Өйткені кеңестік қыспақтан құтылған елдің саяси ахуалын, тұрмыс-тіршілігін, руханият әлемін, жүрер жолын тәспірлеп отыратын үнпарақтар қажеттіліктен туындап жатқан еді. Жұрттың соны ақпаратқа сусап отырған кезі-тұғын. Содан болар, оқырманның жаңа басылымдарға деген ынтасы бөлек болды. 2000 жылдардың бас кезінде жаңа басылымдардың қатарын «Айқын» газеті толтырды. «Айқын» жарық көре салысымен ақпарат кеңістігіндегі орнын бірден ойып тұрып алды деуге болады.
Себебі біріншіден, басты ерекшелігі – газеттің шығу жиілігі еді. Аптасына 5 рет шығу, тек ол кезде «Егемен Қазақстанның» ғана маңдайына бұйырып тұрған кез болатын. Енді оған «Айқын» қосылды. Екіншіден, «Айқын» жаңаруды, жаңғыруды, жаңашылдықты ұстанды. Яғни, «Егемен Қазақстанға» қарағанда әлдеқайда еркін болды. Күлбілтелемей ашық жазды. Ақиқатты айтты. Қысқасы, «Айқын» айтары нағыз айқын басылым екенін танытты. Үшіншіден, басылымға жазу өрнегі бөлек, білімді де білікті, тәжірибесі мол, бір шоғыр талантты журналистер келді. Олар газетті бірден сара жолға түсіре алды деуге болады. Сондай-ақ «Айқын» жарық көрген уақыт – елімізде ғаламтордың әлі дамымаған кезі. Қазіргідей қолдағы ұялы телефонға үңіліп, әлемнің бір қиырында болған оқыс оқиғаны демде көріп отыратындай жағдай жоқ еді. Содан болар, жұрт «Айқын» не жазды екен?» деп, газет дүңгіршектеріне жүгіріп жүрген заман-тұғын. Әлбетте, бұл газеттің тиражын өсіруге үлкен себепкер болды. Қысқа ғана уақыт ішінде «Айқын» еліміздегі ақпарат кеңістігінде өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді. Бұл жерде газетті басқарған редакторлар жөнінде үндемей өтуге болмайды. Өйткені «Айқынның» «Айқын» болып қалыптасуында олардың үлесі алабөтен. Газет алғаш шыққан кезде оны Серік Жанболат басқарды. Өзі де, сөзі де бөлек дарынды азамат. Ұзақ жылдар еліміздегі телеарналарда қызмет еткен. Тәжірибесі жетерлік. Оның үстіне, өзіне орынбасар қылып газеттің «майын» ішкен Әділбек Қабаны алды. Ал екі мықты тандем болған жерде газет қалай жаман болсын. Бірден түрленіп, гүлденіп жүре берді. Серіктің өзге редакторлардан бір ерекшелігі – домбыраны да, гитараны да тартып, әуелетіп ән салатындығы. Сазгерлік қасиеті де баршылық. Ұжымның тойларында әзіл әңгімесін айтып, ортаға шығып билеп кететін, өнерден де құр алақан емес-ті. Серік Жанболаттан кейін газетке басшылыққа Бауыржан Омаров келді. Баукең кешегі Алаш азаматтарының сарқытындай еді. Болмысынан бекзаттықтың, дегдарлықтың, ақсүйектіктің лебі есіп тұратын. Лездеме кезінде көзілдірігін түзеп қойып, сырбаздана сөйлегенде кешегі өткен Алаш арыстары Ахаң мен Жақаңның (Байтұрсынұлы, Дулатов), Әлиханның (Бөкейханов), я болмаса Әлімхан Ермековтың бейнесін көргендей сезініп қалатынымыз рас. Қысқасы, Баукең бір бойына тектіліктің бар нұсқасын жинақтаған жан еді. Оның үстіне, газет ісін жетік біледі. Келді де кірісті. Небір жаңа айдарларды өзі қойды. Тың тақырыптарды тауып, соларды жазуға нұсқау беріп отырды. Сол Баукеңнің тұсында «Айқын» жаңа бір белеске көтерілді деп нық айтуға болады. Ал Нұртөре Жүсіп келген кезде «Айқын» мүйізі қарағайдай ірі басылымға айналып үлгерген. Атынан ат үркетіндей, билік санасатындай деңгейде еді. Нұрекең журналистикадағы жолын газеттен бастаған азамат қой. «Айқынның» жетпей жатқан жағын жеткізді, толмай жатқан жағын толтырды, болмай жатқан жағын болдырды. Бір сөзбен айтқанда, газетті төрт аяғынан тік тұрғызды. Сарабдал газетші, абадан редактор екенін танытты. Өз басым «Айқын» газетінде 12 жыл 2 ай қызмет етіппін. Сол он екі жылда басында атаған үш редактордың қарамағында жұмыс істеппін. «Айқында» жүріп айқындалдық, ысылдық, жазу стилімізді қалыптастырдық. Қысқасы, «Айқын» журналистік жолымдағы үлкен мектеп, ұстахана болды десем артық айтпағаным.
Төреғали Тәшен, Берік Бейсенұлы, Айгүл Аханбайқызы, Жұмабек Жанділдин, Ғалым Сүлеймен, марқұм Жолдасбек Дуанабай сияқты қарымды журналистермен қызметтес болдық. Бір қызығы, «Айқын» «көшпенді» газет еді. Тұрақты отыратын орны болмағандықтан, әртүрлі жағдайға байланысты араға бірер жыл салып тұратын жерін ауыстырып отыратын. Алматының өзінде жеті жерге көшіп-қоныпты. Сегізінші орны Астанаға көшіп, сонда тұрақтады. Сол «Айқын» газетінің шыққанына да биыл 20 жыл толып жатыр екен. Еліміздегі ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар, басылым ғасырлық тойын тойлайтын күнге жетсін дегім келеді.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,
(«Айқын» газетінің 2005–2017 жылдардағы тілшісі)