Қарағанды облысында су басу қаупі жоғары 174 елді мекен анықталды
Қарағанды облысында су басу қаупі жоғары 174 елді мекен анықталды
© inform.kz
230
оқылды
Қарағанды облысының құтқарушылары су тасқынына белсенді дайындалуда. Олар қандай шаралар қолданатынын және синоптиктер алдағы уақытқа қандай болжамдар беріп отырғанын Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте мәлім етті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. 2019 жылы құтқарушылар 27 қорғаныс бөгеттерін нығайтып, 12 км дренажды және су бұру каналдарын салды. Елді мекендерден 1 млн 800 мың текше метр қар шығарылды. «Қарағанды облысы әкімінің тапсырмасы бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары әзірленді. Қазір көктемге дайындыққа жауапты барлық мемлекеттік органдар соған сәйкес жұмыс істеуде. ТЖД қызметкерлері осы тапсырмаларды орындауға барынша жауапкершілікпен қарайды, себебі су тасқыны кезеңінің өтуі бізге байланысты», - деді Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қатпанов. Қазір облыста су басу қаупі жоғары 174 елді мекен анықталды. Олардың барлығы өзен арналарының бойында және су қоймаларының жанында орналасқан. 15 наурыздан бастап аталмыш елді мекендердің әрқайсысында тәулік бойы құтқарушылар кезекшілік ететін болады. «Су басу қаупі кезінде біз жүкті әйелдерді, созылмалы аурулары бар науқастарды, қарт адамдар мен балаларды алдын ала көшіреміз. Барлық ауыл және кент әкімдерінде олардың тізімдері бар. Егер су келсе, онда бізде эвакуациялау техникасы дайын тұр. Көшірілген адамдарды уақытша орналастыру үшін 231 пункт толығымен жабдықталған», - деді Мұрат Қатпанов. Ол сондай-ақ су тасқыны қаупі бар елді мекендердің тұрғындары су басу кезіндегі іс-қимыл алгоритмімен таныс екенін атап өтті. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылады. Қазгидрометтің болжамынша, наурыз айында орташа температура нормадан бір градусқа жоғары болады. Облыс аумағында күндізгі уақытта наурыздың екінші онкүндігінде күн жылиды. Түнде термометр бағанасы ай соңына қарай нөлден жоғары көтеріледі.