Полиция қызметкері сотта өзінің кінәсін толық мойындады.
Шетелдік азаматтан пара алған полицейге айыппұл салынды
Фото: polisia.kz
1,950
оқылды

Павлодар облысында көші-қон қызметінің инспекторы шетелдік азаматтың елде болу заңнамасын бұзғанын біле тұра, көз жұма қарап келген. Ол "қамқорлық" әрекеті үшін 50 мың теңге көлемінде пара алған, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Өзбекстан азаматы 2023 жылдың ақпан айына дейін заңды түрде Павлодар облысы Ақсу қаласында тұрып, жергілікті сауда үйінде жұмыс істеген. Алайда кейін құжаттарының мерзімін ұзартпаған.

Осы тұста жергілікті көші-қон қызметінің инспекторы, полиция майоры оның бұл заңсыздығын жасырып қалу үшін 50 мың теңге пара талап еткен.

«Көші-қон қызметкері шетелдік азаматтың заң бұзуына орай Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 517-бабы 4-тармағы бойынша әкімшілік шара қолдануы тиіс еді. Алайда ол оның әрекетін қолдап, заңсыздыққа барған. 2023 жылдың маусым айында инспектор Өзбекстан азаматынан 50 мың теңге пара алған және оның ел аумағында бірнеше ай заңсыз жүруіне жағдай тудырған», – деп хабарлады Ақсу қалалық сотынан.

Полиция майорының "қамқорлық" әрекеті өткен жылдың қазан айында әшкере болған. 

44 жасар полиция қызметкері өзінің кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сот шешімімен оған 2,5 млн теңге айыппұл салынды.