Президент Іс басқармасы Президенттік орталығының көркемсурет галереясында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты көрмесі ашылды.
«Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі ашылды
597
оқылды

Іс-шара Президенттік орталықтың «Қазақстан жолы» жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігімен әріптестік байланыс пен музейаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында бірлесіп ұйымдастырылуда. 

Көрменің мақсаты  –  еліміздің ең маңызды жетістіктерінің бірі «Ботай қонысы» археологиялық ескерткіші мен қазақстандық және шетелдік суретшілердің шығармашылығын насихаттау.

 

Ұлы дала әлемге жылқы шаруашылығы мен ат спорты мәдениетін сыйлағанын баршаға аян. Алғаш рет адамның жылқыны қолға үйретуі дәл Қазақстан аумағында орын алды, бұған елдің солтүстігіндегі «Ботай» қонысының қазбалары дәлел болады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Федорович Зайберт (1947-2022 жж.) бастаған зерттеулер жаңа археологиялық мәдениеттің – Ботайдың ашылуына әкелді. Бұл мәдениеттің тасымалдаушылары әртүрлі шаруашылық жүргізді – олар аң, балық аулаумен айналысты. Елді мекенде табылған жүздеген мың жылқы сүйектері шаруашылықтың негізі жылқы шаруашылығы деп санауға негіз береді. Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында осы фактіні растайтын Ботай қонысының кең археологиялық коллекциялары сақталған. 

«Президенттік орталық тұрақты негізде бірнеше мәдени-білім беру жобаларын іске асыруда, олардың бірі еліміздің тарихи мұрасын насихаттауға бағытталған «Қазақстан жолы» болып табылады. «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі биылғы жылы аталған жоба аясындағы алғашқы іс-шара болғанына өте қуаныштымыз», – деді өз сөзінде көрмені ашқан Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

 

Сенатының депутаты Әсем Рахметованың айтуынша, Ботай мәдениеті мыңдаған жылдар бойы даму векторларын анықтаған дала өркениетінің матрицасы болып табылады және біздің міндетіміз осы ұлттық киелі орын туралы мүмкіндігінше көбірек айту.

Өз кезегінде, Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің директоры Гүлнар Мұқышева қатысушыларға алғысын білдіріп, әлемнің әр түкпірінен келген суретшілердің көзімен Ботай қонысын көруге мүмкіндік беретін бүгінгі көрменің ерекше атмосферасы арқылы олардың ой өрісінің кеңейетініне сенім білдірді.

 

«Ботай» қонысын танымал ету мақсатында 2019 және 2023 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында Халықаралық Суретшілер Симпозиумдары өткізілген. Оларға Канада, Германия, Франция, Бенин, Румыния, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстан суретшілері қатысып, өз туындыларын облыстық бейнелеу өнері музейінің қорына тапсырды. Әр түрлі жанрлар мен техникаларда орындалған картиналар суретшілердің авторлық көзқарасында Ботай мәдениетінің рухын бейнелейді. 

Енді бұл туындылары – 48 шығармашылық және пленэрлік жұмыстар елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесінде ұсынылуда. Экспозиция археологиялық артефактілермен, «Ботай» қонысы туралы фото және видео материалдар, шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарымен толықтырылған. Сондай-ақ, ежелгі өндіріс орындарын қайта құрумен интерактивті аймақ ұсынылған.

Көрмені 11 наурызға дейін тамашалауға болады.