Бірақ бұл күнді біз тек белгілі бір ұлтқа алғыс айту деп емес, жалпы адамзатқа ортақ мереке деп ұққымыз келеді. Соның ішінде мерекенің ретін пайдаланып, қазақ тарихында орны елеусіз қалған қазақ әйелдеріне тоқталмақпыз. Себебі олардың ұлтқа, елге, қала берді қазақ қоғамына сіңірген еңбегі ер адамнан еш кем емес. Әрине, ақпараттық-нарықтық заманда тарихтағы әйел тұлғалардың есімі де көбірек аталып, айтылуы – жағымды құбылыс.
Жалпы қазақ тарихында қадым заманнан бері есімі елге мәшһүр Тұмар патшайым, Бопай ханымдардан бөлек, 19-20 ғасырларда алғаш мектеп ашқан, өлім аузында жатқан науқасты айықтырған, қазақ баспасөзінде әйел теңдігі мәселесін көтерген қазақ әйелдері болды. Оған біз Хұснижамал Нұралыханова, Гүлсім Асфендиярова, Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаева, Шолпан Иманбаева секілді әйел тұлғаларды жатқызамыз. Бұл – әрине, қазақ әйелдерінің бір бөлігі ғана. Аталмыш мақалада осы тұлғалардай есімі ел жадында сақталған кейбір қазақ әйелдерінің өміріне тоқталып, бүгінгі мерекенің қарсаңында алғыс айтқымыз келеді. Біз өз кезегімізде тарихшы, режиссер, алаштанушы, мәдениеттанушы мамандарға хабарласып, қазақ тарихындағы қазақ әйелдерінің рөлі жайлы сұрап, мерекеде кімге яки қай қазақ әйеліне алғыс айтатынын білген едік. Ендеше сөз кезегі сарапшыларда...
Қазақ әйелінің рухты бейнесі – Егіндібала
«1 наурыз – Алғыс айту күні» дейді... Менің түсінігімде, бұл – адам баласының тағдыр тақтасына зер салып, шүкір қылып, жан жылуын сезінген қадірлі жақынына көңіл ықыласын, қошемет-құрметін білдірер мереке... Тарих парағында жазылған арда қазағымның «қап» деп опынған, ар адалдығына «паһ..!» деп сүйсінген сәттер аз емес. Әсіресе қазақ әйелдерінің, қазақ қыздары мен аналарының орны ерекше. Қазақтың адамдық, ұлттық болмысының өзегінде қазақ анасының ақ тілеулі дұғасы, көз жасының тамшысы, маңдай тер еңбегінің иісі, күш-жігер, қажыр-қайратының қуаты һәм ең бастысы махаббаты мен мейірімінің, ар жолындағы азапты мехнатының табы бар деп білемін. Сондықтан Алғыс айту күнінде қазақ әйелдерінен кімге алғыс айту керек десе, осынау еліміздің тілеуін тілеп отыратын барша қазақ аналарына Алғыс айтар ем...
Алысқа бармай-ақ қоялық, кешегі XX ғасыр басында мынадай оқиға болған екен... Қызылы, ағы бар, елдің мазасы кеткен қиын кезде, белгісіз бір топ ауыл малын барымталап, алып кетпек болады. Ауылда ол кезде ер кіндіктіден бала-шаға мен кәрі-қартаң ғана... Сол кезде Егіндібала деген ер мінезді апамыз, 10 жастағы кішкентай ұлы жылап келіп, «малды айдап алып кетті» деген хабарды айтқанда, үстіне күйеуінің ілініп тұрған тон-тымағын киіп, қолына шоқпар алып, жылап-сықтаған әйелдердің ойбайына қарамай, барымташылардың соңынан қуа жөнеледі. Қуып жетіп, 2-3 не шамасы жетіп, ерегесіп жүргенде, даладағы айқаста жалғыз адамға жабылған 7 адамның сұлбасын Тәуке батыр көріп, көмекке келіп, ақыр аяғында малды ауылға кері қайырған деседі. Бұл – ел арасында тараған әңгіме болса да, қазақ әйелінің шынайы рухты бейнесін көрсететін қайратты әңгіме. Сондықтан қазақ әйелі бесік тербеткен қасиетті де, ел қорғайтын рухты да, ақ тілеулі мейірімді де, ардың ала жібін аттамас адалдықты да бір бойына сіңірген қастерлі жан. Олай болса, алғыс айту күнінде киелі һәм әппақ тілеуімен ел тілеуін тілеп отырған, қасиет те өзі, кие де өзі аналарымызға, шын жүректен алғыс айтамын! – дейді алаштанушы, филология мамандығы бойынша философия ғылымдарының PhD докторы Қарлығаш Әубәкірова.
