Дегенмен кемі үш жыл қыздарым балабақшаға барғанша қастарында боламын деген ойда жүргендіктен, онша мән бермедім. Бір күні «Жас Алаш» газетінде бірге жұмыс істеген белгілі журналист, талай жыл жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметін атқарған Әділбек Қаба ағам телефон соғып, жаңа газет ашылайын деп әзірлік жұмыстары жүріп жатқанын айтып, жұмысқа шақырды. Әзірге жұмысқа шығатын ойым жоқ екенін айтқаныммен, «Ертең жұмыс жаққа бір келіп кетсейші» деп мекенжайды айтып, әңгімені аяқтады.
Сыйласып жүрген ағамның сөзін жерге қалдырудың есебін таппай, ертеңіне редакцияға келдім. Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан жақсы кеңсе екен. Бала күтімімен біраз үйде отырып қалғандықтан жан-жағыма үрке қарап, кеңсеге имене басып кіргенім есімде. Дегенмен бұрыннан сіз-бізіміз жарасқан Әділбек аға мен тек теледидардан ғана көрген, жүзбе-жүз алғаш рет кездесіп тұрған, жаңа газеттің бас редакторы Серік Жанболат ағаның емен-жарқын қарсы алуы менің қобалжыған көңілімді бірден басты. «Экономика бөлімінің жұмысын саған тапсырамыз» деді ағалар. Әңгімелесу барысында Серік ағам экономикаға қатысты бірер сұрақ қойып та үлгерді. Олар менің жағдай айтқаныма қараған жоқ, не керек сол жерден жұмысқа қабылдау туралы өтінішімді жазып бір-ақ шықтым. Бұл командаға бұрын бірге жұмыс істеген біраз әріптесім жиналып үлгеріпті. Журналистер Жолдасбек Дуанабай, Роза Қараева, газет корректорлары Әйкен Маматаева, Бағдат Бәкірова апайлар да бар екен. Роза «Гүлнар, келгенің дұрыс болды. Балаларға күтуші табылады ғой» деп қайрап қойды. Бұл 21 ақпан болатын.
Біз осылайша, газеттің алғашқы нөмірін дайындауға кірісіп кеттік. Серік аға мен бас редактордың орынбасары Әділбек аға небір идеяларды ортаға салады. Басқа журналистер де қарап қалмай, қандай мәселе көтеру керек, газеттің дизайны қалай болуы керек деген ойларын білдіріп жатады. Жаңа жарық көретін басылымның басты шарты – ақпараттық газет болатыны. «Ақ сөйле!» айдарымен белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлерімен бір бетке тұтас сүбелі сұхбат берілетін болды. Үлкен форматта, аптасына бес рет шығатын газетті күнделікті ақпаратпен толтыру оңай болмасы анық еді. Дегенмен 3 наурызда бір компанияға қарайтын «Литер» газеті, 6 наурыз күні Аiqyn-ның алғашқы нөмірі жарық көріп, қос газет көп ұзамай ақпарат айдынынан өз орнын ойып тұрып алды.
Бірден айта кетейік, «Литер-медиа» ЖШС-ның материалдық жағдайы өте жақсы болды. Медиа-менеджер Ерлан Бекхожин ағамыз қос газеттің жақсы шығып, қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін бар жағдайды жасады. Ыңғайлы кеңсе, техникалық құрал-жабдықтар, тіпті күнделікті нөмірді дайындаған соң қызметкерлерді үйлеріне жеткізіп салатын көліктер де қарастырылды. Ол кезде ұялы телефонның мүмкіндігі қазіргідей болған жоқ. Астана мен өзге өңірлермен байланыс жасап, ақпарат алып, материалдар дайындау үшін редакцияда қалааралық байланыс телефоны үздіксіз жұмыс істеп тұрды. Ең бастысы – қызметкерлердің жалақысы өзге басылымдарда істейтін әріптестермен салыстырғанда ауыз толтырып айтарлықтай жоғары болды. Серік аға «Бізде жұмыс істейтін қыз-жігіттердің әрқайсысы кім болса да санасатын тұлға болуға тиіс. Материалдық жағдайы жақсы болуы керек» дегенді жиі айтатын. Расында, көп ұзамай қыз-жігіттердің алды көлік тізгіндеп, одан кейін пәтерлі бола бастады. Материалдық жағдайдың жақсы болуы жұмыс сапасына да оң әсерін тигізбей қойған жоқ. Қызметкерлер жұмысты бар ынтасымен жасады деуге болады. Аймақтардағы тілшілер де өз өңірлерінен өткір материалдар ұсына бастады.
Өзім экономика бөлімінде жұмыс істегеннен кейін хабарым бар, «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсібі» сияқты ұлттық компаниялармен жақсы жұмыс жүргізілді. Көп ұзамай түрлі министрліктің тізгінін ұстап отырған марқасқалар да «Ақ сөйле!» айдарының тұрақты «қонағына» айналып, өз салалары туралы ағынан жарылып әңгіме айтатын болды. Ауызы дуалы ақын-жазушылар, ғалымдар Аiqyn-ның кейіпкеріне айналды. Лауазымды тұлғалар біздің тілшілердің сұрағына қомсынбай пікірлерін білдіре бастады. Айта кету керек, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықоваларға тікелей телефон соғып, талай пікірлерін алғанбыз (қазір қарапайым тілшілерге телефонмен жауап беретін шенеуніктер бар ма екен?)
Көп ұзамай 32 беттік «Аiqyn-апта» шығып, сайт іске қосылды. Бұл басылымның салмағын бұрынғыдан да арттырып, жұмысты қыздыра түсті.
Жалдамалы кеңсе болғаннан кейін бе, біздің компания жиі қоныс аударды. Кезекті кеңсеміз Мақатаев көшесінің бойында орналасқан еді. Заманауи үлгіде жабдықталған, көрген жан қызығатындай әдемі кеңсе болды. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бірге тәмамдаған белгілі иллюзионист, марқұм Алтынай Байтоқанова редакцияға келіп сұхбат бергенде «Сендер дамып кетіпсіңдер ғой. Шетелдерде жүргенде «Шіркін, біздің қазақ журналистикасы қашан осындай деңгейге жетеді?» деп армандаушы едім. Қандай жақсы, бәрі заман талабына сай. Мұндай жерде тек жұмыс істеу керек» деп шын ықыласын білдірген болатын. Міне, сол кеңсеміз бір демде өртеніп кетті. Бәріміз жұмыс істеп отырғанбыз. «Сыртқа шығыңыздар. Өрт шықты!» деген соң, компьютерімізді өшірген күйі жеке заттарымызды алып сыртқа беттедік. Электр желісінен шыққан өрт бір демде төрт қабатты ғимаратты шарпыды. Осындай жағдай басымыздан өтсе де, газеттің бір нөмірі тоқтаған жоқ. Есіктің алдына палатқа құрылып, журналистер ноутбуктермен жұмыс істеді. Әбден өрт сөндірілген соң ғимаратқа кіруге рұқсат берілді. Қаншама жиһаз, компьютерлер жарамсыз болып қалды. Кеңседе намаз оқитын шағын бөлме болатын. Бір қызығы, сау-тамтығы қалмаған кеңседен сол бөлме қабырғасында ілулі тұрған Меккедегі қағбаның суреті аман қалыпты. Бұл құдіретке таңданбаған жан қалмады.
2008 жылы газеттің бас редакторы болып Бауыржан Омаров ағамыз келді. Тәртіп пен талапты жақсы көретін, босаңсығанды жаны қаламайтын Бауыржан ағамыз жұмыс істеу стилінің басқаша екенін бірден аңғартты. Газетте жаңа айдарлар ашылып, жаңа кейіпкерлер шыға бастады. Басылымның қатесіз, таза шығуы да қатаң бақылауда болды. Кезекшілік атқарған кейбір жігіттердің «Осы менің көзім қате көрмейді» деп, корректор қыздар оқыған беттердегі қателерді көшіріп салып жүретіні сол кез ғой.
2009 жылы газетке Нұртөре Жүсіп бас редактор болды. Компания басшысы Ерлан Бекхожин ағамыздың «Нұрекең – бренд редактор. Аiqyn газеті бұрынғыдан да жақсы шығатынына сенемін» дегені есте. «Ағымдағы ақпаратты қамтыған жақсы, ара-арасында «өлмейтін», ескірмейтін дүниелерді де жазып отырыңдар» деген Нұртөре аға журналистерге біраз еркіндік берді. Осы кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша біраз журналистердің кітабы басылып шықты. Менің де экономика тақырыбындағы сұхбаттарым қамтылған кітабым осы қатарда жарыққа шықты. Әлеуметтік ахуалымызға тікелей әсер ететін сала болғанымен экономика тақырыбын екінің бірі қызығып оқи қоймайтыны рас. Дегенмен экономиканың түрлі саласындағы мықтылармен болған сұхбаттардың бір жинақ болып шыққанына «Өзіміз үшін бір естелік болып қалады» деп қуандық. Осы кітапқа сұхбаты енген техника ғылымдарының докторы, профессор, талай жыл «Қазжол» ҒЗИ-ын басқарған Бағдат Телтаев ағамыздың «Бұл ел экономикасының бір кезеңін түгел қамтыған жинақ болған екен» деген сөзін естіп, бір марқайып қалғанымыз бар.
«Өлмейтін», ескірмейтін әңгіме демекші, кейіннен мен «Өмір өткелдері» айдарын жүргіздім. Оған себеп болған академик Төрегелді Шарманов пен экономист, ел Премьер-Министрінің орынбасары болған Нығметжан Есенғарин ағаларымыздың сөзі түрткі болды. Бірде Төрегелді ағаға сұхбат алу үшін хабарлассам, «Өмір, достық тақырыбында әңгіме айтқым келеді» деді. Нығметжан аға да «Журналистерге қазақ елінің экономикасы, көлік және коммуникация саласы, оның үстіне теміржолы туралы талай сұхбат бердім. Енді өткен өмір жолым туралы еркін сұхбат бергім келеді» деді. Ағаларымыздың сөзі қамшы болып, Аiqyn-да жаңа айдар ашылып, қазақ елінің дамуына түрлі салада еңбегі сіңген аға-апаларымызды әңгімеге тартып, ішкі сырын ақтарып, еркін әңгіме жүргіздік. Еліміздің тау-тұлғалары Сұлтан Жиенбаев, Талғат Бигелдинов, Әмен Қайдар, Герольд Бельгер, Мақаш Тәтімов, Жақсылық Үшкемпіров, Әшірбек Сығай, Шот-Аман Уәлиханов, Ким Серікбаев, тағы да бірқатар ағаларымыз бүгінде өмірден озып кетті. Бірақ тасқа басылған сөзі қалды. Осындай қырық қайраткер қамтылған қомақты кітап Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарық көріп, еліміздің бүкіл кітапханасына таратылды. Бұл да Аiqyn-да қызмет еткен күндерден бір белгі, естелік болып қалды.
2018 жылы Аiqyn редакциясы Астанаға қоныс аударғанда менде қимастық сезім болды. Бір үйдің баласындай болып жұмыс істеген әріптестерімнің бір күнде басқа жаққа кетуі оңай тиген жоқ. Дегенмен Алматы қаласындағы меншікті тілші болып қалуым сәл де болса көңілге демеу болды. Уақыт өте келе басқа қызметке ауыстым. Он жеті жыл табан аудармай жұмыс істеген Аiqyn газеті мен үшін қашан да ыстық. Орны да, жөні де бөлек. Әріптестерімді газетіміздің 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Әрқашан биіктен көргім келеді. Шығармашылық табыс тілеймін!