Кез келген ойын баласының ойыншықтар жиынтығынан міндетті түрде Супермен, Бэтмен, Халк, Өрмекші адам секілді қаһармандардың кішкентай үлгілерін көреміз. Бұл ойыншық қаһармандар балалардың назарын қалай жаулады?
Комикс неге көмескі?
698
оқылды

Ерекше махаббатына қалай бөленді? Бұл сұрақтарға «Комикс арқылы» деп бір ғана сөзбен жауап беруге болатын секілді. Себебі аталған қаһармандардың барлығы алғашында дүниеге комикс арқылы таралған болатын. Ал комикс дегеніміз не? Оның тарихы қай кезден бастау алады? Қазақ комикстерінің хал-ахуалы қалай? Мақаламызда осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Комикстер қалай пайда болды?

Алдымен комикстердің шығу тарихына қысқаша шолу жасайық. Комикс– суретпен салынған хикая. Атауы ағылшын тілінде comic – күлкілі деген сөзден туын­даған. Себебі алғашқы комикстер көңілді юморлық әңгімелер болды. Әдебиет және сурет өнерін ұштас­тыратын бұл өнердің сан түрлі тармағы бар. Бірі графикалық роман тәрізді болса, енді бірі, тіпті қысқа болады, оларды стрип деп атайды. Оқиғаны суретпен жеткі­зудің тарихы сонау ертеден бастал­ғанын білеміз. Дархан даламыздағы петроглифтерді де сурет, кескіндермен жеткізілген оқиға желілері деп атауға болатын шығар. Ал суретпен өрілген әңгімелер XVI-XVII ғасырда Валенсия және Барселонадан бастау алған. ХІХ ғасырда Эпиналда халық бұл өнерді өндіріс көзі етіп алады. Сол кезде Пеллерен фабрикасында 16 ұсақ суреттермен құрастырылған 600-ге жуық хикаялар басылып шыққан екен. Осыдан кейін жекелеген адам­­­­­дар да өз бетімен суретті хикаяттар жазып, таратқан. ХХ ға­сырда комикстің алтын дәуірі бас­талды. Комикс алғаш рет 1897 жылы мульт­­­­­фильмдерге қа­тысты қолда­нылған. Алайда алғаш­қы суреттері бар кітаптар тек XIX ғасырда пайда болды. Бұл жанрды швейца­­риялық жазушы және суретші Ро­дольф Тёпфер де өрістеткен деседі. 1837 жылы ол «Обадия Олдбактың шытырман оқиғалары» деген жазуы бар ақ-қара суреттерден тұратын альбом шығарып, туындылары қолдан-қолға өтіп танымалдылығы арта түсті. Амери­калық суретші Скотт Макклауд өзінің «Комикстерді түсіну» кітабында Тепферді «заманауи ко­микс­тердің әкесі» деп атады. Ал неміс ақын-әзілкеші Вильгельм Буш «Макс және Мориц» шығар­­масын жазып, бұл туындысы өз замандастары мен халыққа үлкен әсер етті. XX ғасырда комикс көп­шіліктің назарына іліге бастады. 1930 жылдары Мартин Гудмен түр­лі журнал, шағын газет басумен шұғылданды. Алайда мұндай басы­лымдардың оқыр­мандары аз еді. Барлық газет-журналдарды бір ғана автор тобы дайында­ғаны­мен, олар әртүрлі брендтердің атауы­­­мен жарыққа шықты. 1939 жы­лы Гудмен өзі құрған бірнеше басылымды бір ортаға жинап, Timely Comics компания­сының негізін салды. Комикстің редакторы қызметін Джо Саймон атқарды. Карл Бургос пен Билл Эверт есімді суретшілер алғашқы кейіпкерлер «От адам» мен «Сүң­гуір Неморы» халық назарына ұсынды. Қоғам арасында комикстер енді таралып жатқан уақытта компанияның бұл өнімі жылдам сатылып кетті. 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың бас­талуы көптеген өндірістік салаға әсер етті. Әлемдегі жағдай ушыққан сайын халыққа үміт сыйлап, жігерлендіретін кейіпкер қажет болды. Осылайша, Джо Саймон мен Джек Кирби біріге отырып, 1941 жылы әлемге жаңа кейіпкер – «Америка Капитанын» таныстырды. 1934 жылы құрылған DC Comics компаниясы комикс нарығын жаулап алды десек болады. Компанияның басты кейіпкерлері «Бэтмен» мен «Суперменді» халық ерекше ықы­лас­пен қабыл алды. DC Comics қалыпты шеңберден шығып, жаңа бағытқа бет алған еді. Енді комикс кейіпкерлер бірге жұмыс істеп, жа­мандықпен бірлесе отырып күресті. Мұны көрген Стэн Ли де «Таңға­жайып төрттік» деп аталатын кейіп­керлер тобын ойлап тап­­­ты. Бұл комикстегі жаңа жанрға айналды. 1962 жыл Marvel үшін жемісті  болды. Бұл уақытта комикстер бетінде «Өрмекші адам», «Дәрігер Дум», «Халк» сынды кейіп­­керлер пайда болды. Ал 1963 жылы оқырмандар «Темір адам­мен» танысты. 2009 жылы Marvel толығымен Disney медиа­хол­­­дин­гінің қол астына өтті. Осы кезеңде комикс кейіпкерлері жайлы жаңа фильмдер түсіріліп, Marvel кино әлемінің алыбына айнал­ды. Бүгін­де Marvel 5 000-ға жуық комикс кейіпкерлерін дүние­ге әкелген алып компания болып отыр.  

Комиксті мангаға айналдырған жапондар

Американың комикстерімен бәсекелесетін бірден-бір ел болса, ол – Жапония дер едік. Себебі жа­пондар өзінің мангасымен комикс­тердің өзге галереясын жасап шы­ғарды. Қазір манга ертедегі жапон өнерінен дамығанымен, осы қалыпқа Екінші дүниежүзілік со­ғыс аяқталғаннан кейін батыс­тық дәстүрдің әсерінен келген еді. Жапониядағы модернизация ке­­зеңі кезінде елге батыс комикстері енгізіле бастады. Суретшілер өзде­рінің шетелдік әріптестерінен туындыларына композициялық ерекшелік, пропорция, түс беруге үйрене бастайды. 1902  жылы автор Ракутэна Китадзав Tagosaki to Makube no Toukyou kenbutsu әзіл-сықақ комиксі жарияланды. Аме­ри­калық комикстерге ұқсас­тыры­лып салынған бұл туынды Жапо­­ния­дағы алғашқы «сериал­­дық» комикс атанды. 1900-1940 жылдар аралығында манга маңыз­ды қоғам­дық құбылыс болып саналмады. Оны халық жасөспірімдер ара­сындағы уақытша әуестену­­шілік ретінде қабылдады. Император Тайсё билікке келгеннен кейін, мангалар графикалық стильдерін өзгертуге талпыныс жасады, шетелдік суретшілермен тәжірибе алмастырды. Оның бір мысалы 1920 жылдары жапон суретшілері тобы АҚШ-қа сапар шеккені болды. 1947 жылы Осаму Тэдзука өзінің Shin Takarajima мангасын жарыққа шығарып, бұл манга соғыстан кейін кедейшілік зардабын шеккен Жапонияда 400 000 дана көлемінде сатылды. Мангада дыбыстық эффектілер, оқи­ғаның ірі планмен берілуі, қозға­лыстың кадрдағы графикалық ерекшеленуі кездесті. 1952 жылы Shonen журналы заманауи аниме стилінің негізін қалаған Astro Boy мангасын шығара бастады. Оның авторы Осама Тезука өз мансабында бес жүзден астам комикстерді тудырған жан еді. Содан болар көпшілік оны «манганың атасы» деп санайды. 60-шы жылдардан бастап оған негізделген манга және аниме сериялары ішкі жанрларға тез кеңейе бастады. Сонымен қа­тар ұлдар (шоунен) мен қыздарға (шоджо) арналған санаттарға бө­лінді. Батыс телеарналары аниме серияларын ротацияға көбірек енгізе бастады, ал манга Еуропа мен АҚШ-тың кітап сөрелерін толтырды. 

Аниме дегенде Жапонияның ең атақты аниматоры Хаяо Миядзакиды атап өтпеуге болмас. Оның тың қолтаңбасы анимеге деген көз­­қарасты түбегейлі өзгерткені сондай ол тудырған шығармалар көркем фильмдермен бір қатарға қойыла бастады. Шебердің туындылары бірнеше рет беделді мара­­­патқа, соның ішінде Оскарға ұсынылды 1950 жылдардан бастап, манга жапон кітап баспасының үл­­кен саласына айналып, 2006 жыл­­ғы сауда айналымы 500 млн дол­­ларға жетті. Тіпті, әлем­ге таралып, әсіресе АҚШ-та, танымал болып, 2006 жылғы сатылым 175-200 млн долларға жеткен деседі. 

Қазір манганы Жапонияда жасөспірімдермен қатар, ересектер де оқиды. Мәселен One Piece, «Наруто» секілді атақты туын­­дылар саталымы бойынша Хәрри Поттер туралы кітаптардан еш кем түспейді. 

Қазақ комиксі қалай дамуда?

Америка мен Жапониядан бөлек, өзге де дамыған елдер бұл салаға ерекше көңіл бөліп, жеткіншектерді кітапқа баулудың бір құралы деп санайды. Ал біздің елде бұл сала қалай дамуда? Бұл сұрақ төңірегінде біз осы саланы зерттеп жүрген жандар мен комикстер жазып жүрген жазушылармен байланысуға тырыстық. Былтырғы жылы ғана «Капитан Qazaqstan» атты комикс жазып шыққан «AMANAT» партиясының жанын­­­­дағы Қоғамдық саясат институ­­­тының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди өзінің бұл туындысын жа­рыққа шығаруды бала кезден бері армандағанын айтады. «Marvel-дің, DC-дің киносын, мультфильм­дерін көріп өскендіктен болар, комикстің нобайын оқушы кезімде жасай бастадым. Заманауи Қазақ­­­­­станның қаһарманы, саясаткері қандай болуы керек деп көп ойландым. Қазақ балалары тек Супермен, Бэтмен секілді өзге елдің қаһармандарына қызығып, еліктемей өз еліміздің комикс қаһар­­­мандарына еліктеп өскенін қалаймын. Ақыры осы «Капитан Qazaqstan» дүниеге келді. Ко­мик­­с­­тің бас кейіпкері Дінмұхаммед Қасымхан күндіз әділеттілікті ту ететін саясаткер болса, түнде әді­летсіздікпен күресетін супер қа­һарман. Ол отбасылық құнды­­­лықтарға басымдық беріп, отан­сүй­­гіштікті, әділеттілікті ту етеді. Біз жас отандастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз керек», – дейді Ерлан Ахмеди.

Ал жас жазушы Досхан Жыл­қыбай комикстердің қоғамдағы орнына тоқталды. «Мәселен «Америка Капитаны» комиксі кезінде әлемді құтқарушы мемлекет ретінде Американың тұрғындарына ерекше серпін берген еді. Бұл рет­те комикс үлкен идеологиялық құрал болды. Дегенмен комикстер­­дің кітап ретінде дәуірі әлсірей бастаған секілді көрінеді өзіме. Бүгінде Marvel компаниясы комикстерге екінші ғұмыр сыйлап, комикс дәуірінің жаңа кезеңін тудырса, жапондардың да мангасы аниме арқылы қайта түлеп, қаһар­мандар әлемге экран арқылы тарап жатыр. Бір ғана мысал, «Титандар шабуылы» әуел баста манга болып жазылды. Тек жергілікті жапон халқына ғана таныс еді. Кейіннен «Титандар шабуылы» деп аталатын аниме-сериал жа­­­­­­рыққа шығып, танымалдығы күрт артты. Енді жұртты мұның мангасы қалай жа­зылған екен деген сұрақ қы­­зық­тыра бастады. Көрер­­­­мен қауым екінші маусымын асыға күтті. Бірақ екінші маусымы сериал түрінде емес, манга нұсқасы түрінде шықты. Асыға күтіп отыр­­ған халық жаппай сол кезде сол мангаға лап берді. Осылайша, ани­­­менің әр маусымында манга нұсқасы шығып, оның сатылымы сатылап өсе берді. Демек комикстерді сол төңірегінде түсірілген ани­мелер мен фильмдер сүйреп отыр десек болады. Біздің қазақ комиксіне де осындай жолмен қа­ра­ған жөн шығар мүмкін. Комикс­тердің тағы бір пайдасы – біздің батырлар, ғашықтар жырларымыз­ды, аңыздарды бүгінгі ұрпаққа жеңіл насихаттау дер едік. Себебі өздеріңіз білетіндей, батырлар жыры, аңыздар ұзын-сонар ұзақ. Тілі ауыр болып келеді. Ал бұл қазіргі жаңа заман балаларына қызықсыз болуы мүмкін. Осы ретте, біз батырлар жырын, ғашық­­тар жырын комикс түрінде берсек құба-құп болар еді. Бір ғана мысал «Алпамыс батыр» дегенде біздің көз алдымызға ешқандай бейне елестемейді. Себебі оқулықтарда оның бейнесі қара түспен салынған көмескі. Осы ретте, комикс арқы­­лы батырлардың жаңа кейпін жасау қажет деп санаймын. Мифоло­гиялық кейіпкер Зевсті барлығы­мыз білеміз. Барлық оқулықта, барлық фильм мен мультфильмде оның жалпы бейнесі біркелкі. Бізге де осындай біркелкі образ керек. Біз мифологияға бай елміз. Осы ретте, мифологиялық кейіпкерлерімізді жинақтап, комикстер сериясын тудырғанымыз жөн. Өзім жазған комикстерге келетін болсам Тұңғыш Президент қорымен бірлесіп «Ер Төстік», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» сияқты аңыздар мен батыр­лық жыр төңірегінде 20 шақты комикс жазып шықтым. Оның барлығы Казкомикс сайтында тұр. Сонымен қатар жасанды интеллект пен қазақтың ежелгі тотемдерінен құралған «Түс көретін робот» деген комикс жазып шық­тым. Оның жанры – ғылыми-мифологиялық және фантас­тика­лық деуге болады. Бүгінгі техноло­гияның қарыштап дамуы қайда апарады? Егер робот та адам секілді сезініп, түйсіне алса қалай болады деген сұрақтарға жауап іздеген туындым болды», – дейді жазушы. 

 

Түйін: 

Жапон мангасы «Нарутоның» пайда болуы Жапонияда жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларын айтарлықтай азайтты деген дерек бар. Демек қалың-қалың кітаптан гөрі қазіргі жастар суретпен безендірілген маз­мұны қысқа жазылған кітаптарды оқуға әуес. Бұл ретте, қазақ комик­сіне де айтарлықтай мән беру қа­жеттілігі туындайтын сияқты.

Наурызбек САРША