«Халық жауының әйелі» атанған Рабиға Асфендиярова
«Өкінішке қарай біздің қазақ тарихында қазақ әйелдерінің есімі көп айтыла бермейді. Былтыр ғана Рабиға Серәліқызы Асфендиярованың туғанына 130 жыл толды. Біз тек оларды танымал тарихи тұлғалардың жары, анасы, қызы деген сыңайда ғана білеміз. Ал бірақ бұл қаншалықты әділетті? Меніңше, еш әділетті емес. Өкініштісі, өз басым Санжар Асфендияровтың өмірін ұзақ уақыт бойы зерттеп келсем де, оның жары Рабиға жайлы аз біліппін. Мен үшін де, маған дейін де оның өмір тарихын зерттеген тарихшылар үшін де ол көлеңкеде қала беріпті. Санжар Асфендияровтың архивтік құжаттарын іздеу барысында, оның жұбайы туралы да мәліметтермен таныстық. Қазірдің өзінде, осы қажырлы еңбектің арқасында оның өмір жолын баяндауға мүмкіндік беретін біраз материал жиналды. Әрине, Рабиғаның Самарқандта дүниеге келгені белгілі. Ол кезде әкесі әскери губернатордың аудармашысы болып қызмет еткен. Серәлі Санкт-Петербургте адвокаттық қызметпен айналысқан кезде ол Павловсктегі қыздар институтында оқиды. Сол жерде Рабиға Санжармен танысады. Көп ұзамай, екеуі шаңырақ көтереді. Олардың екі қызы болды: Әлия мен Адолят. Ал 1938 жылы ол «халық жауының әйелі» ретінде қамауға алынып, 5 жылға сотталып, Алжирге жіберілді. Бұл – іс жүзінде ол туралы осы уақытқа дейін белгілі ақпардың бірі.
Біздің архивтік ізденістеріміз, негізінен Императорлық әскери-медициналық академияның студенті Санжар Асфендиаровтың жеке ісіндегі құжаттардың арқасында 1912 жылы Академия конференциясының рұқсатымен олардың ресми некесінің күрделі тарихын ашуға мүмкіндік берді. Олар мұсылман некесі бойынша, Ташкентте бір жыл бұрын үйленген екен.
Оқуды аяқтағаннан кейін екеуі бірге Түркістанға кетеді. Өзінің қызмет ететін орнына – Термез шатқалына (Бұхара мен Ауғанстан шекарасында) бара жатып, Санжар аяғы ауыр жұбайын Самарқандтағы ата-анасына қалдырады. Сөйтіп олар біразға дейін кездеспейді. Санжар Түркістан әскери округінің түрлі шекаралық шебінде әскери-медициналық қызмет атқарады. 1914 жылы тамызда ол бірінші дүниежүзілік соғыс майданына 5-ші Түркістан атқыштар полкінің аға әскери дәрігері ретінде шақырылады. Тек 1916 жылдың қаңтарында ғана Ташкентке оралады.
Осыдан кейін Санжар революциялық соғыс пен азаматтық соғыстың кесірінен отбасынан жырақтай береді. Ал Рабиға өзінің қызы Әлияны бағып, қамқор болады. Оған анасы Зухра Ахмеровна қатты көмектесті.
