Алматы қалалық прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар жіберген заңбұзушылықтарды анықтады.
Алматыда экс-аудан әкіміне 9 миллион теңге айыппұл салынды
Фото: kzl.sud.kz
616
оқылды

Алматыда мемлекеттік сатып алуларды жүргізу барысында заңбұзушылық жасағаны үшін экс-аудан әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алматы қалалық прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар жіберген заңбұзушылықтарды анықтады.

«Мысалы, мемлекеттік сатып алуға қатысушыларда сәйкес рұқсаттың (лицензия) болуына қарамастан, тапсырыс беруші (ұйымдастырушы) олардың конкурстық өтінімдерін негізсіз кері қайтарған, егер олар конкурсқа жіберілгенде, 100 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге болатын еді. Көрсетілген құқықбұзушылықтар үшін бұрынғы аудан әкіміне 9,2 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.

Одан бөлек, қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына 43,3 млн теңгеге 161 әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Басқа жағдайда, тапсырыс берушілердің бірі конкурс жариялау кезінде тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді біртекті түрлері мен оларды жеткізу орны бойынша бөлмеген, осылайша ірі кәсіпкерлерге артықшылық бере отырып, шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуетті өнім берушілерін конкурсқа қатысудан шектеген», – делінген хабарламада.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша конкурстың күші жойылды және мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілердің тең шарттары сақталуына сәйкес қайта өткізілді.

2024 жылдың басынан бастап прокурорлардың актілері бойынша 10 млрд теңгеден астам сомаға конкурстар тоқтатылды.