– «Айқын» өртеніп жатыр!
– Біреу әдейі өртеген сияқты!
– Қой, мүмкін емес, редакция­ны өртеп не болыпты!
– Бәрі мүмкін ғой, «Айқын» өткір жазады. Шындық кімге ұна­сын...
Көшпелі AIQYN-ның көрмегені жоқ
828
оқылды

...Мақатаев көшесінің бойын­дағы «Айқын», «Литер» редакция­сы орналасқан ғимарат отқа ора­нып жатқанын көріп, лезде жинала қалған жұрт гу-гу. Газет тілшілері лезде далаға шығарылды. Журналист деген қызық халық қой, кейде көптен бері жинаған дерегі оқыс оқиғадан жойылып кету қаупі туғанда басын бәске тігіп, қатерге қарамай отқа, суға түсетін кезі болады. Әріптестердің кейбірі өрт қатты қарқын алмай тұрғанда ғимаратқа қайта жүгіре еніп, компьютердегі материалдарын аман алып қалуға жанталаса ұмтылды. Соның бірі – жауапты хатшы Мақсат Ясылбай. Жұрт жан­далбасалап далаға қашып жат­са, ол отқа оранған ғимаратқа еніп, «Айқынның» материал қоры сақталған дискілерін алып шық­ты. 

Қойсын ба, сәлден соң өрт 3-4 қабатты ғимаратты толық шарпып, редакцияның бүкіл компьютері, басқа да техникалары, тіпті отыратын үстелі мен орын­дықтарына дейін дым қалмай жа­нып кетті. Қаланы басына кө­теріп бірнеше өрт сөндіруші машина келгенімен қабырғалары қытайдың тез жанғыш пластмасса материалдарынан жасалған ғи­ма­рат­қа жайылған от кепкен қа­мыс­тай лезде қаулап, сөндіруге дес бермеді. Сол кездегі өлшеммен еліміздегі ең озық әрі заманауи тех­никамен қамтылған редакция­ның сәулетті ғимараты отқа оранып жатқанына ішіміз күйіп біз тұрмыз. «Қырды», «жойды», «өр­тенді» деген жаңалықтарды жақсы көретін сол кезде атағы жер жарып тұрған «КТК» телеарнасы көш­пелі түсіру техникасы орна­ласқан үлкен машинаны (ПТС) әкеліп қойып, бір сағат тікелей эфирден хабар таратты. Еліміздегі аты дүркіреп тұрған редакция­ның ойламаған жерден отқа орануы шынында да сенсация еді олар үшін. Сөйтіп, бір сағатқа жет­­пей екі редакцияның жүзге жуық журналисі далада қалдық. Қабырғалары қаңқайып, ғимара­ты­мыз жарамсыз қалыпқа түсті. Осы өртке қатысты кейін бәрі ішек тарта таңғалыспен айтып жүретін бір ғажап оқиға болды. Ді­німіз қайта оралып, жұрт иман­дылыққа бет бұрған кезеңде «Ай­қын­ның» Нағым бастап, мен қош­тап, Төреғали, Ермахан, Айгүл, Роза, жалпы барлығы 14-15 адамы бір бөлмені намазхана жасап, сол жерде намаз оқитынбыз. Таңқаларлығы, үш қабатты ғима­рат түгел жанып кеткен өртте әлгі намазханамызға ештеңе болмапты. Ішіндегі жайнамаздарымыз бен Құранымыз, тіпті қабырғаға ілінген Қағбаның суреті де сол қалпы...

Өрттің ресми себебін электр тоғының тұйықталуынан шыққан оттан деп айтқанымен, «тым шын­­шыл басылымның аузын жабу мақсатындағы қастандық болуы да мүмкін ғой...» деген ой көптің көкейінде қалып қойды...

... Бірақ айқындықтарды өрт те тоқтата алмады. Іскер басшы, мықты менеджер Ерлан Бекхожин жұмысты ертесі-ақ қайтадан жолға қойды. Ғимарат алдына палаткадан қос тігіп, компьютерлер әкеліп, жұмысты қайта басынан бастадық... 

Әңгімені өрттен бастаған себебім де айқындықтардың рухы мықты екенін атап өту еді. Айқын­дықтарды өрт те, су да, басқа да тоқтата алмайды. Өйткені онда сынға сынбайтын ұлттық рух бар. Ол рухты сол кездегі газеттің бас ре­дакторы Серік Жанболат, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаровтар басылымға бүкіл жан-дү­ниесін, ақыл-ойын салған ұлт­жан­ды әріптестерім еккен болатын.

 Жалпы, айқындықтардың көр­ген құқайы бұл ғана емес-ті. Олар бұған дейін де «аттың жалында, түйенің қомында» дегендей кез келген дала жағдайында жұмыс істеуге әдеттеніп те алған болатын. Олай дейтінім, айқын­дықтар Алматыдан Астанаға көш басын бұрғанға дейін бес рет көшкен нағыз көшпенділер еді. Компьютерлерін көтеріп алып, бір ғимараттан екіншісіне көшуге, сол жерде жүк түсірілмей жатып бұрыш-бұрышқа отыра қалып мақалаларын жазып, оны қаттап, газеттің келесі санын үзіліссіз шы­ғара беруге үйренген. Әрқайсысы өзіне кабинет сұрап, комфортты жағдай талап етіп отырмайтын. Киім ілетін, қағаз қоятын шкафтармен бөліп, «кабинет» жасап алып, бұрқыратып жаза беретін. Ең басты мақсат – ел қамын, халық мұқтажын жұрт назарына жеткізу, биліктің назарын аударту. Бұл – нағыз журналистерге тән табандылық, төзім мен сабыр, барға қанағатшылдық, шын мә­ніндегі ұлтжандылық, патриоттық деп ойлаймын. 

 Сонымен көпшіліктің кө­зайы­мына айналған «Айқын» редакциясы қалай құрылып еді? Сәл шегініс жасап, әңгімені «Ай­қын» әлі санада бар, санатта жоқ кезінен бастайын. 

Кейін белгілі болғанындай, елімізде заманға лайық, еуро­палық үлгідегі күшті ақпараттық баспасөз қалыптастыру күн тәр­тібіне қойылған екен. Ол идеяның авторы кім, артында тұрған саяси тұлға болды ма, оның көздеген мақ­саты қандай еді ол жағына қы­зығушылық танытпаппыз. Білетініміз, газеттің құрылтай­шысы – «Қазақстан темір жолы». Бас директоры – Ерлан Бекхожин. Екі тілде шығуға тиіс. Қазақ­шасының атауы – «Айқын». Оның бас редакторы – танымал журналист Серік Жанболат. 

Бір күні Серік Жанболат маған хабарласты. Ол кезде мен «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеймін. Мені бас редактордың шығарма­шылық жөніндегі бірінші орынбасары қызметіне шақырды. Заманауи жаңа жоба. Қысқа әрі нақты ақпаратқа негізделген басылым жасауымыз керек деді ол. Мықты журналистерден редакция қалыптастыруды тапсырды. Көп ойландым. Бір жағынан өрімдей жас кезімде тілші болып келіп, бөлім басшысы, жауапты хатшы, редактор орынбасары қызметін атқарған 150 тың тираж жинайтын «Мыңнан бір мезетімді» дүниеге әкелген, 16 жыл тапжылмай қыз­мет еткен «Жас Алашымды» қи­маймын. Барғым да келеді. Ақыры баратын болып шештім. Жай кетпей, өзіммен бірге қызмет ете­тін бір топ жасалаштықты ала кет­тім. Бұрын «Жас Алашта» қыз­мет еткен, бірақ басқа жерде жұмыс істеп жүрген немесе декреттік демалыста отырған әріп­тестерді шақырдық. Сөйтіп, корректорлар Әйкен, Бағдат апайлар, майталман журналистер Жолдасбек Дуанабай, Берік Бейсенұлы, Роза Қараева, Айгүл Ақанбай­қызы, Гүлнар Тәжиева, тағы да басқа жасалаштықтар газеттің сауатты әрі кәсіби деңгейде шығуына біреулері алғашқы күннен, енді біреулері кейін қосылып, үлкен үлес қосты. «Айқынның» тамырында «Жас Алаштың» рухты «қаны» бар дейтінім де сондықтан. Жалпы, олардан бөлек Серік Жанболат аты мәшһүр журналистер Мұрат­қали Дүйсебаев, Мақсат Ясылбай, Жұмабек Жанділдин, Төреғали Тәшенов, Жексен Алпаров, Жомарт Молдахметұлы, Алма Мұха­мед­жанова, Қайыржан Төрежан, Қуанышбек Қари, Сейсен Әмір­бек, Ләззат Билан, Нұрғазы Сасаев, Ғалым Сүлеймен, Телжан Күдеров, Құбаш Меңдіғалиев, Қаншайым Байдәулет, Мақпал Қаратаева, Айжан Көшкенова, Камшат Тасболат, корректорлар Әйкен, Бағдат апайлар мен Айгүл Нөкербекова, Ләйла Серікқызы, бет қаттаушы Елдар Қаба, Талғат Кіршібаев, Зәуре Нұғманова, Нұрзада, Мәлік тағы да басқа (есім­дері аталмай қалған әріп­тестер ренжімес) бірқатар қыз-жігітті тартты. Міне, осы қаламы қарымды журналистер «Айқын­ды» дүниеге әкелді, танытты, оқылымды етті, тарихын жасады. Аз уақыт ішінде белді басылымға айналу оңайға түскен жоқ. Редакцияда талай таңды қарсы алып, газет жиынтық тікпесін басымыз­ға жастап, жұмыста түнеген күні­міз де көп болды. 

...Әуелде бір ай көлемінде га­зеттің макетін қалыптастыру бойынша талмай жұмыс істедік. Содан соң мен бірнеше күн бойы ойлана, толғана келе 8 беттен тұра­тын газеттің қай бетінде қан­дай бағыттағы материал орналасуы керектігі туралы жоспар жасап шықтым. 8 бет жеке-жеке бағыт­қа ие болды. Содан соң әр бетте орналасатын айдарлардың атын ойлап тауып, ол айдарлардың көтеретін жүгін және оны дайындайтын адамдарды бекіттім. Жоспарды Серік Жанболат екеуміз талқылап алдық та, ертесі бүкіл ұжымды жинап, екі сағат бойы тоқтамастан макет бойынша әр беттің көтеретін жүгі, мақа­ла мен ақпараттың көлемі, орын­даушысының міндеттері туралы түсіндірдім. Екі сағат тоқтамай сөйлегеннің әсерінен ертесі екі бүйрегімді жаза алмай қалғаным әлі есімде. Алайда бағыт анық, міндет түсінікті болғандықтан «Айқын» алғашқы нөмірінен бастап-ақ дәл бір қырық жылдан бері шығып келе жатқан басылымдай сауатты әрі салмақты болып шықты. 

(Айтпақшы, «Айқынның» бағытын айқындаған сол жос­парым жеке мұрағатымда әлі сақ­­таулы болуы керек. «Ай­қын­ның» музейі ашылып жатса ал­ғашқы нөмірінен бастап біраз мұрағат тапсырар едік деп ойлаймын.)

Газет тез танымал болғанымен, заманға лайықты басылым шы­ғару мақсатындағы ізденісті тоқ­татқан жоқпыз. Тіпті, кейінірек Мәскеуден арнайы программист маман шақырып, газетті макет­теудің, безендірудің жаңа қыр­ларын меңгердік. «Айқынның» форматын өзгертіп, 24-32 бет етіп шығарған кезіміз де болды. 

«Айқын» газетінің оқылымы да, жазылу да орысша баламасы «Литерден» көп жоғары еді. Әуел­де әлдекімдерде «Литер» жетекші рөл атқарып, «Айқын» онда шық­қан материалдарды аударып басып отырғаны дұрыс» деген көз­қарас та болды. Серік екеуміз бұл ұстанымға түбегейлі қарсы бол­дық. Жарнама болмаса, бірде-бір материалды аударып баспауды принцип етіп ұстандық. Керісінше, «Литер» «Айқында» шыққан зерт­теулер мен тың жаңалықтарды аударып жариялап жүрді. 

«Айқын» газеті – «Караван», «Экспресс-К», «Начнем с понидельника», «Доживем до понидельника», тағы басқа газеттер дүркіреп тұрған сол замандағы «қазақ тіліндегі газеттер қасаң, оқылмайды» деген түсінікті жоққа шығарған алғашқы басылым. 

 Жұрт іздеп оқитын басылымға айналғандықтан, Президент әкім­шілігінен бастап, Үкімет, Парламент өз ақпараттарын, имидждік материалдарын «Айқында» жа­рия­лауға ұмтылды, басылымда жарияланған сынға тез назар аударып, қорытынды шығарып оты­ра­тын болды. Бұл – басылым­ның қоғам өміріне үлкен өзгеріс әкелгенінің айғағы болса керек. Газет өз биігін бағындырып, елдің саяси өмірінің де қозғаушы күші­не айналғаны сондай, бір күні оны «Нұр-Отан» партиясы сатып алды... 

 Ақиқатын айту керек, «Ай­қын­ның» аз уақытта үлкен таны­мал­дыққа ие болуындағы Серік Жанболаттың рөлі ерекше. Ол басылымды мәнді етуде үнемі жаңа леп қосып отырды. Әр журналистпен жеке-жеке жұмыс іс­тейтін. Саясаттағы, экономи­ка­дағы, әлеуметтік мәселелердегі көзге көріне бермейтін, бірақ ел өмірін дамытуда ерекше орны бар мәселелерді жаңаша әрі батыл, сауатты көтерудің формасын табудың үлгісін көрсетті. 

Қоғамда орны бар, айтары мол, өмірлік тәжірибесі орасан, шыншыл, батыл авторларды те­рең­нен тербеп сөйлету үшін жаңа айдар керек болды. Мен «Ақ сөй­ле!» деген айдар ұсындым. Сол ай­дармен біз еліміздегі бүкіл дуалы ауыз зиялы қауымның кө­кейін­де жатқан үлкен-үлкен мә­селені айтқызып, биліктің назарын аударттық. 

«Айқынның» тарихы – елдің тарихы. Міне, сол күндерден бері 20 жыл өте шығыпты. Газетте осы уақыт ішінде талай мықты журналистер қызмет етіп, сан қилы та­қы­рыпқа қалам тартты. Елімізде қанша үлкен оқиғалар, жаңа бас­тамалар, саяси, экономикалық үдеріс болып жатса, соны елге жет­кізуші, билік пен халықтың ара­сындағы алтын көпір «Айқын» болды. 

О баста газеттің атауын ойлас­тырғанымызда сан қилы ұсыныс болғанымен «Айқын» деп атауды қош көріп едік. Басылым атауымен бірге оның тағдыры да қабыл болған болуы керек, «Айқынның» мақсат, мүддесі бүгін де айқын!

Әділбек ҚАБА, «Айқын» газетінің негізін салушылардың бірі