1917 жылдың жазында Крайсовет Санжарды Ташкентке шақырып алып, мұсылман тыл еңбеккерлерін біріктіру жөніндегі жұмысты басқартты. Ал Рабиға Халық комиссариатының прокурорлық қадағалауында санақшы болып жұмысқа орналасты.
Шамасы, олардың отбасылық өміріндегі тыныштық 1919 жылдың күзінде Санжар Ташкентке оралып, Түркістан республикасының денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалған кезде орнады. Көп ұзамай, 1920 жылы екінші қызы Адолят дүниеге келеді.
1921 жылы Рабиға «орысша білетін» білімді маман ретінде Орталық одаққа іс жүргізуші болып жұмысқа қабылданды. Бұдан кейін 1923 жылы Түркістан Республикасының Халық денсаулығы жөніндегі Халық комиссариаты жанындағы дәріхана басқармасына есепші болып ауыстырылды.
1924 жылы одақтың ұйымдастыру бюросының хатшысы қызметіне қабылданды.
Санжардың Мәскеуге жұмысқа ауысуына байланысты ол бір кездері үй шаруасымен айналысып, 1927 жылы Бүкілресейлік орталық атқарушы комитет жанындағы татар өкілдігінде хатшының көмекшісі болып жұмысқа орналасты.
1928 жылы Алматыға көшкеннен кейін ол қайтадан үй шаруасымен айналысып, 1930 жылы ғана Қазақ АССР қаржы халық комиссариатының жоспарлы экономикалық басқармасына аға статист болып жұмысқа орналасты. Онда екі жылдан астам жұмыс істеді. Біраз уақыттан кейін ол республиканың Халық қаржы комиссарының жеке хатшысы (ол кезде комиссариатты белгілі Мұқаш Орынбаев басқарған) және Наркомфин алқасының хатшысы лауазымына көтерілді.
Кейін ол жерден өз еркімен кетіп, Мемлекеттік көпшілік кітапханасында (Қазіргі Қазақстан Республикасының Алматыдағы Ұлттық кітапханасы) жұмысын жалғастырып, библиографиялық кабинетті басқарды.
1933 жылы Рабиға Қазақ АССР Үкіметі (Халық Комиссарлары Кеңесінің) ісін басқаратын кеңсесінің бастығына дейін көтерілді. Бұл оның еңбек жолындағы ең жоғары қызмет болды.
1934 жылы ол мемлекеттік қоғамдық кітапханаға қайта оралды. Кітапханада жұмыс істеген жылдары Рабиға өкпе ауруымен ауырды. Сондықтан әр еңбек демалысы курорттық емделуге баруға тырысты. Мұны біз Санжардың оның атына жазған хаттарынан көре аламыз.
1937 жылы тамызда Санжардың Мәскеуде тұтқындалуына және НКВД абақтысына қамауға алуына байланысты Рабиға қыркүйекте кітапханадан босау туралы өтініш береді. Күйеуі 25 ақпанда атылғаннан кейін 1938 жылы сәуірде өзі қамауға алынып, мүлкі тәркіленіп, тінту жүргізіледі. Сол кезде оның қыздары мен анасы Зухра онымен бірге тұратын.
Оған сотталған деп, «халық жауының» жұбайы ретінде қарап, күйеуінің қылмысын жасырды деген айып тағылды. Бірінші жауап алу кезінде ол кінәсін мойындамай, Алматы түрмесіне қамалды. 1938 жылы 21 шілдеде 5 жыл мерзімге сотталды. 1954 жылы қайтыс болды.
Алғашқы білімді қазақ әйелдерінің бірі Рабиғаның өмір жолы мен тағдыры осындай. Санжар оны қатты жақсы көрді. Бұл біздің зиялы жұптардың ішіндегі ең әдемі жұптардың бірі десек те, артық айтпаған болар едік», – дейді тарихшы Алмас Жүнісбай.
