Сағызша созылған құрылысқа жауапты сала мамандары мердігерлерді кінәласа, сенімге селкеу түсірді делінген серіктестіктер барлығын құрылыс материалдарының қымбаттауымен байланыстыруда. Осылайша, тараптар сен салар да, мен салардың керін келтіріп жатқанда одан қарапайым халық жапа шегуде.
Ақшаны ерте аудару әдетке айналды
Құрылысы аяқталмаған нысанға әкімдіктегілердің ақшаны ерте аударып жіберуі әдетке айналғалы қашан?! Содан қаржыны қалтаға басқан мердігер жоспарлы жұмысты дер кезінде аяқтамады деп соңынан қуып алашапқын болып жүреміз. Мәселен, Мойынқұм ауданы Айдарлы ауылында салынып жатқан спорт кешенінің қаңқасы енді қаланып жатса, аудандық құрылыс бөлімі жоба бойынша белгіленген 340,4 миллион теңгенің 325,3 миллион теңгесін серіктестіктің есепшотына аударып жіберген. Енді қалған 15 миллион теңгеге кешен құрылысы сапалы аяқталады дегенге сену қиын.
Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, аталған спорт кешенінің құрылысы 2022 жылы басталып, 2023 жылдың аяғында аяқталуы тиіс болатын. Алайда «Нұрбек» ЖШС жұмысты енді бастай бергенде «Тунас» ЖШС конкурстың қорытындысына наразылық танытып, сотқа берген. Сот 2022 жылдың тамыз айынан желтоқсан айына дейін созылып, бұл аралықта құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Содан желтоқсан айында сот ісі аяқталып, жеңімпаз серіктестік құрылысты опыр-топыр бастаймын дегенде қыс түсіп кетеді. Сөйтіп, құрылыс жұмыстары тағы 2023 жылдың наурыз айына дейін тоқтайды. Соның салдарынан аталған нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталмаған. Соған қарамастан, аудандық құрылыс бөлімі серіктестіктің ақшасын аяқталмаған жұмыс үшін аударып жібергені таңғалдыруда. Бұған қатысты аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Тұрсынхан Жаманқұлов өз уәжін айтады.
– Құрылыс басталғалы бері үшінші жылға кетіп барады. Жобаның іске асуы 11 ай деп көрсетілгенімен серіктестіктер соттасып, одан қалса қыс айы келіп қолды байлады. Содан жобалаушылар мен техникалық қадағалаушылардың қатысуымен хаттама жасалып, келісімшартқа өзгеріс енгізіліп, аяқтау мерзімі 2024 жылдың 31 шілдесі деп өзгертілді. Ал мердігерге қаржыны ерте аударып жіберуіміз серіктестік қымбат құрылыс материалдарына ұрынып қалмауы үшін барлық қажеттіні былтыр сатып алып қойды. Қазір материалдар қамбада сақталып тұр. Бұдан басқа мердігер қосымша қаржы сұрап отырған жоқ. Жобада бастапқыда көрсетілген қаржыға нысанның құрылысын аяқтап береді, – дейді бөлім басшысы.
Әрине, құрылысқа ерте бастан қамданған дұрыс-ақ. Алайда бұл қаншалықты заңды? Бекітілген заңдық талап бойынша тапсырыс беруші аяқталған құрылыс жұмыстарының қаржысын акт бойынша аударуы керек емес пе? Ертең бұл аударымды құзырлы органдар тексеріп, оны заңсыз деп тапса, құрылыс жұмыстары тағы тоқтап қалмасына кім кепіл?
Балалар спорт залда оқып жатыр
Мойынқұм ауданында жыры бітпеген тағы бір нысан – Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектеп. Аталған нысанның құрылысы 2023 жылдың мамыр айында басталып, жыл соңына дейін бітуге тиіс еді. Алайда тендер жеңімпазы Dauren Build ЖШС-нің жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары әлі күнге созылуда. Мердігердің айтатын уәжі құрылыс материалдары Алматы қаласынан кешеуілдеп жатқан көрінеді. Бірақ бұл сылтаудан билік өкілдері де, бұқара да әбден мезі болған.
– Серіктестік алдымен жылуды қоспай қалай құрылыс жұмыстарын жүргізеді? Бүгінгідей аязды күнде жасалған жұмыстың сапасы бола ма? Ертең-ақ бүлініп, құрылыс материалдары қайта ортасына түсіп жатса кімнен жауап аламыз? Мердігер ең алдымен жылуды жүргізіп, сосын барып ішкі жұмыстарды істеу керек. Бұлар әйтеуір бәрін сылап-сипап, ерте бітіруге асығуда, – дейді Көктерек ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Көшербай Дәметов.
Күрделі жөндеу жұмыстары дер кезінде бітпегендіктен, қазір оқушылар жақын маңдағы спорт кешенінің залында оқуға мәжбүр. Ал бұл ешқандай білім беру стандартына сай келмейтіні айтпаса да түсінікті. Оған қоса, ортасын фанермен бөліп қойған спорт залда ұстаздар мен оқушылардың даусы жаңғырып, білім ошағын емес, бейне бір базарды елестетіп тұр. Бұл нысан бойынша да тапсырыс беруші Мойынқұм аудандық білім бөлімі қаржыны ерте аударып жіберген. Қазір тек 25 миллион теңгесі қалып отыр. Білім бөлімінің басшысы мердігерді сотқа бергендерін айтуда. Сондықтан бұл нысанның да құрылысы бүгін-ертең бітеді дей алмаймыз.
Жобаның кешіккеніне кім кінәлі?
Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылындағы спорт кешенінің де құрылысы былтыр бітуі тиіс болатын. Алайда әлі күнге бауын тапса, байлауын таппауда.
Негізі, кешеннің құрылысы 2021 жылдың 4 қазанында басталған. Жоба құны 306 млн 372 мың теңге болса, жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2022 жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ бүгінге құрылыс-монтаждау жұмыстары тек 67 пайызға орындалып отыр. Құрылыс жұмыстарын жауапкершілігіне алған «Әділ-құрылыс» ЖШС қаралған қаржының 234,6 миллион теңгесін игерген. Енді қалған 71,8 миллион теңгеге серіктестік құрылыс жұмыстарын аяқтай алмайтындығын айтып, тағы қосымша қаржы сұрауда. Оның себебін серіктестік құрылыс материалдарының қымбаттап кетуімен түсіндіруде. Алайда тапсырыс беруші мердігердің талабымен келіспей, оны «жосықсыз» деп тану үшін сотқа арыз түсірген. Бұл жерде де тараптардың кикілжіңінен халық жапа шегіп отыр.
Су да, жарық та жоқ
Былтыр білім саласы бойынша да 4 жоба аяқталмай қалған. Соның бірі – Тараз қаласы «Арай» тұрғын алқабындағы 600 орындық және «Казарма» тұрғын алқабындағы 180 орындық мектеп құрылысы.
«Арай» тұрғын алқабындағы мектеп құрылысы 2021 жылдан бері жұрттың жанына батып келеді. Жауапсыз серіктестіктердің кесірінен құрылыс жұмыстары сан мәрте тоқтап, әлі күнге пайдалануға берілмей отыр. Дәл сондай «Казарма» тұрғын алқабында салынып жатқан 180 орындық мектептің құрылысы 2022 жылдың сәуір айында басталып, өткен жылдың соңында пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ бұл мектепті де Тараз қалалық білім бөлімі әлі күнге қабылдап алған жоқ. Қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, бір ғана «Арай» тұрғын алқабындағы мектепке әлі алынбаған немесе жасалмаған 300 миллион теңгенің дүниесі бар екен. Ал «Казарма» алқабындағы мектепте су да, жарық та жоқ. Электр қуаты уақытша подстансадан жалғанып берілген. Алайда мектептің жарығын толықтай осы подстансадан алатын болса, бүкіл ауыл жарықсыз қалады. Сондай-ақ серіктестік «жобада жоқ» деген желеумен кәріз жүйесі сынды дүниелерді де әлі күнге орнатпағаны анықталып отыр.
Негізі, «Арай» тұрғын алқабындағы мектептің жобалық құны 1,2 миллиард теңге деп көрсетілген. Енді оған әлі 300 миллион теңгенің дүниесі қажет болса, бір мектептің қанша қаржыға тұрып жатқанын есептей беріңіз. Оның өзінде құрылыстың сапасы сын көтермеуде.
Қаржы неге кеш қаралады?
Тараз қаласында мектептен бөлек, 1 346 пәтерлі 24 көпқабатты тұрғын үйдің де құрылысы аяқталмай қалған. 2023 жылы облыс орталығында 62 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Бұған 11,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қала әкімдігі өткен жылдың аяғына дейін 36 көпқабатты үйді пайдалануға беруді жоспарлағанымен, оның 12-і ғана беріліп, қалған 24-і биылғы жылға қалып кеткен. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков бұның себебін қаржының кеш қаралуымен байланыстырып отыр.
– Құрылысы кешеуілдеген жобалардың барлығы маусым айынан бастап қаржылана бастады. Тұрғын үй құрылысының нормативтік мерзімі 9 ай екенін ескеретін болсақ, бұл кемшілік қаржыландырудың кешіктірілуімен тікелей байланысты. Биыл қалған үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Бірақ бүгінде қажетті 11,2 миллиард теңгенің 5,5 миллиарды ғана бөлініп, қаржыландыру мәселесі әлі де шешімін тапқан жоқ. Біз салалық министрліктің Құрылыс комитетіне және Қаржы министрлігіне барлық бюджеттік өтімдерді бердік. Алайда қаржыландыру ісі жылдың екінші жартысында ғана қаралады деген ақпарат келіп жатыр. Яғни, былтырғы жағдай биыл да қайталанбақ. Бұрын жобаның бюджеттік өтінімі бірден мақұлданып, қаржы жағы бірден шешілетін. Қазір министрліктің позициясы өзгерген. Қаржыны жыл бойы бөледі, бірақ негізгі қаражат жылдың екінші жартысында ғана беріледі. Бұл жағдай құрылыстың сапасына тікелей әсер етуде. Сондықтан бұл мәселенің оңтайлы шешілуі үшін облыс әкімінен қолдау білдіруін сұрап жатырмыз, – дейді шаһар басшысы.
P.S.
Міне, байқап тұрсаңыздар, құрылыс саласында осындай шешімін таппаған мәселелер шаш етектен. Бір тұста мердігер компаниялар жауапсыздық танытып, сенімге селкеу түсірсе, екінші жағынан, министрлік қаржыны кеш қарап, жығылғанға жұдырық болуда. Енді мұндайда қайтпек керек? Бәлкім, бұл мәселені хат жолдап немесе әкімдік дәлізінде ғана айтып қоймай, үлкен мінберге Парламент депутаттары арқылы шығару керек шығар. Сол кезде халықтың үні мен мұңы министрлікке жетіп қалар... Әрі бұл мемлекеттік сатып алу конкурсын да майшаммен қарауға мүмкіндік туғызар...
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы