Орал қаласында өзіндік әлемі бар таңғажайып орталық бар. Қалалық мәдениет және демалыс саябағының түбінде орналасқан орталықта Надежда Гурская есімді келіншек солтүстік бұғыларын өсіріп отыр. Үш жыл ішінде қалалықтардың ең жиі баратын демалыс орнына айналып үлгерген фермаға біз де бас сұқтық.
Оралдық Надежда бұғы өсіреді
1,399
оқылды

Төрт гектар жерді алып жатқан ай­мақ­ты көруге көз керек. Құдды бір ертегі әлеміне еніп кеткендей бола­сың. Ерек­ше етіп безендірілген шағын ғана фер­­маның иесі Надежда бізді өзі күтіп алды. 

Надежда Гурская – кинолог. Бұған дейін қызметтік иттер асыраған. Қазір «Се­вер­ная сказка» бұғы фермасының жұ­мысын жүргізіп отыр. 

Оралда cолтүстік бұғыларын өсіретін ферма осыдан үш жыл бұрын ашылған. Надежда бұғыларды Сібірден, дәлірек айтқанда Ханты-Манты өлкесінен әкел­ген. Фермаға алғаш болып Буран мен Север есімді бұғылар келген. Кейін олар­­дың тө­лі Бэсти есімді бұғышақ дү­ние­ге келіпті. 

Надежда осы ерекше ферманы ашу туралы көп ойланыпты. Әсіресе, бұғы­ларды өсіру, күтіп-баптау туралы көп ізденгенін айтады. Қанша дегенмен на­­ғыз Сібір бұғысын Оралға жерсіндіру аз еңбек емес. Климаты жұмсақ Оралда жаз­­дың күндері бұғыларды өзенге апа­рып тұрады екен. 

– Әйтпесе, олар қатты ыстықты кө­­­тере алмайды, – деп күледі Надежда. – Мен өзім кинологпын. Өмір бойына сол салада жұмыс істедім. Қызметтік иттерді күтіп-баптаудың қыр-сырын өте жақсы білемін. Жануарларды өте жақсы көре­­мін. Үйде де өте көп итім болды. Әсіресе, иттің түр-түрін өсіргенді жақсы көремін. Жан-жануарға деген махабба­­тымның нәтижесінде осы бұғы ферма­­­сын аштым. Қандай жануар ұстасам екен деп көп ойландым. Оралда жоқ ерекше бірдеңе жасауым керек де­­ген ой келді. Әрі ізденіп, бері ізденіп, Қазақ­станда солтүстік бұғылары мүлдем жоқ екенін білдім. Содан туған же­­рі­­­ме алғаш рет солтүстік бұғыларын Сібірден әкелдім. Бұ­ларды әкелу де оңай болма­ды. Әрі бұлар арзан тұрмайды. Бұ­­лар – на­ғыз солтүстік бұғылары. Сон­­­дықтан да бұғыны көргісі келетіндер Қазақ­­­­­стан­ның түкпір-түкпірінен келеді. 

Бұғы фермасына келушілер қысы-жазы толастамайды. Қазір қыстың соңғы айында тіпті көбейген. Біз барған күннің өзінде адам көп. Бәрі бұғы жегіп, шанамен серуендеп жүр.

Фермада үш бұғы, бірнеше асыл­­тұқымды қоян мен хаски ит­­тері, сон­дай-ақ пони мен жанат та бар. 

Кейіпкеріміздің айтуынша, бұғы жануарының өзі қымбат тұрады. Оның жейтін арнайы тамағын тапсырыспен Ресейден алдырады. Бұғы – керемет, мейірімді жан­уардың бірі. Олардың үстіңгі тістері де жоқ, ал астыңғы тіс­тері балалар­дың сүт тісінен 2 есе кіші. Бұл бұ­ғылар­­дың еш зияны жоқ екенін тағы бір рет дә­­лел­дейді.

– Оларда маңдай тіс болмайды. Сондықтан қорықпай қолдан тамақ­­­­тандыруға болады. Бұғы рационында негізгі орында мүк болғандықтан, бізде азық-түлікті тасымалдау және жеткізу бірінші орында. Біз оны бұғы мекен­­дейтін жерден, Сібірдің өзінен аламыз, өйткені ол басқа еш жерде өспейді. Мүк­тен басқа, бұғы жидектер мен саңы­­­рау­­құлақтарды жей алады, бірақ мүк – олар­­­­дың ағзасы үшін ең қажетті өнім. Сондықтан біз оларды көптеп сатып аламыз. Сонымен қатар олардың ги­гие­насы туралы да ұмытпаймыз, күніне 2 рет  ваннаға түседі  және өзенге апа­­рамыз. Олар жүзуді ұнатады және кере­­мет жүзеді, – дейді ферма иесі.

Бұғылардың басты ерекше­­­­­лі­гі – олар­дың мүйізі. Ол өте жұмсақ және ұсақ түкті болып келеді екен. Әрі өте жылдам өседі. Күніне 2 см-ге дейін өсе­­ді. Қыста жұмсақ мүйіздері қатайып, бұтаққа айналған кезде, бұғы­­лар оны тастайды. Солтүстік бұғылары­ның ата­лықтарында ғана емес, ана­­­­лық­тарында да мүйіз болады екен. Басқа бұғылардың ана­­лықтарында мүйіз бол­­­май­ды. Ата­­лығы қыстың бастапқы айла­рында тас­­­таса, аналықтары мүйізін төл­дегеннен кейін тастайды. Мүйіздерін тастағаннан кейін, үшінші күні ол қайта өсе бас­тайды.

Надежда Гурскаяның айтуынша, бұл фермаға ол кәсіп ретінде немесе пайда көзі ретінде қарамайды, керісінше жаны­на жылулық сыйлайтын хоббиі санайды.

Хаски тұқымды иттер мен пониды Ресейдің Толятти қаласынан әкеліпті. Біз барған күні ауа райы тамылжып тұр­ды. Осыны пайдаланған жануар­­­­лардың бәрі күншуақта қыздырынып жатыр екен.

– Хаскилер өте мейірімді болады. Адамға зияны жоқ. Менің орталығыма балалар көп келеді ғой. Солар үшін қа­уіпсіз әрі фотоға бұлар өте әдемі түседі. Өздері сүйкімді, бәрі ерке. Мен бұларды күніне екі мәрте тамақтан­­­­дырамын. Қоянның үш түрлі тұқымы бар. Бұл қоян­­дар – кәдімгі оралдық қояндар. Ба­­лалар келген бетте қоянның жанынан шықпайды. Оларды қолдарына алады, құшақтап фотоға түседі, – дейді Надежда Гурская.

Надежда осы жердегі әр жануардың «тілін» біледі. Ол осы жерден өмірінің мәнін көреді. 

– Жануарлар әлемі деген бір тұңғиық қой. Сүңгіп кетсең, өте әдемі әлем еке­­нін түсінесіз. Әсіресе, мына бұғылар – нағыз терапияның көзі. Жаның жабыр­­­­қап тұрғанда осында келіп, бір демалып қаламын. Ана хаски тұқымды иттер бә­рін сезеді. Бұлардың әлемі де, тілі де бөлек. Мен өзім бәрінің тілін түсінемін. Жануарларды сүймейтін адам қоршаған ортасын да сүйе алмайды. Жалпы, қай іске де махаббат керек. Егер менің жан-жануарға деген махаббатым болмаса, бұл орталық та болмас еді. Алдағы уа­­қыт­­­­та тағы да бұғылар әкеле­­­мін. Әзірге ешқандай мемлекеттік қолдау көріп отыр­­­­ғаным жоқ. Бәрін өз қаражатыма жасап жатырмын. Жалпы, менің негізгі мақсатым да сол. Қоғамға, айналама пайдалы болғым келеді. Әзірге сол әлеу­меттік аз қорғалған топтарға ғана тегін мүм­кіндік беріп отырмын, – деп жан сырын ақтарды кейіпкеріміз. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы