«Астана Опера» камералық залында наурыз айының ортасында тыңдарман назарына ұлы композитор Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығына арналған жарқын музыкалық жобалар ұсынылады.
«Астана Опера» баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бетховеннің 250 жылдық мерейтойын атап өту екі аптаға созылады. 10 наурыз күні «Қазақквартет шақырады» топтамасынан «Бетховенге тарту» музыкалық кеші өтеді. Концерттер сериясы аясында Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің әртістері неміс классигінің барлық 16 квартетін орындауға ниет білдіріп отыр.
12 наурызда өтетін «Музыка және оның шығарушылары туралы» топтамасындағы «Алыстағы сүйіктіме» атты концертте әйгілі композитордың вокалдық әрі аспаптық музыкалары орындалмақ. Камералық зал сахнасында «Астана Опера» солисі спорано Мәдина Исламова, театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері тенор Жан Тапин, альт Гүлнара Тілеуғабылова, Данияр Есімханов (фортепиано) өнер көрсетеді. Фортепиано партиясында – Раушан Бескембирова.
«Астана Опера» оркестрінің солисі әрі концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов 26 наурыз күні атақты композитордың мерейтойына арналған концерттер топтамасын ашады. Танымал скрипкашы неміс музыкасы кемеңгерінің скрипка мен фортепианоға арналған барлық 10 сонатасын орындайды. «Махаббат монологтары» деп аталатын музыкалық кеште Бағдат Әбілхановпен бірге қазақстандық пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты Салтанат Әбілханова өнер көрсетеді.
Айдана БЕГІМ