Сол кезде хоспис басшылары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының МӘМС-тен бөлетін ақшаны екі есеге азайтып, жабылу алдында қалғанын айтты. Кейіннен арадағы келіспеушілік ұлғайып, негізсіз айыптауға байланысты хоспис қорды сотқа берген. 3-4 айға созылған соттың нәтижесінде қордың қателігі дәлелденді. Жағдайдың мән-жайын орталық басшысының орынбасары Анатолий Парлабекұлы айтып берді.
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен біраз соттастыңыздар. Даудың басы неден басталды?
– Еліміздегі денсаулық саласы былыққа, сыбайлас жемқорлыққа толы стериотип қалып қалған. Осыны өзгертуіміз керек. Бірақ қандай да бір өзгерістер болар деп, жақсылыққа үміттеніп, әрекетсіз отырғанға денсаулық саласы, әсіресе министрлік түзеле қоймайды. Әсіресе, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кем-кетік тұсының өзі жетіп артылады. Олардың бізге таққан айыбы – орталықтың лицензиясыз жұмыс істеуі. Дегенмен хоспис ашылмас бұрын лицензиясы болған. Екіншіден, онкологиямен ауыратындармен айналыспайсыз дейді. Дегенмен біздегі пациенттің тең жартысы осы диагнозбен түседі. Тіпті, онкологияның екінші деңгейі айықпайтын дертке жатады. Бірақ олардың бәрі бірдей төсекке таңылмайды ғой. Ал қор болса, тек бас көтере алмай, орнынан тұра алмай, хал үстінде жатқандар болуы керек деп санайды. Сондықтан көмек те соларға берілуі керек деп ойлайды.
Тағы бірде олар келушілердің күтім алатын уақытын белгілеп, мерзімінде шығару керегін айтты. Өлім аузында жатқан адамды жан тапсырмаса қалай шығарып тастаймыз?! Әне-міне өмірден өтеді десе де кейбірі бір ай емес, жыл жатуы мүмкін ғой. Біздің қолымыздағы дүние емес. Біз тек оларға күтім көрсетеміз. Оның үстіне, тірі адамды қалай далаға тастаймыз?! Егер осындай әрекетке барсақ, адамдықтан безгеніміз ғой. Қор қызметкерлеріне осыны түсіндіре алмадық. Олар бізге келушілерді адам емес, зат ретінде көреді. Ресми түрде жабылсақ та, пациенттерді өзге жерге орналастырғанға дейін өзімізде біраз уақыт ұстадық. Сол үшін де айыпталдық. Алайда орталықтың жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Біздегі уақытылы күтімнің арқасында 6 ай бойы комада жатқан адам, есін жиып, тілге келіп, аяғына тұрған болатын.
– Хосписті қай кезде жаптыңыздар? Пациенттерді қайда жібердіңіздер?
– Амалдың жоғынан былтырғы жылдың күз айында орталықты жаптық. Онда да пациенттер тамыз, қыркүйек, қазан айына дейін бізде болды. Ал қазан айының басынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры біржақты келісімшарт бойынша бізбен жұмысын тоқтатты. Онсыз да ғимараттың төлемін күткен қожайын бұдан әрі күте алмайтынын айтып, ақы түспесе айдың соңында босатуды талап етті. Дәл сол кезде бізде 100-ге жуық адам болған. Соның 80 пайызының ағайын-туысына хабарласып, пациенттерді үйіне алуын өтіндік. 2022 жылдың қарашасында 40-стансада 150 адамдық орталық ашылған. Кейбірін соған жібердік. Енді бірі – ағайын-туғаны жоқ жандарды Сейфуллин көшесінің бойындағы әлеуметтік бейімделу орталығына орналастырдық. Шынын айтсақ, пациенттер кеткісі келмей, жылағаны бар. Оның үстіне 30 шақты адам жұмыссыз қалды. Олардың екі-үш айлық жалақысын төлемедік. Уақытылы жалақы болмаған соң, зейнетақы жарнасы да дұрыс түспеді. Соның салдарынан кейбір қызметкерлер үйдің кезегіне де тұра алмады. Әйтпесе, қандай да бір түскен қосымша табыс көзінің бәрін осыған салдық. Тіпті, зейнетақымды салған күндер болды.
