Бұдан бөлек, бас хатшы Андрей Крюков пен бас директор Серік Қасқабасовтың да қызметінен кететіні белгілі болды. Париж Олимпиадасы таяғанда тап мұндай өзгеріс енгізу не үшін қажет болды? Жазғы ойындарға дейін Головкин жағдайды жақсарта ала ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Қазақ спорты дәл қазір қиын кезеңдерді бастан кешуде. Әсіресе, олимпиадалық спорт түрлеріндегі нәтиженің тым құлдырауы жанкүйердің де, осы сала басшыларының да тынышын алды. 2018 жылғы жазғы Азия ойындары мен 2020 жылғы Токио Олимпиадасындағы тоқырау әлі де жалғасуда. Кейін ұлттық құрама Бейжіңдегі қысқы ойындардан құралақан келіп, 2023 жылғы Ханчжоудағы жазғы ойындарда алғашқы ондыққа да кірмей қалды.
Мұның бәрі біздің спорттағы жүйенің, дайындықтың және спорт менеджерлерінің әлсіздігін анық көрсеткен еді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Токио Олимпиадасынан кейін ескерту жасаса да, көрсеткіш айтарлықтай өзгерген жоқ. Ал Ханчжоудағы жазғы ойындар олимпиадалық спорт түрлеріндегі жағдайдың тым мүшкіл екенін дәлелдеді. Тіпті, 2014 жылы Инчхондағы жазғы Азиадада жеті алтын алған боксшыларымыз бұл додадан бір қоламен қайтқан еді.
Басталуына тура бес ай қалған Париж Олимпиадасына ұлттық құраманың небәрі 19 жолдама жеңіп алғаны да жағдайды қиындата түсті.
Осыдан соң Ұлттық олимпиада комитетінің жұмысы сын садағына іліге бастады. Қарапайым халықтан бастап биік мінбердегі лауазымды тұлғалар да Құлыбаев бастаған ұйымның қызметіне шүбә келтіріп, халықаралық аренада беделінің жоғын алға тартып, тіпті құрамына кілең зейнеткерлерді жиып алғанын да тілге тиек етті.
Құлыбаев – отандық спортта бұрыннан үлесі бар адам. Ол Ұлттық олимпиадалық комитетке дейін Бокс федерациясын бірнеше жыл басқарды. Соңғы қызметінде тоғыз жыл отырған «күйеу баланы» орнынан алу үшін Головкин сияқты халықтың сүйіктісі қажет болды. Сондықтан осы бір ірі ұйымға даңқты боксшының бекер келмегенін аңғару қиын емес. Иә, Головкиннен бөлек ел спортына қызмет етіп жүрген бұрынғы чемпиондар жоқ емес. Спорт саласында ұзақ жылдан бері жүрген Дәулет Тұрлыханов, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен Олимпиада жүлдегері Ислам Байрамуковты да бұл орынға ұсынғандар болды. Бірақ олардың атақ-дәрежесі бәрібір Головкинге жетпейтін, одан бөлек, Ұлттық олимпиадалық комитет халықаралық ұйым болғандықтан, мұнда әлемдік аренадағы беделді адамның қажет болғаны анық.
Біздің пайымымыз бойынша, Геннадий Головкинге Ұлттық олимпиадалық комитет тізгінін беру кезінде бірнеше фактор есепке алынды.
Біріншіден, Ұлттық олимпиадалық комитет – Халықаралық олимпиада комитетінің Қазақстандағы заңды өкілі. Ал әлемдік жарыстарда ХОК-тің айтқаны болатыны тағы бар. Соңғы турнирлерде төрешілерден әділетсіздік көрген тұсымыз көп болды. Сондықтан бұл жерде Головкиннің беделіне сенім артылып отыр. Геннадийді әлемдік ұйымдардың есігін «теуіп» кіретін тұлғалар қатарына жатқызуға толық негіз бар.
Екіншіден, қазір отандық спортқа деген жанкүйер ықыласы азайып, аталған сала жиі сынға ілігуде. Сол себепті Головкинді әкелу арқылы халықтың спортқа деген сенімін нығайту да көзделгені анық. Қанша дегенмен GGG бүкіл қазақты таңғы алтыда ұйқысынан оятып, теледидарға телмірте алған жалғыз адам. Оның бокстағы атақ-даңқы және ел алдындағы абыройы бұл қызметте де көмекке келері анық.
Үшіншіден, алыс Америкада өзінің жайбарақат өмірін сүріп жүрген Геннадий Головкинді елге әкеліп, оған отандық спортты сеніп тапсырғандардың да кім екенін бағамдау қиын емес. Головкин өзінің саясаткер де, шенеунік те емес екенін алға тартып, отандық спортқа шынымен өз үлесі қосылатын болған соң ғана бұл қызметке келіскенін айтты. Яғни, даңқты спортшы құр келмей, өзінің нақты талабын да айтып отыр. Демек, Головкиннің беделі бұл жерде тағы да рөл ойнайды. Оның қандай өзгерістер ұсынатынын Париж Олимпиадасынан кейін бағамдаймыз.
Ал әзірге Головкин келген соң Париж Олимпиадасында алтынды «қырып» аламыз деген ойдан ада болу керек. Өйткені аз уақыттың ішінде әйгілі Гена да ештеңе өзгерте алмайды. Себебі спорт – уақытты, дұрыс жүйені және тұтастай дайындық циклін талап ететін сала. Осы жүйе ретке келмейінше, болашақ чемпиондарды өсіру оңай болмайды.
Айтпақшы, әлеуметтік желіде Головкин келген соң спорттағы жемқорлық азаяды дегенге саятын пікір көп. Шамасы, көпшілік жанкүйер Ұлттық олимпиада комитетіне мемлекет бюджетінен қаржы бөлінбейтінін ұмытып кетсе керек. Иә, 2018-2022 жылдар аралығында отандық спорттағы қаражат тұтас ҰОК меншігіне беріліп, барлығын Құлыбаевтың командасы реттегені рас. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін отандық спорттың бюджеті толығымен Спорт және туризм министрлігіне өтті. Бүгінде министрлікке қарасты Спортты дамыту дирекциясы мен Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитет осы саланың қаражатын түгел басқаруда. Оған облыстық Спорт басқармаларын қосуыңызға рұқсат.
Демек, жемқорлық тақырыбын да Головкинге артудың қажеті жоқ. Оның ең басты міндеті – Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі үшін жұмыс істеп, ұлттық спорт федерацияларының рөлі мен жауапкершілігін көтеру болмақ.
Арда КЕМЕЛ