Биылғы жыл БҚО үшін ауыр сынақпен басталды. Қаңтардың 4-і күні түнде қала ішіндегі «Ризық» кафесінде жарылыс болып, біраз адам үйінді астында қалып қойды.
Өрттен сақтан!
634
оқылды

Содан бері екі айға жуық уақыт өтті. Осыған орай БҚО әкімі Нариман Төреғалиев баспасөз конференциясын өткізді. Журналистер осы «Ризық» кафесіндегі жарылысқа қатысты да сұрақ қойды. Көпшілікті осы оқиғадан кейін қаладағы адам көп жиналатын қоғамдық орындардың қауіпсіздігі толғандырып жүргені жасырын емес. Ал әкім  кафедегі жарылысқа қатысты қылмыстық істің әлі тергеліп жатқанын айтты. 

Қаңтардың 4-і күні түнде «Ризық» кафесінде болған жарылыс қаланы дүр сілкіндірді. Жұмыс істеп, нәпақа табамыз деп түнгі ауысымда жұмыс іс­теп жүрген өрімдей жастар бір түнде үйінді астында қалып қойды. Жарылыстан зардап шеккен адамдардың екеуі Өзбекстан азаматы болса, қал­ғандары – Орал қаласының тұрғындары. Төтен­шеліктер үйінді астынан алты адамды алып шықты. Оның ішінде өрімдей жас қыздар да бар. Алдын ала болжам бойынша, газ баллоны жарылып, қос қабатты ғимараттың төбесі опырылып түскен. Кейін өрт шықты. Қайғылы оқиға салдарынан үш кісі қаза тауып, алты адам жараланды. Қасындағы тұрғын үйге де залал келді. Ал екі қыздың денесін қатты күйік шалған. Олар қазір Ресейдің Самара қаласында ем алып жатыр. Осы оқиғадан кейін ел ішінде облыстағы көпшілік тамақтанатын орындардың қауіпсіздігі қандай деген сұрақ жиі мазалап жүр. Біз де бұл сұрақты бірнеше мекемеге қойдық. Әзірге жауап бергені  БҚО Төтенше жағдайлар депар­таменті ғана. 

Осы оқыс оқиға бойынша тергеу әлі жалғасуда. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бас­пасөз қызметінің мәліметінше, әлі күнге сарап­тамалар қорытындысы шыққан жоқ.

«Тек белгілісі – газ баллоны жарылған»  деді төтеншеліктер. Қаланың қақ орта­сын­дағы кафеде газ баллоны не үшін қолданғаны әлі күнге белгісіз. Кафе табиғи газ көзіне қосылған. Осы оқиға құзыр­лы құрылымдарға газ баллонды пайдаланатын ны­сан­­дар мен үйлерді жіті бақылау қажеттігін ескерт­кендей.

БҚО Төтенше жағдайлар департа­ментінің есе­бінде 7 010 нысан бақылауда тұр екен. Бұл нысан­дардағы өрт қауіп­сіздігін төтеншеліктер ауық-ауық тексеріп тұрады. 

– Бұлардың қатарына өрт қауіпсіздігі жоғары саналатын 1 632 нысан, орташа қауіпті 322 нысан, өрт қаупі төмен 5 056 нысан бар, – деді БҚО Тө­тен­ше жағдайлар департаменті өртке қарсы мемлекеттік бақылау басқармасы бастығының орынбасары Талғат Темірғалиев.

Қоғамдық орындардың өртке қарасты қауіп­сіздігін БҚО Төтенше жағдайлар департаменті тексеріп отыр. Алайда қауіп жоқ емес. Әсіресе, газ баллонын қол­данатындар үшін қауіп жоғары. 

Біз осы ретте Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің коммуналдық шаруашылық және газ-техникалық инспекция сек­торының бас маманы Мерует Жұма­қанованы сөзге тарттық.

– Биыл бизнес нысандарын тексеруге мораторий аяқталды. Сондықтан екінші жартыжылдықта кәсіпкерлік нысандарды тексеру ойымызда бар. Қазір тексеру кес­тесі бекітілгенше тек бақылау, түсіндірме жұмысын жүргізудеміз. Аптасына бір-екі рет рейдке шығамыз. Кәсіпкерлік нысан­дарға қатысты шағым түссе, ешкімнің рұқ­сатынсыз тексереміз. Ол үшін тұрғын­дардың өміріне қауіп төніп тұрғанын дәлелдейтін нақты фото, бейне айғақ қажет. Былтыр осындай шағыммен жеке кә­сіпкердің қазандығын тексеріп, бұзу­шылықты жою жөнінде нұсқама берілді. Бізде газ баллон қолданатын тұрғын үйлер мен мекемелердің нақты саны жоқ. Десе де, орталық базардың ай­наласындағы бірен-саран кафе, қоғамдық тамақтану орындары­ның тұрмыстық газ баллонын қолданатыны белгілі. Жеке адамдар газ баллон пайдаланғанда қауіп­сіздік ереже­лерін сақтамаған болса,  Әкім­шілік құ­қық­­бұзушылық туралы кодекстің 306-бабының 1-тар­мағына («Газ пайда­лану, газбен жабдықтау жүйе­лері­нің объектілерін пайдалану қауіп­сіздігі жөнін­дегі талап­тарды бұзу») сәйкес 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сәйкесінше, шағын кәсіпкерлік субъек­тілері үшін – 10 АЕК, орта бизнес үшін – 15 АЕК, ірі бизнес үшін – 20 АЕК қарас­тырылған деп атап өтті  Мерует Жұма­қанова.

Газ баллондарының жарылуына оларды пай­далану және сақтау ережелерін бұзу, құрылғылардың дұрыс жұмыс істемеуі себеп болып отыр. Маман­дардың айтуынша, газ жабдықтарын уақытылы тексеру және жөндеу қажет. Газ баллон­дарын тек мамандандырылған ұйымдарда толтырған жөн. Бірақ бұл талаптарды да сақтамай отырғандар бар. Ма­мандар ал­дағы уақытта газ баллондарын қол­дануға қатысты бірнеше тексеріс жүргізетінін атап өтті. Биылғы бизнес нысандарын тексеруге мора­торий аяқталғаны жақсы болғанын айтады ма­мандар. Енді кез кел­ген кәсіпкерлік нысандарының қауіпсіз­дігін тексеруге мүмкіндік болады деген үміт бар. 

Ал бірнеше адамның өмірін жалмаған «Ризық» кафесіндегі оқиғаға қатысты БҚО Төтенше жағдайлар департаменті қазір Қылмыстық кодекстің 292-бабы, өрт қауіпсіздігі қағидаттарының өрескел бұзылу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Осы оқиғаға қатысты кафені жалға алушы азамат екі ай мерзімге қамауға алынған болатын. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы