Ежелден тарихи құндылықтарға бай Жаңақорған ауданы қасиет қонған құтты мекен саналады. Аудан аумағында тарих қойнауынан сыр тартатын Сығанақ, Сауран, Өзгент, Аққорған, Ордакент сияқты көне қалалар мен қамалдар орны, Қорасан ата, Қарасопы, Қылышты ата – Төлегетай сағаналары мен Ақтас, Сунақата секілді құнды ескерткіштер сақтаулы. Соның ішінде өңірдегі құм арасына жасырынған ежелгі Көккесене сағанасының орны өзгеше.
Көккесене – Сыр өңіріндегі орта ғасырдан жеткен көне архитектуралық ескерткіш. Ол бір кездері Жаңақорған ауданы аумағындағы Төменарық теміржол торабынан солтүстікке қарай 5, ежелгі Сығанақтан 8 шақырым қашықтықта, қазіргі Қожамберді ауылының аумағында орналасқан сәулетті күмбез саналған. Нысан күйдірілген қыштан биік мұнаралы етіп тұрғызылған екен.
Ел арасында бұл күмбезді кесене жайында желдей ескен аңыз-әпсаналар аз емес. Соның бірі – бұл ежелгі кесенені Алпамыс батырдың ғашығы Гүлбаршын сұлудың есімімен тығыз байланыстырады. Яғни, кейбір тарихи деректерге сәйкес бұл Гүлбаршынның мәңгілік мекені екені айтылады. Көккесене жайында Бейімбет Майлиннің келешек ұрпағына қалдырған тұщымды еңбектерінен де көптеген мәлімет табуға болады.
Ғасырлардан жалғасқан құнды кесене бертін келе күтімсіз қалып, жауын-шашынның, аңызақ желдің салдарынан қабырғалары мүжіліп, құм қойнауына сіңіп кеткен. Талай құпияны да қара жер қойнауына сіңірген күмбезді нысан жайында әлі күнге нақты деректер аз.
«Көккесене жайлы мәліметтерге сүйенетін болсақ, ауыз толтырып айтарлықтай деректер көп емес. Ресей империясы кезінде жүргізілген зерттеу жазбаларынан аз-кем ақпар табуға болады. Ол заманда кесене қирамаған, бүтін болатын. Тарихшылардың арнайы зерттеуінен байқағанымыз, оны бір порталды ғимарат деп көрсетеді. Кесененің күмбезі мен қабырғасында арабша жазу жазылған деген де ақпар бар. Бірақ сол кездегі зерттеушілердің еңбектерінде бұл жазулар жайында ештеңе айтылмайды. Осы орайда, айта кеткен абзал, бұған дейін төбе болып жататын кесененің орнын осыдан бірнеше жыл бұрын археолог ашып, зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде ғимараттың екі бөлмеден тұратыны нақты белгілі болды. Оның алғашқысы зияратхана болса, екіншісі сағанаға арналған бөлме деп топшыланды. Бір қызығы, сағанадан бірнеше адамның сүйегі табылған. Бұл Көккесенеде жалғыз адамның мүрдесі жерленбегенін айқын көрсетіп берді», – дейді жергілікті тарихшы Әлімжан Ержанов.
Ел аузында бұл кесене Әбілхайыр ханға арнап тұрғызылған деген де дерек бар. Осы жайында тарихшы, профессор Бүркітбай Аяғанның еңбектерінен көруге болады Сол кітапта арнайы деректер де келтірілген дегенді алға тартады тарихшы.
Ел ішінде бұл кесенеге Алпамыс батырдың жары Гүлбаршын жерленді деген ақпаратқа да түрлі дәлел келтіріледі. Кейбір зерттеушілердің мәліметіне сәйкес, сол аумақта ертеде Баршынкент деген қалашық болғаны айтылады. Соған орай Көккесене Гүлбаршын сұлудың басына салынған кесене деген пікір туындайды. Алайда әлі күнге дейін бұл екі нұсқа да нақты дәлелін тапқан жоқ. Кім жерленгенін дөп басып айту қиын. Сондықтан тарихшы күмбезді кесене әлі зерттеу жұмыстарына сұранып тұр деген пікірімен бөлісті.
«Ортағасырлық сәулет өнерінің әсем үлгісін көрсеткен күмбезді кесене 30-шы жылдары бұзылып, жермен жексен болды. Өкініштісі сол, кесененің қирауына жергілікті жұртшылық ықпал жасады. Сол заманның қиын кезеңі де өз салқынын тигізген болар. Әйтеуір адамдар қараусыз қалған кесененің кірпіштерін қолдан бұзып, ақыры тарихи нысан қирандыға айналды. Уақыт өте құм арасына сіңіп, төбешік болып қалды. Жалпы, оның Көккесене атауы сырт келбетіне байланысты қойылған болуы керек. Көк түске боялған қыш кірпіштен қаланған кесене алыстан менмұндалап көзге түсетін болған. Сол сияқты ел ішінде кесененің қараңғыда жарық шашатын ерекшелігі болғаны да айтылып жүр. Мұны қыштың көк бояуы ай нұрымен шағылысқанда айналасына сәуле шашып тұрғандығымен байланыстыруға болады. Ал өздігінен сәуле шашып тұр деген тәмсіл шындыққа жанаса бермейді», – деп ойын білдірді тарихшы.
Соңғы кездері бірқатар зерттеу жұмыстары жүрілгенімен кесененің ақиқаты түбегейлі ашылған емес. Құм қойнауына жасырынған киелі орын жайында жергілікті тарихшы осылай деп ойын түйіндеді.
Қалай десек те, бір кездері адам қолымен бұзылып кеткен Көккесене әлі де талай құпияны құм арасына жасырып жатқаны ақиқат.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы