Қазақстан мен Ресейді жалғап отырған «Атырау – Астрахан» тасжолының құрылысын қайта жаңғырту жұмыстары наурыз айын­да жалғасады.
Логистика тамырына қан жүгіртеді
596
оқылды

Стратегиялық мәнге ие жол құрылысы биыл то­­лығымен аяқталады деген үміт бар.

Наурызда жұмыс жалғасады

Бес жылдан бері жалғасып жат­­қан «Атырау – Астрахан» ав­тожолының күні бүгінге дейін не­гіз­гі бөлігі жартылай пайдалануға берілді. 

Көлік министрлігінің дерек­теріне сәйкес, «Атырау–Астрахан» тасжолының жаңартылатын бөлігінің жалпы ауданы 277 шақы­­рымды құрайды. Шыны керек, тасжолдың толықтай жаңар­­тылып, пайдалануға бері­­луін аты­­раулықтар ғана емес, күллі қа­зақ­­стандықтар күтіп отыр. Себебі ер­те кезден бері сау­­да-сат­­­­тықпен тығыз байланыс­та отырған екі ел арасындағы алым-берім байланысы үшін де логистиканың маңызы ерекше. 

«ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Мұрат Мықтыбаевтың айтуынша, бұған дейін жол құрылысының кедергісіз жүргізілуіне инертті мате­риалдардың қымбаттауы мен қиыршық тасты тасымалдауға арналған жүк вагондарының же­тіс­пеушілігі кедергі келтірген. «Қа­­­зір құрылысқа қажетті 1,5 мил­лион тонна қиыршық тастың 90 мың тоннасы жеткізілді. Нау­­рыз айында барлық учаскелерде құрылыс жұмыстары қайта баста­лады. Қазір біздің алдымызда ас­­­фальт­тың жоғарғы қабатын төсеу, кірме жолдарды таңбалау, абаттандыру міндеттері тұр. Жобада материалдар бағасының өсуін ескере отырып, түзетулер енгізілді. Биыл барлық нысанды тапсыруды жоспарлап отырмыз», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Мұрат Мықтыбаев. 

Қазір жол құрылысын жүргізу­­мен төрт мердігер компания айна­лысып жатыр. Олардың ішінде біреуі ғана отандық компания. Қал­­ғандары – Италия, Түркия, Әзербайжан елдерінің қатысуымен бірлескен кәсіпорындар. 

Отандық компаниялардың әлеуеті жетпейді

Алдын  ала белгілі болғанындай, «Атырау – Астрахан» тасжолы екінші санатты автомобиль трассасы болады. Яғни, бастапқыда жоспарланғандай, жол бірінші санатты болып салынбай­ды. Жо­­ға­­­рыда стратегиялық жол құрылысын салып жатқан мер­дігер компанияның үшеуі шетелдік екенін айттық. Бірақ бұл жағдайды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­­­­тың өзі сынға алды. Ал мамандар отандық компаниялардың мұндай маңызды, ауқымды жол құрылысын жүргізуге әлеуеті, мүмкіндігі, тіпті тәжірибесі жет­пейтінін айтуда. 

«Мұндай жол құрылысын жүр­гізу кезінде мердігерлердің мате­­­риалдық-техникалық жаб­­дық­­­талуы мен қаржылық тұрақ­тылығына қойылатын белгілі бір талаптар бар. Оларды қаржы инсти­туттары бағалайды. Өкінішке қарай, отандық компаниялардың көпшілігі мұндай критерийлерге сәйкес келе бер­­­мейді», – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сырым Хамзин.

Атырау облыстық мәсихатының депутаты Нұрлан Қайырденов «егер «Атырау – Астрахан» тасжолы бастапқыда жоспарланғандай бірінші санатты болып салынса, қауіпсіздік деңгейі жоғары болатынын» атап өтті. «Мұндай төрт жо­­лақты жол қауіпсіз және көлік өт­кізу қабілеті де жоғары болар еді. Құрылыс шығындарын өтеу үшін, тіпті ақылы жолақтарды іске қосуға да мүмкіндік болатын еді», – дейді ол.

Дегенмен «Атырау – Астрахан» тасжолының кей бөлігі жолды пайдаланушылар үшін ақылы болуы да мүмкін. Себебі осыдан төрт жыл бұрын zakon.kz сайты «Қазақстанда бірқатар трассаның бір бөлігі 2024 жылға қарай ақылы болады» деген ақпаратты жариялады. Сол ақпаратта «ақылы болатын жолдар» тізіміне Ресеймен шекараны кесіп өтетін жолдар да кірген. Бірақ әзір­ге жолдың нақты қай бөлігі ақылы болатыны және оған жол жүру ақысының қанша болатыны нақтыланбаған.

Жол апаты азаюы мүмкін

Логистика, экономика, бизнесті былай қойғанда, «Атырау – Астрахан» тасжолы құрылысының адам өмірінің қауіпсіздігі үшін маңызы зор. Құрылыстың сәтті аяқталуы жол апаттарын едәуір азайтады деген болжам бар.

Атырау облысы Полиция де­пар­таменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полковник Нұрболат Алексовтің айтуынша, Атырау облысында былтыр 344 жол апаты тіркеліп, 94 адам көз жұмған. 434 адам дене жарақатын алған. 

«Жолдағы апаттардың негізгі себептері – басып озу және жыл­дамдықты арттыру. Биылғы жыл­­дың басынан 16 қаңтарға дейін республикалық маңызы бар жолдарда төрт жол апаты тіркеліп, бес адам көз жұмды», – дейді ол. 

Қазір жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» республикалық маңызы бар трассасының 579 ша­­­­­­­­қы­рым, «Атырау – Орал» трассасының 6,9,11 шақырым жә­не «Атырау – Индер» облыстық маңызы бар трассасының 17 шақы­­рымына жылдамдықты өлшеу құ­­­ралдары орнатылған. «Сергек» жылдамдықты өлшеу құралын орнату бойынша да жұмыстар жүруде. 

Еске сала кетсек, «Атырау – Астрахан» автожолы – Ресей мен Түркіменстанға шығатын халықаралық дәліздің маңызды бөлігі. «Сонымен бірге мұндай стра­тегиялық жол еліміздің батыс және сол­түс­тік аймақтарының көлік бай­ланыстары арқылы Ресей Федерациясына шығу жолын қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие болып отыр. 

 Мамандардың болжауынша, құрылыс аяқталғаннан кейін Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік ағыны бір жарым-екі есе артуы мүмкін.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы