Әлемдік трендте кең танымалдыққа ие кавер нұсқада ән орындау – қазақ музыкасындағы жас жанр.
Кавер айтудың өз мақсаты бар
1,108
оқылды

Бұл – ескіден қалған есті әндерімізді қайтадан хитке айналдырады дегенімізбен, бір әншінің төлқұжатына айналған әннің түпнұсқасы ұмытылып кетпей ме деген екіұшты пікір туады. Өйткені қазір каверлерді тыңдаушылардың дені – жастар. Олар әннің негізгі орындаушысы деп кавер айтқан әншілерді санайды. Сондықтан еліміздегі қанат жайып келе жатқан кавердің бүгінгі жағдайы мен келешегі қандай болмақ деген сауалға өнертанушы Мерей Сембаймен әңгімелесіп, жауап алдық.

– Кавер-шоу... Қазіргі қазақ эс­трада­сындағы жаңа тренд осы боп тұр. Ескі әуенді жаңғыртып, жаңа «қалыпта» орындау сәнге айналды. Бұл тұрғыда сіздің ойыңыз қалай?

– Кавер орындаулар қазіргі таңда елімізде трендке айналып жатқаны рас, тек әлемде кавер деген тұрақталған жанр. Сондықтан бұл жақсы немесе жаман да емес, тек солай қалыптасқан тарих. Біз, өкінішке қарай, музыкалық индустрия тұрғысынан дамыған ел­дер­ден бір саты төмендеу келе жат­қанымыздан ба, бізге бұл тренд енді ғана жетіп жатыр. Америкада әндерді қайта орындау ХХ ғасырдың 20-30- жыл­дары басталды, ал 40-жылдары ол бағыт кавер-нұсқа деген атауға ие болды. Интернеттің пайда болуымен бүкіл әлемде 2000 жылдары каверлерді орындау «мэйн стримге» айналды. Кезінде Фрэнк Синатра да каверлерді орындаған, оның әйгілі My Way, Strangers in the night әндерінің түпнұсқасы бар. The Rolling Stones, U2, Scorpions топтары шығармашылық жолын енді бастағанда кавер әндерді орындап, кішігірім концерттерге шы­ғып жүрген. Уақыт өте келе бұл топ­тар өз хиттерін жазып танымал бола бастады. Яғни, кавер-орындаулар ар­­тистердің алғашқы даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды, каверлерді орындап жүріп олар өсті. Жас орындаушыларға арналған барлық халықаралық байқауларда да танымал әндер орындалады. 

Айтпақшы, әндерді қайта орын­­­дау мен кавер орындаудың айыр­машылықтары бар. Қайта орындау – әнді қайталап айту, ал кавер нұс­қа – әнге жаңа леп беру, жаңа мә­неріңді, стиліңді, өзіңнің мінезіңді алып келу. Былайша айтқанда, әнді өз талантыңмен жаңғырту. Әнді қайталап айтқанның көркемдік құндылығы жоқ, ал кавердің құндылығы бар болуы мүм­кін. Димаштың да шығармашылық жолын есімізге түсірсек, ол конкурстарға қатысып, каверлер айтып бастаған. Оның орындауындағы SOS әні Димашқа үлкен жетістік әкелді. Қазір Димаштың авторлық әндері бар, яғни өсу үшін тек каверлер айта беруге болмайтынын ол жақсы түсінеді.  

– Кеше шыққан біреудің әнін бүгін басқа біреу орындай алады. Кейбірі түпнұсқадан асып түсіп жатыр, кейбірі кемшін түсуі мүмкін. Бірақ трендтің аты – тренд. Бұл тұрғыда, жаңашылдыққа ілескен дұрыс деп санайсыз ба?

– Кавер – ескі әндерді жаңғыртуға және талантыңызды көрсетуге мүм­кін­дік беретін музыкалық жанрдың қызықты бір түрі. Дегенмен репер­туарыңыз тек кавер әндерден тұратын болса, бәрібір де артист үшін бұл – кемшілік, бір орында қалып қойып, сол кішігірім концерттерден, рес­торандардан, тойлардан шыға алмау ықтималдығы бар. Тек қана кавер айтатын әншілер үлкен артист бола алмайды, үлкен артистің өз әндері болуы керек. Кавер айтудың өз мақсаттары бар: біріншіден, түпнұсқаға назар аударту, басқа орындаушының  жанкүйерлері мен тыңдаушыларын сол әнді тыңдауға тарту және ескі хит­терді жаңартып, оларды жаңа буын тыңдаушыларға сәйкес етуге көмектесу. Сонымен қатар бүгінде «жұлдыздар» бір-бірінің әндерін айтып, өзара тыңдаушыларымен алмасады. Екіншіден, аты аңызға айналған әншілер мен композиторлардың ән­­­дерін еске алып, оларға тағзым мен құрмет көрсету. Үшіншіден, ка­­­вер нұсқалар арқылы әртүрлі стиль­­дер мен жанрларды қолданып, түр­лі тәжірибелер жасау, бұндай эксперименттер күтпеген қызықты нәтиже­лерге алып келуі мүмкін.    

– Бір әнші жанына жақын бір әнді ұзақ жыл іздеп, әрең табады. Ол ән тіпті әншінің жұлдызын жағады. Оған «дайын асқа тік қасық» біреу табыла кетіп, «жұлдыз» атанып жатса, мұны да қалыпты құбылыс деп қабылдаймыз ба?

– Расында, әнді түпнұсқадан да жақсы орындаған каверлер болды, тіпті түпнұсқа ұмытылып, кавер нұсқаның танымалдығы артқан әндер де тарихта бар. Каверлер біреудің өнері арқылы танымалдығыңды арттырып, ақша табудың оңай жолы болып көрінгенімен, шын мәнінде олай емес. Каверді жаңа бояумен, жаңа көзқараспен орындау үшін де білім, музыкалық ойлау интеллектісі және талант қажет. Құлаққа үйреншікті болып қалған танымал хитті алу үшін екінші жағынан батылдық керек. Өйткені сол танымал әншінің орындауынан асып түспесең, кем айтылған болса сыншылар да, хэйтерлер де табылады. Әннің деңгейін түсіріп алу қаупі бар. Каверді орындау арқылы «жұлдыз» атанып жатса, қуанар едім. Бірақ бір кавермен артист алысқа бармайды. Оның үстіне, авторлық құқық бойынша әннің түпнұсқа иесінен рұқсатыңыз болу керек.

– Қазір экранда да кавер әндер мен біреудің репертуарындағы әндерді орындайтын бағдарламалар да көрсетіліп жатыр ғой. Демек, бізде де кавердің дамуына назар аударылып жатыр. Бір жағынан, көп әннің түпнұсқадан өзгеруіне де алып келеді. Бұл бұрынғы есті әндеріміздің авторларының, түпнұсқасының ұмытылып кетуіне әсер етпей ме? 

– Этикалық тұрғыдан иә, бұл даулы мәселеге айналуы мүмкін. Кейде түпнұсқаның авторына кавер-нұсқа ұнамаған немесе әнді қатты бұрмалағанын автор құрметсіздік деп санаған жағдайлар болды. Мысалы, Боб Дилан оның әндерінің аранжировкасын және сөздерін өзгерткені үшін жас артистерге наразылығын білдірген. Дегенмен әннің негізгі авторлары кавер интерпретацияларға жағымды пікір айтқан мысалдар да өте көп. Қазір отандық телеарналарда кавер айтқызатын бірнеше музыкалық телешоу жүріп жатқаны өте маңызды. Бұндай шоулар – талантты орындаушыларға өз шеберліктерін шыңдап, түрлі эксперименттер жасауға, музыкалық мұраға назар аудартатын және жас әншілерге өз аудиториясын табуға мүмкіндік беретін алаң. Әншілер тыңдарманның көңілінен шыққысы келіп жаңа тәсілдермен айтуға тырысады, бір-бірінен үйренеді, идеялармен алмасады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