«Биылғы жылымыз бұрынғыдан да жақсы болса екен» деп тілейді. Бірақ Түркістан облысындағы білім саласының тайлы-тұяғы әр жаңа жылды үреймен қарсы алатын бір кеселге килікті. Былтыр ғой, басқарманың сол кездегі басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Күдікке ілінген соң үстерінен қылмыстық іс қозғалуы заңды енді. Бірақ сағызша созылған сот барысы сиырқұйымшақтанып барып, қысқартылып тынды. Мұндай жағдайда басқарма басшысы қызметінде қала алмайтыны белгілі. «Ешқандай күнәсі табылмағанымен», осының өзі абырой деген ардақты атты былғап кетері анық қой. Айтпақшы, арғы жылы да білім саласына бықпырт тиген. Сарыағаш, Сайрам аудандық білім бөлімінің басшылары сотталды. Былтыр ғой, олардың кебін Төлеби, Шардара аудандық білім бөлімінің басшылары киді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі былтыр Шардара және Сарыағаш аудандық білім бөлімдеріне сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын мәлім еткен болатын. Тергеу қорытындысы қорқынышты. Күдіктілер 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында мүлде жұмыс істеп көрмеген азаматтардың есепшоттарына теңге аударып отырыпты. Сонымен қатар мектеп мұғалімдеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 миллиард теңгені жымқырғаны анықталған. Осы қылмыс барысында 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың төртеуі қамауға алынған. Бұдан бөлек, 44 автокөлік, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардан ақшалай қаражаттары бұғатталғаны айтылады. Мына масқараны қараңыз. Тергеу барысында Сарыағашта тексеру комиссиясының бас инспекторы ұсталды. Бұл пақырыңыз мектептердің біріне аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін бақандай 26 миллион теңге пара алды деген күдікке іліккен деседі.
Жуырда ғана Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Келес аудандық білім бөлімінің бухгалтеріне қатысты қылмыстық істің қозғалғанын жария етті. Келестіктердің де кеселді қадамы көп. Олар соңғы үш жылдың бедерінде түрлі қитұрқылық жасап келіпті. Есепшілер өздеріне таныс адамдардың карт-шоттарына түрлі амалмен ақша аударып отырыпты. Осының есебінен қазынаның 400 миллион теңгеден астам қаржысы есепшілердің қалтасына түскен.
Осы елді дүрліктірген оқиғадан ес жиып үлгермей жатқанда облыстық прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілері 1,2 миллиард теңге көлемінде мемлекет қаржысын ұрлады деп хабарлады. Мұның артынша Бәйдібек аудандық білім бөлімінің есепшілері 600 миллион теңге шамасында мемлекет қаржысына қол сұққан деген хабар тарады. Қазір тиісті мекемелер сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Тексеруші орындар екі аудан бойынша мемлекетке келген шығын 1,8 миллиард теңгеден асады деп отыр. Екі білім бөлімінің есепшілері де соңғы үш жылдың көлемінде мұғалімдерге тиесілі қаражатты таныстарына аударып отырған. Ал су тегін қаражыны алып отырған жатыпішер есепшілер таныстарына арам ақшадан ауызбастырық беріп тұрған.
– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында айыпталушыларға қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстары жүргізілді. Жауапкерлер бүгінге дейін 120 миллион теңге көлемінде келтірілген шығынды өз еркімен кері қайтарды, – дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Бір суыт хабар күздің суық желіндей үйме-үй аралап жүр. Тексеру барысында бір есепші өзіне-өзі қол жұмсаған көрінеді. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Осыншама қаржыны мектеп есепшілері өздігінен қымқыра алады ма? Осы қылмыстар жасалып жатқанда білім бөлімі, мектеп директорлары қайда қараған? Әлде оларға майлы жіліктің бір ұшын жалатып отырған ба? Мұны енді тексеру қорытындыларына қарап айтайық. Естуімізше, құзырлы органдар тағы бір ауданның білім бөлімін індете тексеріп жатқанға ұқсайды. Бұл ауданнан да бір былық шықпасын дейік.
Ұлу жылын түркістандықтар осылай ұлардай шулаумен бастады. Бір айта кетерлігі, былтыр қазан айында облыстық білім басқармасына басшы болып тағайындалған Ғалымжан Жұмашевтің мамандығы заңгер деседі. Оның уақытысында Білім және ғылым министрлігінде, Президент Әкімшілігінде заң жөніндегі құрылымдарына жетекшілік еткені айтылады. Тәжірибелі заңгер ғой, былықтарға тосқауыл қояр деп үміттенеміз.
Қазір ғой, қазынаның қазынасына қол салғандардың және парақорлардың кері қайтарған қаражатынан мектептер салынып жатыр. Бір жағынан тиімді. Екінші жағынан қызық. Жемқорлардың жемсауынан жұлынып алынған қаражатқа салынған мектептерде оқыған оқушылар қандай азамат болып шығар екен? Өйткені біздің қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп текке айтпайды ғой...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