Жұрт жарқырап келген жаңа жылдан ақжарылқап жаңалық күтеді.
Білім  бөлімдеріне бықпырт тиді
10,791
оқылды

«Биылғы жылымыз бұрын­ғы­дан да жақсы болса екен» деп тілейді. Бірақ Түркістан облысын­дағы білім саласының тайлы-тұяғы әр жаңа жылды үреймен қарсы алатын бір кеселге килікті. Былтыр ғой, басқарманың сол кездегі басшысы Дінислам Болат­ханұлы мен оның орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Күдікке ілінген соң үс­терінен қылмыстық іс қозғалуы заңды енді. Бірақ сағызша со­зылған сот барысы сиырқұйым­шақтанып барып, қысқартылып тынды. Мұндай жағдайда бас­қарма басшысы қызметінде қала алмайтыны белгілі. «Ешқандай күнәсі табылмағанымен»,  осы­ның өзі абырой деген ардақты атты былғап кетері анық қой. Айтпақшы, арғы жылы да білім саласына бықпырт тиген.  Сары­ағаш, Сайрам аудандық білім бөлімінің басшылары сотталды. Былтыр ғой, олардың кебін Төлеби, Шардара аудандық білім бөлімінің басшылары киді.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі былтыр Шардара және Сарыағаш аудан­дық білім бөлімдеріне сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын мәлім еткен болатын. Тергеу қорытындысы қорқынышты. Күдіктілер 2020-2023 жылдар аралығында  білім беру саласында мүлде жұмыс істеп көрмеген азаматтардың есепшоттарына тең­ге аударып отырыпты. Соны­мен қатар мектеп мұғалімдеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 миллиард теңгені жымқырғаны анықталған.  Осы қылмыс барысында 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың төртеуі қамауға алынған. Бұдан бөлек, 44 автокөлік, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардан ақшалай қа­ражаттары бұғатталғаны айты­лады. Мына масқараны қараңыз. Тергеу барысында Сарыағашта тексеру комиссиясының бас ин­спекторы ұсталды.  Бұл пақы­рыңыз мектептердің біріне ауди­торлық тексерістің оң қо­ры­­тындысы үшін бақандай 26 миллион теңге пара алды деген күдікке іліккен деседі.

Жуырда ғана Қаржылық мо­ниторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Келес аудандық білім бөлімінің бухгалтеріне қатысты қылмыстық істің қозғалғанын жария етті.  Келестіктердің де кеселді қадамы көп. Олар соңғы үш жылдың бедерінде түрлі қитұрқылық жасап келіпті. Есепшілер өздеріне таныс адамдардың карт-шот­тарына түрлі амалмен ақша аударып отырыпты. Осының есебінен қазынаның 400 миллион теңгеден астам қаржысы есеп­шілердің қалтасына түскен. 

Осы елді дүрліктірген оқи­ғадан ес жиып үлгермей жатқанда облыстық прокуратура мен Қар­жылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілері 1,2 миллиард теңге көлемінде мем­лекет қаржысын ұрлады деп ха­барлады. Мұның артынша Бәйді­бек аудандық білім бөлімінің есеп­шілері 600 миллион теңге шамасында мемлекет қаржысына қол сұққан деген хабар тарады. Қазір тиісті мекемелер сотқа де­йінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Тексеруші орындар екі аудан бойынша мемлекетке келген шығын 1,8  миллиард теңгеден аса­ды деп отыр. Екі білім бөлімінің есепшілері де соңғы үш жылдың көлемінде мұғалімдерге тиесілі қаражатты  таныстарына аударып отырған. Ал су тегін қа­ра­жыны алып отырған жатыпішер есеп­шілер таныстарына  арам ақшадан ауызбастырық беріп  тұрған.

– Сотқа дейінгі тергеп-тек­серу барысында айыпталушыларға қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстары жүргізілді. Жауапкерлер бүгінге дейін 120 миллион теңге көлемінде кел­тірілген шығынды өз еркімен кері қайтарды, – дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі  Әлібек Әбділов.

Бір суыт хабар күздің суық желіндей үйме-үй аралап жүр. Тексеру барысында бір есепші өзіне-өзі қол жұмсаған көрінеді. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Осын­шама қаржыны мектеп есепшілері өздігінен қымқыра алады ма? Осы қылмыстар жасалып жатқанда білім бөлімі, мектеп директорлары қайда қараған? Әлде оларға майлы жіліктің бір ұшын жалатып отыр­ған ба? Мұны енді тексеру қо­рытындыларына қарап айтайық. Естуімізше, құзырлы органдар тағы бір ауданның білім бөлімін індете тексеріп жатқанға ұқсайды. Бұл ауданнан да бір былық шық­пасын дейік. 

Ұлу жылын түркістандықтар осылай  ұлардай шулаумен бас­тады. Бір айта кетерлігі, былтыр қазан айында облыстық білім бас­қармасына басшы болып таға­йындалған Ғалымжан Жұмашев­тің мамандығы заңгер деседі. Оның уақытысында Білім және ғылым министрлігінде, Пре­зи­дент Әкімшілігінде заң жөніндегі құрылымдарына жетекшілік ет­кені айтылады. Тәжірибелі заңгер ғой, былықтарға тосқауыл қояр деп үміттенеміз.

Қазір ғой, қазынаның қазы­насына қол салғандардың және парақорлардың кері қайтарған қаражатынан мектептер салынып жатыр. Бір жағынан тиімді. Екін­ші жағынан қызық. Жемқор­лардың жемсауынан жұлынып алынған қаражатқа салынған мектептерде оқыған оқушылар қандай азамат болып шығар екен? Өйткені біздің қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп текке айтпайды ғой...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