, ішкі идеологиялық және сыртқы имидждік әлеуетін, азаматтарымыздың ел ертеңіне сенімділігін қамтамасыз ету. Әрине, осындай стратегиялық ірі міндеттің үдесінен шығу үшін біз министрлік құзыретіндегі барлық сала мен бағыттардағы жоспарымызды сараптап, жаңа деңгейге көтердік», – деді Аида Балаева.
Сонымен қатар министр биыл көптеген жаңа жоба мен бастама жоспарланып отырғанын да атап өтті. Оның айтуынша, елімізде мәдениет пен ақпарат саласында біршама тың өзгеріс байқалып, сала мамандарына қолдау көрсетіледі.
«Біз алғаш рет 8 тілде таратылатын «Мәдениет» онлайн-порталын іске қосамыз. Жаңа портал арқылы мәдени құндылықтарымызды ел аумағында ғана емес, шетел аудиториясына да насихат етуді мақсат етіп отырмыз. Оның негізгі міндеті – әрбір қызығушы үйден шықпай, төл мәдениетіміздің барлық жауһарын тануға, аралауға – музей, кітапхана, театр, ұлттық кино, көрмелер, рухани қорықтар, ұлттық музыканың алтын қоры мен заманауи әуездің жаңа үлгілерімен танысуға жағдай жасау. Мұндай жобалар әлемдік тәжірибеде өз тиімділігін баяғыда-ақ көрсеткен. Мәселен, күніне 50 мың адам кіретін «Лувр» музейі онлайн кеңістікте 10 миллион «виртуалды туристі» қабылдайды», – деді министр.
Аталған порталда еліміздің тарихы мен мәдениеті араб, ағылшын, қытай, орыс, түрік, француз, испан, түрік, қазақ тілдерінде насихатталмақ. Қазақстан мәдениетінің түрлі саласына арналған бөлімдерде таланттар, елдің даму мүмкіндіктері, театр қойылымдары, киноиндустрия, мұражай, кітапхана, мұрағат туристік орын, қолөнер, сондай-ақ Қазақстанның сәулет өнеріндегі жетістіктері туралы ақпараттар ұсынылады.
Әлемдік қоғамдастық назарын Қазақстанның мәдени мұрасы мен сан қырына аудару үшін бұл сайтты ашу аса маңызды қадам болмақ. Бұл жоба 2024 жылдың 1 наурызында жүзеге асатындығы да белгілі болды.
Министрдің мәлімдеуінше, былтыр елімізде 44 мәдениет нысаны салынып, 250-ден астам ғимарат күрделі жөндеуден өткізілген екен. Одан бөлек, мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 45%-ға өскен. Сондай-ақ соңғы 30 жылда алғаш «Халық әртісі» құрметті атағы 8 мәдениет қайраткеріне табысталған. Бұл да мәдениет саласын қолдаудың бір басымдығы.
Былтырғы жылға қорытынды жасап, алдағы жоспарын пысықтау барысында министр Аида Балаева «Биылғы жылдың ең маңызды оқиғасы – Қазақстандағы бейбітшілік пен ынтымақты бейнелейтін «Бірлік» ансамблінің құрылуы», – деді. Қазір «Ақжауын» ансамблінің республикалық мәртебесін қалпына келтіру мәселесі де назарға алынып отыр.
«Биылдан бастап мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды конкурстық іріктеу ережесі өзгерді. Атап айтқанда, Ұлттық киноны қолдау орталығы алдымен сценарийлерді қабылдап, үздіктерді сараптама кеңесінен іріктейтін болады. Ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жақын арада жаңа форматтағы конкурс жарияланатын болады», – деді министр.
Қазір халық арасында отандық киноиндустрияға байланысты сан алуан пікірдің тарап жүргені шындық. Кино түсірдік екен деп ойға келген дүниені қисынсыз экранға шығару үрдісі белең ала бастағаны тағы рас. Жоғарыда министрдің өзі айтып отырған ереже осындай келісімсіз дүниенің талғаммен жүйеленетін аңғартса керек.
Одан бөлек, телеарналарда балалар контенті, экологиялық мәдениет, қарапайым еңбек адамы, ұлттық дәстүр, тәрбие, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету секілді өзекті тақырыптарға басымдық берілмек. Қазақта «Әдебиет – ардың ісі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бұл ұғымға адалдық танытып келе жатқан талай жан бар. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар мен сатып алынатын жазбалар саны жылдан жылға артып келеді. Қазір жас ақын-жазушыларды қолдау мақсатында министрлік жанынан әдеби клуб құру жоспарланғаны туралы да айтып өткен, Аида Ғалымқызы мәдениеттің ажырамас бір сағасы әдебиет саласына да ерекше қамқорлық танытылатынын баяндады. Осыған байланысты былтыр жалпы әдебиет сүйер қауым үшін министрлік тарапынан біршама ізгі бастама қолға алынып, нәтижелі орындалған болатын. Олардың қатарында Ұлттық «Айбоз» әдеби сыйлығы табысталды. Алғаш рет «Қазақстанның халық жазушысы» атағы 6 адамға берілсе 134 кітап 346 мың данамен жарық көрген. Алдағы уақытта да бұл үрдіс кезең-кезеңімен жүзеге асатыны айтылды.
Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Мәдениет туралы» заңға «баспа және әдеби редактор» деген тармақты енгізіп, министрге осы мамандықтың мәртебесін көтеруді ұсынды. Аида Балаева әдебиет дамымай, басқа саланың дамуы мүмкін емесін айта келе, ұсыныстың назарға алынатынын жеткізді.
«Креатив хабтар – қоғамды рухани өркендеуге бастайтын креаторлардың тамыр жаятын жері. Бұл жерде адамзатқа ортақ мәдени құндылықтар өмірге келеді. Әлемдік кретив индустриядағы хабтардың рөлін зерделей келе, 2019 жылы елдегі алғашқы креатив хаб, әлеуметтік-мәдени кеңістік – ÓzgeEpic құрған болатынбыз. ÓzgeEpic креатив хабы қазір Алматымен қатар мәдени астанамыз Түркістан қаласында және бас қала Астанада өз жұмысын жүргізіп жатыр. Былтыр министрлік дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2028 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Қоғамдық кеңесті үйлестіру орталығын ашты. Биылға да ауқымды жоспар бекітті. Енді министрлік архив саласын түгел цифрландыру, 7 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн-порталын іске қосу және кадрларды даярлау алгоритмін ретке келтіру міндетін алға қойды», – деді алқа отырысында сөз алған «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай.
Сонымен бірге алқа отырысында министр мәдениет пен руханияттың шекарасы болмайтынын еске сала отырып, заман ағымы мен қоғам талабына сай заңнама талаптары орындалуы керегін баса айтты. Әдебиет, мәдениет, руханият саласы қызметкерлерінің статусын биіктете отырып, саясаттың қолжаулығы болмауы керегін тілге тиек етті. Сонымен бірге кез келген рухани құндылықтарға аса жауапкершілікпен қарауға шақырды. Осы рухани құндылықтардың бір саласы – ономастика. Министр ендігі жерде ономастика саласында рушылдық пен туыстық мәселесі болмайтынын, керісінше бұдан былай елге белгілі тұлғалар мен еңбегі сіңген жандар насихатталатынын жеткізді.
Бердібек ҚАБАЙ