– Барлығы МӘМС-тен бөлінген қаржының дұрыс аударылмауынан болып отыр ма? Қандай талап орындалмағаннан кейін тоқтатты?
– Қор тексеруді жаз айында бастады. Әуелден ақша дұрыс аударылмады. Мәселен, бірінші төлем 30 пайыздан аспауы керек делінген. Бірақ олар осыған сүйеніп, 30 пайызға жеткізбей 18, 25 пайызға ғана төлем жасап отырды. Екіншіден, талаптың пунктінде бізге түскен пациент 90 күн жатқаннан кейін ғана МӘМС-тен ақы аударылады деп жазылған. Кейбірі ол күнге жетпей қайтыс болса оған төлем жасалмайды. Осы нәрсе әділетті ме? Не болмаса бізде пациенттерді тек Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен дәрілік формулярмен емдеу керек деген талап бар. Кейбірі шет елден немесе жекеменшік емханадан емделіп келіп, сол дәрілік формулярмен емін жалғастыруды қалайды. Бұған біз тыйым сала алмаймыз ғой. Сол үшін бізге айыппұл салынған. Бұл бір ғана жағдай емес. Әр ай сайын ілік тауып, айыппұл салу әдетке айналды. Осы уақытқа дейін біз сол айыппұлдарды жабумен келдік. Біле білсеңіз, біздің бір күндік тариф 12 мың теңгеге шықты. Бір күнге өте аз ақы. Себебі оның ішіне 3-4 уақыт тамағы, күтімі, санитарлардың жұмысы, қызметкерлердің жалақысы, ғимараттың жалдау құны – бәрі соған кіреді.
Тіпті, бізге жеткізуші ретінде келісімшартқа 45 пункт енгізілген, алайда тек 8-і орындауға міндеттелген. Жекеменшік мекеме деген атымыз болмаса, олардың қарамағындағы жалдамалы қызметкерміз. Өздеріне тәуелді етіп, байлап тастаған. Міне, осыған байланысты бекіткен заңдық нормативтерде, денсаулыққа қатысты қабылданған заң актілерінде шикілік өте көп. Осыны қабылдаған депутаттар егжей-тегжейлі тексеріп, қайта қарап, қадағалауы тиіс. Мәселен, төлем жасау не болмаса мониторинг ережесін қараңыздар. Шынын айтқанда, көп медициналық мекемелер айыппұл алып қалудан қорқады. Олардың қателігін көрсетіп, соттасудан жақсылық таппаймыз. Одан гөрі айыппұлын төлеп, тыныш отыра берейік дегенді дұрыс көреді. Бүгінгі медициналық орталықтардың халі осындай күйде.
– Сотта жеңдіңіздер, қайтарылатын ақшаға қарызды жаба аласыздар ма? Ары қарай не істейсіздер?
– Ең алдымен, Мамандандырылған экономикалық соттың судьясы Айжан Шәймұратқызына алғысым шексіз. Елімізде әділеттіліктің барын, мемлекет үшін адам құқығын тапталмауын, абыройының қорғалуы басты назарда екеніне көзімізді жеткізді. Өйткені біздің орталыққа адамдар жайдан-жай түспейді. Паллиативті көмек көрсететіндіктен, өмірінің соңғы күнін не болмаса өлім аузында жатқан жандар ғана түсетіні белгілі. Мәселенің анық-қанығын тексеріп, тағылған айыптаулардың негізсіз екенін дәлелдеп, бізді ақтап шықты. Сол кісінің кәсібилігінің арқасында паллиативті көмектің не екенін, ондай көмекті кімнің ала алатынын, қандай жағдайда күтім көрсететінін бүге-шүгесіне дейін талдап берді. Осының негізінде заңдық тұрғыда бізді қорғай алған заңгерлерімізге мың алғыс!
Енді бізге берілетін ақшамен қарызды төлеуіміз керек. Қайтадан инвестор тауып, бұл ісімізді жалғастырмақпыз. Ниетіміз түзу, мүмкіндік туса болды. Тіпті, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында паллиативті көмек жайында сөз қозғап, үкімет тарапынан қолдау керегі сөз етті. Нәтижесінде, 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі тұратын кешенді жоспар құрылды. Бес бағыттың ішінде «Паллиативтік көмек және оңалту» құжаты да қарастырылды. Жалпы, елімізде мұндай орталықтың көптігі артықтық етпейді. Тек соның жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек.