Шағын және орта бизнес – ел экономикасының маңызды секторы. Саланың мемлекетке қосқан үлесі ЖІӨ-дегі көрсеткішінен көрінеді. Ресми дерек бойынша, былтырғы жылдың 9 айында ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 36,5%-ға артқан.
Соңғы жылдары жалпы ШОБ өсімі байқалды (тіркелген, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны, жұмыспен қамтылған халық саны, өнім шығару көлемі). Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы 1 ақпанындағы дерегіне сүйенсек, республикада тіркелген ШОБ субьектілерінің саны – 2 186 275. Оның ішінде қазір жұмыс істеп тұрғаны – 2 020 036.
Freedom Finance Global сарапшылары 2023 жылы аталған сектордағы қызметкерлердің саны өскенін хабарлады. Әсіресе, құрылыс пен өнеркәсіп салаларындағы шағын компаниялар жұмысшыларын көбейткені байқалған. Аймақтар арасында Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында кәсіпкерлердің персоналға деген сұранысы өсіп келеді. Бүгінде Ақтөбе облысында кәсіпкерлік саласында 92,1 мың адам тіркеліп, оның ішінде 83,8 мың адам жұмыс істеп тұр. Өңірде жалпы, шағын және орта кәсіпкерлік саласында 172,7 мың адам жұмыспен қамтылған. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың сөзінше, ШОБ субьектілерінің артуына мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың тиімді жұмысы әсер еткен.
«Былтыр шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша «Өркен» өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламада Хромтау моноқаласының кәсіпкерлеріне кредит беру көзделген. Өңірлік бағдарлама облыстық бюджет, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Қазхром»ТҰК» АҚ есебінен қаржыландырылады. Оның ішінде облыстық бюджеттен – 500,0 млн теңге, Даму қорынан –1,0 млрд теңге, Қазхром есебінен – 500,0 млн теңге қарастырылған. Жалпы, бағдарлама бюджеті – 2,0 млрд теңгені құрап отыр», – дейді А. Салықбаев.
Дегенмен өңірлер бөлінісінде шағын кәсіпкерлік үлесінің көлемі әрқалай. Мәселен, Алматы қаласында ШОБ иелерінің 16%-ы қызметкерлерін қысқартыпты. Кейбір облыста кадр саны өзгеріссіз қалған.
Кәсіпкерлердің айтуынша, қолданыстағы салық түрлері бойынша бірқатар проблема бар. Ең алдымен, өз ісін енді бастаған кәсіпкерлерге жоғары жүктеме өте ауыр тиіп отыр. ШОБ қоғамдастығының өкілі, Салық кодексін реформалау жөніндегі топтың басшысы, кәсіпкер Берік Зайыровтың айтуынша ең төменгі түсімдер кезінде де ЖК-ны міндетті түрде ашу, айына 100 000 теңге түсімнен 18 200 теңге сомасында әлеуметтік төлемдер мен салықтарды төлету талабы тым ауыр. «Әсіресе, қолданыстағы талап бойынша жаңадан жұмыс бастаған азаматтан түсім сомасының 18%-ын төлеу талап етіледі. Осыған байланысты өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ЖК ашқысы келмейді. Екіншіден, ҚҚС бойынша 20 000 АЕК төмен шегі, ҚҚС есепке қою кезінде шағын бизнеске жоғары жүктеме (3% табыс салығы + 12% ҚҚС = 15%), бұл кәсіпкерлерді бизнесті бөлшектеуге немесе чек бермеуге итермелейді», – дейді ол.
Б.Зайыровтың сөзінше, көбінесе түсінбеушілік салдарынан ҚҚС шегінен асқан кәсіпкерлерге қатысты шекті айналымнан 15% мөлшерінде ҚҚС бойынша шекті асырғаны үшін айыппұлдар салынып жатады. Мұндай айыппұлддардың жалпы сомасы 2020-2022 жылдары аралағында – 16,6 млрд теңгені құраған. «Бөлшек сауда салығы бойынша қызмет түрлеріне шектеу қойылған, жеңілдетілген декларациясы бар барлық кәсіпкерлер бөлшек салыққа ауыса алмайды. Еңбекақы төлеу қорына да жоғары жүктеме 1,5-39% аралығында. Соның салдарынан әлеуметтік төлемдерді төлеу, жалақыны конвертпен беру секілді әрекеттер болады», – дейді қоғамдастық өкілі.
Осыған байланысты ШОБ-тың арнайы салық режимдері бойынша Салық кодексін реформалау жөніндегі топ барлық ШОБ үшін (жер қойнауын пайдаланушыларды, қаржылық қызметтерді және акциздік өнімдерді қоспағанда) түсімнен 3% көлемінде бір бірыңғай салық белгіленсін, барлық ШОБ ҚҚС-тан босатылсын деген ұсыныс айтып отыр. Олардың уәжінше, ҚҚС тек тауарлар мен қызметтер импорты кезінде қалдырылсын. «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бұл 3%-ға зейнетақы төлемдері, әлеуметтік төлемдер және әлеуметтік медициналық сақтандыру кіреді. Барлық ШОБ үшін жалақыдан 20% мөлшерінде бірыңғай төлем белгіленсін. Яғни, қарапайым тәсіл, барлығы салық төлейді, ал бюджет ештеңе жоғалтпайды (2022 жылғы статистика көрсеткендей, бюджет Қазақстанның барлық бизнесінен 3% алады). Салық органдары барлық күш-жігерін шекараны қорғауға бағыттайды, осылайша барлық тауар ашық, айқын түрде өтеді» дейді олар.
Ал Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Дарина Кеңес кәсіпкерлік субьектілері үшін қолданылатын критерийлерге түзету енгізу қажет деп санайды. «Заңнамамға сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне 2 критерий қолданылады: орташа жылдық сан және орташа жылдық табыс. Бұл критерийлер 2015 жылы белгіленді және 8 жылдан бері оларға еш түзетулер енгізілмеді. Яғни, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін критерийлерді төмендету қажеттігі анық. Жылдық орташа кіріс бойынша лимиттер ШОБ субъектілерінің ең көп шоғырлануы орналасқан деңгейге дейін 1,5 есе төмендеген жағдайда, микробизнес субъектілерінің саны шамамен 2%-ға, шағын бизнес саны шамамен 4%-ға, ал орта бизнес шамамен 30%-ға артады деп күтіледі. Мәселенің маңызын ескере отырып, бұл жұмысты барлық мемлекеттік органдармен, бизнес-қауымдастықтармен және жұртшылықпен бірлесіп жүргізу қажет деп санаймын», – дейді сарапшы.
Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде Жаңа Зеландия кәсіпкерлікті жүргізуде тиімді әрі оңай әдіс қолданған елдің бірі деп аталды.
2020 жылғы пандемиядан кейін Жаңа Зеландия кәсіпкерлерді қолдаудың цифрлық бағдарламасына 44 млн доллар инвестиция салған. Оңтүстік Кореяда шағын және орта бизнес экспорттық кірістің 1,7%-на (117,5 млрд долларға) дейін өсуіне қол жеткізіпті.
Қазақстандық мамандар бизнесті қолдау үшін пайданың өсуін қамтамасыз етіп, жұмыспен қамтуға, жаңа әзірлемелерді, цифрландыруды күшейту қажет екенін айтады. Мемлекет тарапынан қолдауда басымдық жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік жасаумен өлшенуге тиіс.
Бауыржан БАЗАР