«Сот кабинеті» сервисіне қол жеткізу үшін office.sud.kz. сілтемесі арқылы сот кабинетімен жұмыс жөніндегі анықтаманы бассаңыз, осы электронды сервисті қалай пайдалануға болатыны ретімен көрсетілген. Қазақстан Республикасы сот органдарына арыз, өтініш, шағымдар мен өтінішхаттар, сондай-ақ хаттар жіберу үшін бұл сервистің ықпалы зор.
Алдымен сервисті пайдалану үшін сотқа жүгінуші тұлға, заңды тұлға өкілі алдыңғы кезекте ХҚКО-дан (халыққа қызмет көрсету орталығы) өзіне электронды цифрлық қолтаңба алуы қажет. Осы рәсімнен өткеннен кейін арыз беруші электронды қызмет көрсетудің ішінен өзіне керек бөлігін оңай таңдай алады.
«Сот кабинеті» сервисі қағазсыз электронды құжат айналымы саналады. Осы арқылы сот құжаттарын және істерді іздеуге, мемлекеттік бажды онлайн төлеуге, істі қарау барысын қадағалауға болады.
«Сот кабинеті» сервисінің қағаз түрінен ерекшелігі талап қою үшін арыз беруші «Сот кабинеті» порталына арнайы деректерді қамтитын электронды талап нысанын толтыруы қажет. Атап айтқанда, талап берушінің ЖСН, тегі, аты, әкесінің аты, мекенжайы, электронды поштасы (бар болған жағдайда), сот орналасқан облысы және өзіне қажетті аудандық, қалалық сот атауын, «төлемейді» деген алаң (мемлекеттік баж төлеуден босатылған кезде толтырылады) көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар Салық кодексінің 541-бабына сәйкес мемлекеттік баждан босатылған істердің/талапкерлердің санаты (мемлекеттік баж төлеуден босатылған кезде толтырылады); мемлекеттік баж сомасы; талаптың толық мәтіні; талапқа қоса берілетін құжаттардың тізбесі қажет.
Талап беруші электронды құжат нысанында талапты және құжаттардың басқа да көшірмелерін қоса тіркейді. Егер жеке немесе заңды тұлға болса талапкер туралы деректер нысаны және жеке немесе заңды тұлға балып табылатын жауапкер туралы деректер нысаны толтырылады.
Арыздың атрибуттарын енгізгеннен кейін қажет болған жағдайда талап беруші мемлекеттік баж салығын төлей алады. Төленгеннен кейін электронды талап қоюға арыз берушінің электронды сандық қолтаңбасымен қол қойылады және бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі орталығына жіберіледі.
«Сот кабинеті» электронды жүйесі арқылы жолданған талаптар бойынша істе тарап болып табылған тұлға сотқа келмей-ақ осы жүйеге кіру арқылы іс құжаттарымен, материалдарымен, соттың шығарған құжаттарымен, сот хаттамасын беру туралы арыз, хаттамаға ескерту-арызды беруге және сот актілерімен танысып, көшірмелерін алу құқығына ие болады.
Электронды цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, электронды қадағалау іс жүргізуіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдаланушыға ыңғайлы кез келген орындағы интернет желісі арқылы мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуге берілген мүмкіндік. Сот кабинеті азаматтарға сот органдарының электронды сервистеріне бір терезеден қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Қазір «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі онлайн сервистерге және сот органдарының қызметіне қол жеткізудің бірыңғай терезесі ретінде сот жүйесінің органдары мен халықтың өзара әрекеттестігі бойынша оң нәтижесін беруде.
Сотқа арыздарды беру механизмін жеңілдетуге, азаматтардың уақытын үнемдеуге, сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігіне, сонымен бірге сот іс жүргізуін электронды цифрлық қолтаңба арқылы электронды әрекеттесу бойынша жеңілдетуге бағытталған.
«Сот ісін жүргізу» қызмет көрсетуі азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізу құқығы салалары бойынша бөліктерді қамтыған. Бұл тұрғыда ол тәжірибесі жоқ пайдаланушыға заңдық кеңес алмай-ақ сервисті пайдалану мүкіндігін ұсынады. Құқықтың әрбір саласында тиісті электронды қызмет көрсетулер бар.
Сонымен қатар «Менің істерім» деген бөлімде пайдаланушы жіберген электронды арыздар туралы ақпаратты қарау және істі қарау барысының мүмкіндігі жеңілдетілген. Ал «Менің хаттарым» бөлігінде сотқа жолданған талап бойынша арадағы хат алмасуларды көру мүмкіндігі қарастырылған.
Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін бірінші кезекте апелляциялық және кассациялық сатылардағы ақпаратты қарау және істі қарау барысы бір жерде іске асырылған. Пайдаланушы тиісті сілтемені баса отырып, барлық сатыдағы өз ісінің қозғалысының тұтас процесін қарай алады.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның сот жүйесіне заманауи электронды технологияларды енгізу халықтың сот төрелігіне қолжетімділік деңгейін елеулі түрде көтеруге мүмкіндік берді.
«Сот кабинеті» сервисі біртіндеп қағаз құжат айналымынан бас тартуға, ол өз кезегінде соттарда электронды сот ісін жүргізудің жаңа сатысына көшуге мүмкіндік береді. Мысалы, жаңартылған «Сот кабинеті» сервисінде QR-кодтарының жаңа технологиясы енгізілді. Халыққа ыңғайлы болу үшін және бірыңғай стандартқа көшу мақсатында «Сот кабинеті» сервисінде авторизациядан өту және ұсынылатын құжаттарға қол қою тетігі өзгертілді.
Енді авторизациядан өту және құжаттарға қол қою Egov mobile мобильді қосымшасының Face ID және Touch ID (QR-кодты сканерлеу) арқылы мүмкін болады. Енгізілген жаңашылдық сервиспен жұмысты айтарлықтай дәрежеде жеңілдетеді.
Осы орайда жобаның артықшылықтарына тоқталсақ, eGov mobile арқылы ЭЦҚ алу, компьютерде ЭЦҚ қажеттілігінің болмауы (тұрақсыз NCALayer арқылы қол қою мәселесі шешілуде), мобильді гаджеттердің қосымша параметрлерінің қажеті жоқтығы, мобильді гаджет арқылы авторизациядан өту және құжаттарға қол қоюға мүмкіндік арта түсті.
«Сот кабинеті» сервисін пайдаланушылар саны жылдан-жылға өсуде. Сондықтан сотқа талап қоюларды осындай басымдықтарға ие «Сот кабинеті» электронды жүйесімен жолдауға шақырамын.
Аян АЛТЫНБАЕВ,
Қызылорда облысы Жалағаш аудандық
сотының әкімші басшысы