Абай облысында полиция қызметкерлері қатты аязда адасып кеткен шопандарға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
22 ақпанда түнгі сағат 01.24-те 102 нөміріне 2 ер адамның көмек сұрағаны туралы хабарлама түскен. Олар Жарма ауданындағы Шабақ қыстауынан шамамен 4 шақырым жерде болған.
Қоңырау шалушы серігімен бірге кешке қыстақтан Суықбұлақ ауылына қарай жолға шыққанын, алайда жол бойында трактордың жанармайы қатып, қатты аязда адасып кеткенін айтқан. Кей жерде ұялы байланыс болмаған әрі телефонның қуаты да таусылуға шақ қалған.
Олар шұғыл қызметтерге мезгіл-мезгіл қоңырау шалып, қатты жаурап қалғандарын айтып үлгерген.
Жарма ауданының учаскелік полиция инспекторлары далада қалған адамдарды шұғыл іздеуге кіріскен. Бірақ ол оңайға түспеген. Себебі қыстақтан шыққан 2 адам өздерінің нақты қайда екенін айта алмаған.
Учаскелік полиция инспекторлары Дастан Иманов пен Еркебұлан Самалхан трактор дөңгелігінің ізімен адамдарды іздеген. Алайда полицияның көлігі қар құрсауына түсіп, жүре алмаған. Тәртіп сақшылары әр минуттың маңызды екенін түсініп, іздеуді жалғастырған. Бұл кезде ауа температурасы -39 градусқа дейін төмендеген.
Полиция қызметкерлері өмірін қатерге тігіп, 2 шақырым жаяу жүріп, жолда қалған шопандарды тапқан.
– Ең қиыны, қызметтік көлікке қайту болды. Олар қуанышын жасыра алмады, бізге алғыс айтты, – деді Дастан Иманов.