Жуырда таксиге төлем жасау үшін жүргізушінің нөмірін kaspi қосымшасында теріп едім, есімі шықты. Есімі – Фантазия.
Есімде ерек бір сыр бар
фото: Aikyn газеті
2,170
оқылды

Ата-анасының ат қоюдағы фантазиясы не деген керемет, иә? Мұндай есімді бұрын-соңды естімегеннен шығар, бірден кім қойғанын, мағынасын сұрадым. Атасы қолынан бал тамған шебер болып, түрлі дүниелерді өз идеясынан шығарып жасаған екен. «Атамның құрметіне мені әкем Фантазия деп атаған», – деді жүргізуші. Қазір ел естімеген ерекше есімдерді арқалап жүрген жандар жетерлік. Олардың көбі атаулы күндер болғанда немесе белгілі бір оқиғаға, нанымдарға байланысты қойылған.

Халық арасында балаға қойылған есімдер болашақта өміріне әсерін тигізеді деген наным бұрыннан бар. Өмірге келген сәбиге азан шақырып, ат қоюға халқымыз ерекше мән берген. Батырлардың, елге даңқты тұлғалардың есімін қойып, сол кісілердей болуын қалаған. Қазір есім қоюда шекара жоқ. Бірақ қандай ат қойылса да, баланың тағдырына ықпалын тигізеді дейді этнографтар. 

«Балаға есім беру нәрестені баланы бесікке салатын күні жасалады. Баланың атын халық ішінде беделі бар, білімді, ел мойындайтын, сөзінде тұратын адамдар арнайы шақырылып қойған. Қазақта ат қоюдың өзіндік ерекшелігі де бар. Нәрестеге ат қайталанбай қойылуға тиіс. Сонымен қатар мағыналы және құлаққа да жағымды естілуі керек. Себебі баланың аты келешекте мінезіне әсер етеді. Өсе келе, есімінің мағынасы санасына сіңеді де, ол адам мінезінің қалыптасуына, өсіп-жетілуіне ықпалын тигізбей қоймайды. Ат қойған адамның ішкі мәдениеті, тәрбиесі, оның интеллектісі көрінеді. Сондықтан ат қою дегеннің өзі – үлкен өнер. Халқымыз ат қоюға бұрыннан бері аса жауапкершілікпен қараған», – дейді этнограф Ғалым Шағ­дарұлы.

Балаға бейберекет ат қоя беруге болмайтын дәстүрді басқа халықтар да алға тартады. Жақында Скандинавия түбегіндегі Финляндияда балаға есім қоюда қатаң талап сақталуы керек екені  туралы ереже қабыл­данды. Аталмыш ереже талаптары бойынша балаға кей есімдерді қоюға тыйым салынды, ішінде Исус немесе Волан секілді дінге қа­тысы бар кейіпкерлер не болмаса пайғам­бар­лардың, сондай-ақ қандай да бір заттың немесе бұйымның атауын балаға таңуға, сонымен қатар адамды қорлауы мүмкін, баланың болашағына зиянын тиигізуі мүмкін аттарды қоюға тыйым салынған. Бұдан бөлек, адамның аты-жөніне қатысты заң бойынша ұл балаларды әйелге тән есіммен атауға немесе қыздарды ерлерге тән есімдермен атауға тыйым салынады екен. Ал біздің елде тыйым салынған есімдер тізімі жоқ екен. 

Павлодар қаласының тұрғыны Сүзге өзінің атын әжесі қойғанын айтты. Атын алғаш естігендер түсінбей, қайта-қайта сұрайды-мыс. Айтуынша, Сүзге – орыстарға қарсы соғысқан қазақ батырының есімі. Бір қызығы, ол өзінің қыздарына тек гүлдердің атын қойыпты: Раушан, Қызғалдақ, Жауқазын, Жұпар. «Бұл отбасымыздың – символы», – деді тұрғын. Қазақта ырым өте көп. Әсіресе, балаға ырымдап ат қою ата-анасының ниетін білдіріп-ақ тұрады. Атын ырым­дап қойылған Болымсыз өз есімінен ыңғайсызданбай­тынын айтты.

«Ата-анам шаңырақ көтергеннен кейін, бес нәрестесі де 3-4 айдан кейін шетінеп кетіп жүрген. Бұл жағдай әке-шешеме өте ауыр тиген. Анамның айтуынша, нағашы әжем тағы да бала дүниеге әкелуін халқымыздың ырымдарына сүйене отырып, баланы аман алып қалудың жөн-жорал­ғысын жасайтынын айтқан. Солай мен дүниеге келгенде 95 жасқа келген әжейге құлағыма азан шақырып, ат қоюын өтінген. Ол кісі маған «Болымсыз» деп ат қойыпты. Бұл – нәресте болмаған кезде құлаққа түрпідей естілетін есім қоятын ырым. Ес білген кезде өз атымнан ыңғайсызданып жүрдім. Достарым мазақ еткеннен ата-анама ренжіген кездерім болды. Кейін осындай ырым бойынша қойылғанын түсінген соң, ренішім басылған», – деді ол.

Тағы бір қызығы, ер мен әйел адамға бірдей есімдер қойылады. Ардақ, Баян, Бақыт сияқты тағы бірқатар есімдерді атауға болады. Бірақ Назым ағай туралы көп адам білмейтін шығар. 

«Анам тоғыз құрсақ көтерген. Шаңыра­ғымызда қыз баласы жоқ, сондықтан менен кейін қыз бала дүниеге келсін деген ниетпен маған қыздың есімін қойыпты. Есімім өзіме ұнайды, өзгертетін ойым жоқ. Мен мектепте сабақ бергендіктен, мені іздеп келетін оқушылар не ата-аналар Назым апай деп іздеп келетін еді. Назым Жұмағалиұлы емес шығар деп сенбейтіндер де көп болған. Өзіме кеп те «Назым апайды көрдіңіз бе?» деп сұрап жатады, 

«Назым – мен» десем, кейде күледі маған қарап. Бірнеше рет  қайталап, түсіндіріп сендіруге тура келеді. Әлем­дегі еркек Назым жалғыз мен шығар­мын», – дейді мұғалім. 

Әлемнің әр елінде ат қою есімдері түр­ліше. Мысалы, Қытайда бала есін білгенше оған ат қоймайды. Таңдауды баланың өз еркіне қалдырады, оған дейін баланы әркім өзінше атайды. Бірақ соңғы кездері Қытайда еуропалық есімдер де сәнге айнала бастапты. Ал орыс халқында балаларды туыстарының құрметіне әулиелердің аты­мен атайтын дәстүр кездеседі. Кейбірі балаларына әдемі, еуропалықтарда сәнге айналған есімдерді қойса, жапондықтар баласына туған күніне, айына, жылына, мезгіліне, жұлдыз-жорамалына байланысты есім берген. Соңғы бес жылда көршілес өзбек елінде балаға бейберекет есімдер жиі қойылған екен. Нақтырақ айтсақ, көгілдір экранда көрсетіліп жүрген үнді, кәріс халқының киноларындағы кейіпкерлердің есімін тұрғындар балаларына қоя бастаған. Бұл туралы «Халқ овози» газетінде жазылып, бір жылда алты қызға үнді телехикаясындағы Ишани деген кейіпкердің есімі беріліпті.

Халқымызда «Баланың атын ұлық қой, көтере алса, ұлық болсын» деген аталы сөз бар. Ендеше балаға есім беруге келгенде үлкен жауапкершілікті сезінгеніміз жөн болар. Адам есімінің ертең ес жиып, етек жиған шағында сол адамның өміріне елеулі ықпал етерін естен шығармайық. Ал ырымға сүйеніп қойылған аттар мен ұлы тұлғалардай болып өссін деген ниетпен қойылған есімдердің көбеюі де сондықтан.   

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