Өмір бойы Мағжанның мұрасын сақтаған Зылиха
«Жалпы адамзат тарихында әйелдің орны өте ерекше. Кезінде Үндістанға барған сапарымда жергілікті халықтан Британия королдігінің колониясынан қалай шыққанын сұрап едім. Сонда олар үнді әйелінің арқасында аман қалғанын айтады. Өйткені ерлердің көбі ағылшынға еліктеп кеткен ғой. Бірақ әйелдері үстінен ұлттық киімі сариді тастамай, отбасын берік ұстап отырған. Ұзаққа бармай-ақ, қазақ тарихындағы Алашорда кезеңіндегі екі әйелдің тағдырын һәм ерлігін айтып кетейін. Оның бірі – Зылиха болса, екіншісі – Ғайнижамал. Әуелі осы Зылиха апайдан бастайын. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха апаймен 90-жылдары жолықтым. Сонда ол өмір бойы Мағжанның қолжазбаларын сақтап келгенін білдім. Бұдан бөлек оның суреті еш жерде жарияланбаған. Бұрынғы 1924 жылғы жарық көрген кітап бар. Сұлтанбек Қожанов Ташкентте шығарып берген. Одан кейінгі жазылған өлеңдер бар, басқа да қолжазбалар бар, соның бәрін осы кісі сақтаған. Мұның қандай азап екенін ешкім біле бермейді.
Себебі Мағжанды атқаннан кейін онымен сөйлескен адамдарын Сібірге айдай берген. Міне, осындай заманда ақынның өлеңін сақтау шынында өте қауіпті еді. Соған қарамастан ол өзінің көрпе-төсегінің, жастығының ішіне мол мұраны сақтап келді. Оны сақтағанның өзінде құрып кету қаупі болды. 70-жылдары Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев бастаған жігіттер бірігіп, жасырын түрде Бақытжамал Байқадамоваға (Мұхтар Әуезовтің стенографисі болған) айтып, соған кітапты 40 рубльге бастырған ғой. Сөйтіп сақталып келді. Кәдімгі қол машинкамен басқан екен, оны өз көзіммен де көрдім. Одан бөлек Зылиха Мағжан Беломорканалда жатқан кезде іздеп барып, елдің сәлемін жеткізген. Мағжаннан кейінгі жеке тағдырына байланысты әртүрлі әңгіме айтылады. Қанша дегенмен ол да адам, ол да әйел ғой. Бірақ ең бастысын айтайын, біз қазақ ұлтының адал перзенті болған, сүйген жары Мағжанның аманатын орындаған тұлға ретінде осы Зылихаға мәңгі қарыздармыз. Көз алдыңызға елестетіңізші, егер сол Мағжан жазды деген мол мұра сақталмай қалса, не болар еді?.. Сондықтан осындай апаларымызға мына айтулы күнде алғыс айтқым келеді. Ондай тұлғаны «Мағжан» деп аталатын деректі фильмімде түсіргеніме қатты қуанамын.
Одан кейінгі қазақ әйелдерінің ішіндегі есімі ерекше тұлға – Ғайнижамал. 20-ғасырдың басында оқығандардың бәрі патшаға қызмет етіп жатқан кез еді. Бірақ алаш қайраткерлері мұндай кезде реалистік деңгейде «еуропалық қадам» жасады ғой. Және қазақ оны түсінді. Ел арасында олар туралы кеңінен әңгіме болады. Себебі олардың алды сотталып та жатты. Сол кезде Омбыда атақты қазақ дәрігерлерінің отбасы өмір сүрді. Сондай отбасында өсіп, өніп, тәрбие алған Ғайнижамал еді. Ағалары Міржақыптың саяси ұстанымын ескертіп, одан басқа кез келген бай, оқыған жігітке тұрмысқа беруге құлықты екенін айтқан ғой. Сонда Ғайнижамал: «Ағаларым, рақмет! Бірақ мен осы Міржақыптың етегінен ұстаймын, ол не көрсе, соны бірге көремін, оған өмірімді арнаймын» деген мәнде жауап берген. Бұл – революцияға дейінгі болған оқиға. Кейін қарасақ, сол Ғайнижамал Міржақыппен бірге «Қазақ» газетінің редакциясында жұмыс істеді. Бәрімен араласты. Әрі оның тәрбиелеген қызы Гүлнар кейін Алаш ақталған кезде Алашорданың, жалпы Алаштың өмірі туралы қандай құнды деректер, естеліктер айтты, жазды... Демек Ғайнижамал қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғаның жанында болып, лагерьге де барып, ауыртпалықтың бәрін көтерді. Олар тек азапты күндерді ғана емес, бақытты да сәттерді өткерді ғой. Мәселен, Гүлнар мен Міржақыптың тойы Омбының жанындағы Коломзин деген станцияда болыпты. Сонда десертке балмұздақ жеп, тойды Мағжан мен Сәкен жүргізгені жайлы бұлардың жып-жылы естеліктері бар. Олар сондай бақытты, сәнді өмірді де сүрді. Бірде Орынборда жүрген кезде, олардың еуропалық үлгідегі киімінен орыстың шенеуніктері ығысып, алдынан өткізіп, жол беретін болған. Айтпағым, олар өз-өзін ұстауы, ойлауы, білімі жағынан да қазақ интеллигенциясының эталоны болды деуге толық негіз бар. Ең бастысы, мен жаңа мысал еткен екі қазақ әйелі қазақ қоғамы күткен азаттықтың негізін салуға себепкер болды. Біз сол үшін оларға және олардың ұлтқа деген, зиялыға деген құрметіне алғыс айтып, бас иуіміз қажет», – дейді кинорежиссер, документалист Қалила Омар.
Аналық борышын асыра орындаған Ұлмекен апа
«Менің анамның аты – Ұлмекен. Әкемнен 10 жастай кіші болатын. Анамыз жетім өскен. Әке-шешеден жастай қалған. 11 бала тауып, 9 баланы аман-есен өсіріп, аяқтандырып, 58 жасында дүниеден өтті. Мен оны перзентінің алдында аналық борышын асыра орындады деп есептеймін. Тек қана ойлағаны, бар арманы балалары еді. Анамыз шопанның көмекшісі әрі көпбалалы ана болды. Қазақтың ұлттық құндылығын, қол өнерін өз қолымен істеп, ұрпағына дарытты. Әркімге өз анасы ерекше ғой. Бірақ ананың еңбегі, ананың сүті ақтала бермейді, әрине. Ол – өз алдына бір қасиет.
Сондықтан оған қай кезде де, мың я миллион алғыс айтсақ та, артық емес. Сондай адамның баласы болғаныма қуанамын. Қазір әке-шешеміздің сүйегі шыққан үйде қарындасым отбасымен тұрып жатыр. Соның бір бөлмесін мұражай қылған екен. Сол кезде анамыздың қолынан тігілген, тоқылған дүниелерді көріп, мауқымды басқан жайым бар. Енді соны қалаға көшіріп, үйімнің бір бұрышында тұрса деп армандаймын. Міне, сол анама шексіз алғысымды айтқым келеді», – дейді мәдениеттанушы Серік Ерғали.
P. S. Естеліктерді айта келе, сарапшылардың бірі ықылым замандағы қазақ әйелінің рухты бейнесін көрсеткен әңгімені баяндаса, бірі Алаш арысының адал жарына, ал енді бірі өз анасына алғыс айтатынын жеткізді. Тарихтың өзі дәлелдеп тұрғандай, кез келген жетілген қоғам үшін әйелдің тек ана ретінде ғана емес, жалпы адам ретінде бағасы, бәсі заңдық, әлеуметтік тұрғыда биік болуы қажет. Мұны әділетті қоғам құруға талпынған мемлекеттің әрбір адамы ескеруге тиіс.