Жалпы, ұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс... Еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», – деген болатын Мемлекет басшысы Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында.
«Озық ойлы ұлт болуымыз керек» деген Президент сөзінде үлкен мән жатыр. Өйткені статистикалық мәліметке сүйенсек, кітап оқудан алдыңғы үштікті құрайтын елдер – дамыған, өркениеті озық Жапония, Швейцария мен Франция елдері болып тұр. Жапония елі жылына 4 миллиард 200 миллион кітап басып шығарады екен, егер оқырман сұранысы болмаса есеп-қисабы түгел, қаржысын босқа шығындамайтын мемлекет мұндай орасан кітап шығармасы анық. Талайғы алапаттарды басынан өткерген жапондар кітап оқуды сақтап қалуы арқасында ғана әлемдік өркениеттің шыңына шықты емес пе? Кітап оқуды доғарсақ, ойлауды да қоямыз деген тәмсіл бар. Осы орайда еліміздегі әлемдік рухани мұраны жинақтап, сан мыңдаған оқырманның ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандырып отырған көпшілік кітапхана халықтың сауаттылығын арттыруда, білімін тереңдетуде, рухани сұранысын қанағаттандыруда қосар үлесі қандай деген сұрақ туындауы хақ.
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың былтыр атқарған қызметін сараласақ, кітапхананың рөлі мен кітапханашылардың еңбегінің зор екеніне көзіміз жетеді. Адам есінде жетістік көп сақталмайды. Керісінше қиындықтар, бітпей қалған іс пен қателіктер қалып отырады. Сондықтан да жетістіктерімізді тізбелеп, қоғам алдында есеп беруді жөн санадық.
Кітапхананың басты қағидаты көптеп оқырман тарту, оқуға мүмкіндік жасау. Былтыр кітапханаға елорда тұрғындары, ЖОО студенттері тағы да басқа әлеуметтік топтан 58 304 оқырман тіркеліп, 11 мыңнан аса оқырман жаңадан тіркелген. Тұрақты келушілер саны да 1 209 744-ке жетсе, оларға кітапханашылар сұранысына орай 2 191 213 құжат ұсынған. Бұл көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артқанын байқаймыз. Кітапхана оқырмандарын тек ақпаратпен қамтамасыз етіп қана қоймайды, ағартушылық қызметтерін де ұсына біледі. Мәдени орталық ретінде кітапхана мыңнан аса (1097 шара) мәдени көпшілік шараларды ұйымдастырып, оған 104 511 аудиторияны қатыстырғанын айтпай кетпеске болмайды. Атап өту керек, ұйымдастырылған шаралардың мәні мен мазмұны аудиториясына қарай әр қилы, олардың қатарында жаңадан шыққан кітаптардың таныстырылымы болса, жеке авторлардың шығармашылық кештері, Қазақстанның елшіліктерімен бірлескен халықаралық конференциялар, танымал бологерлер мен әдебиеттанушылардың дәрістері, шеберлік сыныптары, семинар-тренингтері де бар. Кітапханамызда Польша Республикасының елшілігімен бірлесіп, поляк әдебиетінің бұрышын және Португалия елшілігімен бірлесіп, Португалия әдебиетінің бұрышын аштық.
Кітапхана оқуды дәріптеуді мақсат тұтқан жобаларын сәтті жүзеге асырып келеді. Ұлттық академиялық кітапхананың дәстүрге айналдырып өткізіп келе жатқан KitapTime жобасы республикалық көлемде ұйымдастырылады. Күні бойы өтетін кітап фестивалінің аясында түрлі шара қатар-қатар өтіп жатады. Бұл шараға елорданың 5 000-нан аса халқы жиналғанының куәсі болдық. Олар кітаппен сусындап, мәдени шараларға атсалысады, баспалар әкелген кітаптармен танысып, сатып алады. Ұлттық академиялық кітапханаға келетін оқырмандардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі, әсіресе бала оқырманды тарту, оларды оқу мәдениетіне баулу кітапхананың басты миссиясы. Сондықтан да «Әке мен бала», «Әжемнің ертегілері», «Отбасымен оқимыз», Kazakh club тағы басқа да клуб, үйірме жобалары баланы көркем әдебиетке бейімдеуді мақсұттайды. Көркем әдебиеттің о бастан мақсаты кітап оқуға деген тәуелділікті тудыру және оқырманда эмпатия қалыптастыру емес пе!? Балаға дауыстап оқысаң ғана кітап оқудың дәмін сезіндіресің, «Әжемнің ертегілері» жобасын жүргізіп келе жатқан қазақ радиосының ардагері Күләш Молдахметова апайымыздың өз оқырманы, балалардың таңдауымен оқылатын ертегілері бар. Kazakh club кітап талқылау клубының спикері белгілі этнограф, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева екенін мақтанышпен айта аламыз. «Әке мен бала» клубы әкенің рөлін артыратын, баласының алдында әкенің беделін көтеретін бірден-бір жобаға айналды. Жыл ішінде клуб отырысына танымал кәсіпкер де журналист те қарапайым еңбек адамдары да келіп, кітаптың пайдасын, бала тәрбиесін, оның келешегін сөз етті.
Қазіргі жастардың ой-толғамы, қоғамды сыни көзбен талқылауы, олардың білімінің тереңдігіне, оқу мәдениетінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Кейбірде белгілі ғалымдар қазақ жастары гуманитарияға тым бейім, сөзге құмар, дұрысы технократтық ұлт болуымыз қажет, жастар жаңа технологияны игеруге ұмтылуы қажет дегенді айтады. Бірақ сол Apple, Microsoft, Google компаниялары өкілдерінің тапқыр, идеялық жобалар тудырғыш құпиясын зерттегенде, олардың бала кезінде ғылыми фантастикалық кітап оқуға құмар болғаны анықталды. Кітап оқыған баланың қашанда ойы, қиялы ұшқыр келеді. Тек олардың ойынан шығатын, қызығушылығын тудыратын кітапты жазатын авторларымыз көп болсын, қалғаны кітапханалардың міндеті дер едік. Былтыр кітапханада елеулі жаңалық белгілі математик ғалым Асқар Жұмаділдаевтің идеясымен жарық көрген балаларға, жасөспірімдерге арналған «Әл-Жәбрдің атасы» атты ғылыми-танымдық журналының тұсаукесері өтті. Ғылыми басылымның «Әл-Жәбрдің атасы» деп аталуы алгебраның атасы Мұхаммед әл-Хорезмидің «Әл-Жәбр» деген еңбегімен байланыстырады. Журналдың негізгі мақсаты жасөспірімдердің ғылымға деген құштарлығын оятып, білімге, өркениетке баулу.
Кітапхана оқудың қандай түрі болса да, кітаптан болсын, аудионұсқада не болмаса электронды түрде болса да оқырманға қолжетімділік етудің жолын қарастырады. Ұлттық академиялық кітапхананың басты ерекшелігі қазақстандық құжаттарды цифрлық нұсқада жинақтап отырған Қазақстан Ұлттық электронды кітапхана жобасын жүзеге асырып отырғаны. Бүгінде 74 мыңға тарта қоры бар порталдың 100 елден аса мемлекеттен оқырманы бар. 10 мыңнан аса сирек қорлардың жиынтығын әлем пайдаланушыларына ұсына алады. Сонымен қатар порталда жүктелген кітаптарды 3Д форматында оқуға болады, көзі нашар көретін жандардың оқуына бейімделген тетіктері жасақталған.
Былтыр ҚазҰЭК сайтына 400 мыңға тарта оқырман тіркеліп, 1 540 724 құжатты жүктеп, ақпаратқа қолжеткізген. Ұлттық академиялық кітапхананың басты міндеті еліміздің электронды миы саналатын Қазақстан Ұлттық электронды кітапхана жобасын одан әрі дамыту, әлемге танымалдандыру. Серіктестері саналатын өңірдің көпшілік кітапханаларының өлкелік мұрағаттары мен ЖОО-ның ғылыми еңбектерін жинақтайтын бірегей жиынтық каталог құруды жақын күндері жүзеге асырмақ.
Кітапханалардың сапалы қызмет көрсетуі қорының мазмұндылығына, құндылығына көп байланысты. Өткен жылы қорымызды құнды құжаттармен толықтыру мақсатында әзірленген «Шетелдерден Қазақстанның тарихына қатысты ұлт мұрасын жинау» халықаралық жоба жалғасатын болады. Жоба аясында 2023 жыл жақсы нәтиже берді. Санкт-Петербург қаласындағы Б.Ельцин атындағы Президент кітапханасынан құжаттардың 270 е-көшірмелері алынды. Осы орайда, басшы Ғ.Нұрғалиева мен атаулы кітапхананың басшысы Н.Носов мырза арасында меморандумға қол қойылып, келісімшарт жасалды.
Бүгінде іздестіру нәтижесінде Ресей Мемлекеттік кітапханасынан (Мәскеу қ.) 110 құжаттың е-көшірмесі, А.Пушкин атындағы Омбы Мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасынан (РФ) 160 құжаттың е-көшірмесі, Татарстан Республикасының Ұлттық электронды кітапханасынан 140 құжаттардың е-көшірмесі, Түркия Республикасының Ұлттық кітапханасынан (Анкара қ.) 190 құжаттың е-көшірмесі, Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасынан 160 е-көшірме, Алықұл Осмонов атындағы Қырғызстан Республикасының Ұлттық кітапханасынан 65 құжат, Орынбор әмбебап ғылыми кітапханасынан 35 құжат, Түркіменстан Республикасының Ұлттық кітапханасынан 45 құжат табылып отыр. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы кітапханасынан, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан, Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік мекемесінен біраз электронды құжаттар алынды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен және А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми зерттеу институтымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сондай-ақ кітапхана директоры Ғ.Нұрғалиева TURKTAV халықаралық Түркі тарихы және мәдениеті қоры мен Түркітілдес мемлекеттердің Ақпараттық ресурстарының қор басшысы Омер Низаметин Айкурт мырзамен ынтымақтастық туралы меморандум жасады.Алдағы жоспар бойынша сирек кездесетін құжаттардың 5 000 бірліктен астам е-көшірмелерін жинау көзделуде. Меморандум жасасқан мекемелердің озық әлемдік тәжірибеге негізделген сан-салалы, қорларында сақтаулы ғылыми еңбектері, сирек кітаптары Ұлттық академиялық кітапханасының http://kazneb.kz/ порталына енетін болады.
Ақпан айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен ынтымақтастық туралы екі жақты меморандум жасап, олардан 800 баспа жаңа кітаптар мен құжаттардың е-көшірмелерін алу жоспарлануда.
Өткеннен сабақ алып, келешекке жоспар құру кітапхананың басты бағыты. Ел Президенті сұхбатында атап өткендей, әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы басқа да тарихи кезеңдер мен тарихи тұлғалардың мерейтойларына орай кең көлемде кітап көрмесі жыл басында-ақ ел назарына ұсынылды. Атаулы даталар бойынша мәдени-танымдық шаралар жоспарға сай жүзеге асатын болады. Өткен жылда сәтті басталған маңызды жобалар жалғасын таппақ. Балалар арасында өткен жылы резонанс тудырған «Шәкәрім оқулары» биыл ІІ республикалық байқауы аталып, старт алды. Кітапхананың жанданып, дамуына кепіл болатын жастардың кәсіби дамуына ұйытқы болатын «Жас кітапханашылар» республикалық форумын биылғы жылы да сәтті өткізуді жоспарлап отырмыз.
Ұлттық академиялық кітапхананың кітап оқуды дәріптейтін елімізге танымал «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы көп жылдар бойы оқырманына классик жазушылардың айтулы шығармаларын насихаттап келеді. Биылғы жылы ЮНЕСКО бойынша 100 жылдығы аталып өтетін классик жазушы, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын ел болып оқу комиссия мүшелері мен көпшілік кітапханалардың ұсынысымен қабылданды. Үлкенге де балаға да өлмес мұра жазып қалдырған жазушының өмірдің ақиқатын суреттеген шығармаларын қайта оқу, оқымағандар үшін көркем әдебиетпен табысу мүмкіндігінің тууы көңіл қуантады. Республика бойынша кітапханаларда Б.Соқпақбаевтың шығармаларынан көрмелер жасақтау, түрлі шараның барысы пысықталу жұмыстары басталып та кетті. Өз тарапынан Ұлттық академиялық кітапхана Алматы қаласындағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қарасты Алматы әкімдігімен бірлесе, оқушылар арасында Б.Соқпақбаев шығармаларынан республикалық байқау жариялауда. Жазушының шебер жазылған шынайы шығармаларынан бала өзін тауып жатса, бір сәт телефоннан ажыраса, бұдан кейін әдебиетке құнықса біздің де нәтижеге жеткеніміз.
Түйін сөзде Нил Гейманның: «Кітапхана – келешектің қақпасы. Кей жердің билігі кітапханаларды жауып, ақша үнемдеп қалудың оңай тәсілі деп қана қарастыратыны өкінішті. Ашық тұратын қақпаны жауып жатыр. Кітап – өлгендермен тілдесу тәсілі. Қасымызда жоқ адамдардан тәлім алу, үйрену амалы. Адамзат пайда болды, дамыды, түрлі білімді тудырды, оларды жетілдірді. Тек есте сақтап тұрудың шарт емесін көрсетті. Ел аузында кейбір елдің тарихынан да көне ертегілер бар. Олар көптеген мәдениет пен тосқауылдарды жеңіп, біздің заманға дейін жетіп отыр.
Егер кітапхананы бағаламаса, онда адам ақпаратты да, мәдениетті де, даналықты да бағаламағаны» деген сөзін келтіре отырып, еліміздің көпшілік кітапханалары Қазақстанның келешегіне үлес қосатын ұрпақтың саналы да сапалы тәрбиеленуіне кепіл болатынына сенім білдіреміз.
Оңай МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері