«Қарызсыз қоғам» – цифрлық платформада

Биыл халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 750 мың отандасымыз оқыту курсынан өтеді. Күндізгі фор­маттағы оқыту семинарларынан бө­лек, енді кез келген адам qogamfin.kz онлайн платформасын пайдалана алады. Жаңа портал бүгін «AMANAT» партиясының баспасөз орталығы алаңында таныс­тырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын атап өтіп, «AMANAT» партиясына Үкімет­пен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасы­ның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Биыл жобаны Halyk Bank (*жобаның 2023 жылдан бергі серіктесі), Jusan Bank, Bank RBK, Nurbank, Еуразиялық банк, Altyn bank, Банк ЦентрКредит, Freedom bank және Bereke bank қолдады. 

Qogamfin.kz платформасын әзірлеуші Әлішер Өмірбаевтың айтуынша, былтыр 65 мың адам оқыту курсынан өтсе, биыл жоба сарапшылары 200 мың адамның қаржылық сауатын арттыруды көздейді. Жобаға қатысу­шылар санын тиімді басқарып отыру үшін онлайн платформа әзірленді. 

«Жаңа платформада 24/7 режимінде қол­жетімді қаржылық сауатты арттыру курсынан бастап, түрлі санаттағы қатысушыларға арналған мамандандырылған бағдарламаларға дейінгі білім беру ресурсының ауқымды спектрі бар. Сонымен қатар күндізгі форматта білім алғысы келетін азаматтар сайтқа кіріп, курсқа жазыла алады. Ал семинарға қатыса алмайтын адамдар үшін сайтта бейнесабақтар мен әдістемелік материалдар орналастырылады. Жоба мақсаты – азаматтардың қарыздан құтылуына көмектесу ғана емес, сондай-ақ жаңа қаржылық мәдениетті қалыптастыру», – деді ол. 

Бас-аяғы 1,7-2 млн отандасымыздың мой­нында 90 күннен астам уақыт төленбей кел­ген несие берешегі бар. Бұл шамамен халық­тың 10%-ын және экономикалық белсенді аза­маттардың азды-көпті 20%-ын құрайды. «Қа­рызсыз қоғам» жобасы аясында оқудан өткен отандастарымыздың 75%-ы – әйелдер. Солай бола тұра, жобаға қатысушылардың 58%-ы – төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отыр­ған көпбалалы отбасылар. Оқыту курсынан өт­кендердің 10%-ы – зейнеткерлер. Ал қарыз өтеу мерзімі 90 күннен асатын азаматтардың үлесі – 18%. Әрбір екінші қатысушының отба­сын­дағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жет­пейді. Соны­мен қатар курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар. 

Өз кезегінде, жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева биыл инвестиция құю негіздері бойынша оқыту курсына арнайы блок қосыл­ғанын айтты. 

«Біз әр қатысушыға ұсынылатын жұмыс дәптерін әзірледік. Онда қаржылық сауатты арттырудың барлық курсы қамтылған. Біз есепке баса назар аударамыз. Көп формуламыз бар. Тәжірибе көрсеткендей, азаматтар қаржылық сауатты есеп арқылы түсінеді. Яғни, адам өз қа­рызына қатысты артық төлемді есептеп ал­майынша, несие ауыртпалығын толық тү­сінбейді. Жоба қатысушыларына жыл бойы көмек көрсетеміз.  Қаржы сарапшыларымен қоса, оларға заңгерлер де қол ұшын созады. Бізде жұмыс істеп тұрған кейстер бар. Мәселен, азаматтардың шоты бұғаттан босатылып, қа­рыз өтеудің жаңа кестелері әзірленді.  Яғни, несие бойынша борыштың құрылымы қайта қаралуда», – деді ол.

Мектеп, колледж және білім ордасындағы шәкірттерге арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам шамамен 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қолда бар қаражатқа барынша жауапты қарауды үйретуге мүмкіндік береді. Дәл осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі арнайы оқыту курсын әзірлеп, оны биыл айналымға енгізу жоспарлануда. Ал мектеп қабырғасында «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының мамандары тәуелсіз сарапшылар мен мұғалімдерді тарта отырып, қолданыстағы «Жаһандық құзыреттілік» пәніне аудит жүргізді. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінен «Қарызсыз қоғам» жобасының педагогтері мен сарапшыларынан құралған жұмыс тобы оқушылардың қаржылық сауатын арттыруға арналған жаңа курс бойынша жұмыс істеуде.

«Қарызсыз қоғам» жобасының бас менед­жері Фариза Асылбек оқыту курсы барысында тренерлер отбасылық бюджетті дұрыс құруды, автокөлік сатып алу немесе үйлену тойын өткізу сынды ірі шығындарды алдын ала жоспарлауды үйрететінін атап өтті.

Түркістан облысы Сайрам ауданы Теспе кентінің тұрғыны, жоба қатысушысы, төрт бала­ның анасы Айнұр Есенова «Қарызсыз қоғам» туралы пікір білдірді.

«Былтыр жазда оқыту курсына қатысып, кейін сүт өңдеу бойынша шағын кәсібімді бастадым. Көршілерімнен сүт сатып алып, одан май мен құрт жасадым. Алғашқы тапсырыстар түсе бастады. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдікпен берілетін несие алып, оған 8 сиыр сатып алдым. Біртіндеп кәсібімді дамыта бермекпін», – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы «Ауыл аманаты» жобасының қолданыс аясын кеңейтіп, борышкерлерді оңалтудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауды ұсынған болатын. Осылайша, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқуын аяқтаған адам «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін аша алады. Атап айтқанда, партиялықтар өндірістік жабдықтарды алуға мүмкіндік беретін лизинг бағдарламасын ашуды, сондай-ақ жоба менторларының бақылауымен қайтарымды грант құралын пайдалануды ұсынды. Бұл қадам елдің экономикалық айналымына 1 миллионнан астам адамды тартуға мүмкіндік береді. 

Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жо­ба­сы былтыр 2 мамырда Halyk Bank-тің қол­дауы­мен қанатқақты режимде бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзір­леуге дейінгі түрлі сұрақ бойынша кеңес алады. Сондай-ақ оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

Курсқа жазылу үшін https://qogamfin.kz сайтындағы нысанды толтыру қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.