Осы жылдарда жоғарғы білім беру мен медицина ғылымына үлкен үлес қосып, еліміздің белгілі білім ордасына айналған университетте 2004 жылы ашылған «Радиобиология және радиациялық қорғау» ғылыми-зерттеу институтына да (бұдан әрі – Институт) биыл 20 жыл толып отыр.
Бастапқыда бір-екі лабораториядан құралған «Радиобиологиялық ғылыми орталық», 2010 жылы «Радиобиолгиялық зерттеулер институты» болып, 2023 жылы қазіргі атымен радиобиология, радиология, радиоэпидемиолгия бағытында ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізетін ғылыми институт болып қалыптасты. Институтта ондаған ғылыми грант бөлініп, жоғарғы білікті маман өсіп шықты. «Радиобиологтар мектебі» пайда болды.
Институттың ғылыми ізденістегі табысты жұмыстары университеттің ғылыми деңгейін көтерді, сонымен бірге былтыр ашылған екі ғылыми-зерттеу институттары, жаңа пайдалануға берілген Абай көшесіндегі көпқабатты оқу корпусы университтеттің әлеуетін арттырып, оның «Зерттеу университетіне» айналуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Алғашқы ашылған «Радиобиология және радиациялық қорғау» ғылыми зерттеу институтының өзіндік тарихы, құрылуының алғышарттары болды. Біріншіден, еліміздің Солтүстік өңірінде тұрғындардың онкологиямен аурушаңдық көрсеткіштері республикалық деңгейден әлдеқайда жоғары еді. Оның бір себебі ретінде уран өнеркәсібінің техногендік-радиациялық зиянды әсері деген болжам айтылатын. Оны анықтауға дозиметриялық жұмыстар, ғылыми зерттеулер жүргізу керек. Кеңес дәуірінде уранға байланысты барлық ақпарат жабық, құпия түрінде болды. Онымен республикалық санитариялық –эпидемиологиялық мекемелердің қатысуынсыз, Москваның институттары тікелей айналысатын. Еліміз егемендік алғанда денсаулық сақтау саласында осы мәселелермен шұғылданатын мамандандырылған мекеме болмады. Екіншіден, Степногорск қаласында ең үлкен уран өндіретін комбинат жұмыс істеп тұрды, біздің медакадемияның Медициналық-биологиялық факультеті сол қалада еді.
Осы жағдайларды ескеріп, медакадемияның ғалымдарымен уран комбинатындағы радиациялық жағдай мен жұмысшылардың аурушаңдығын зерттеуді қолға алдық. Әуелі, ғылыми бағдарлама дайындап, оны радиобиолог, профессор С.Ярмоненконың кеңесімен кеңес дәуірінде осы мәселелермен ресми түрде айналысқан Ресейдегі «А.Бурназян атындағы Федералдық медициналық биофизика орталығына» рецензияға жібердік. Көп ұзамай ол инститтуттың басшысы академик Л.Ильин қол койған жауап хат, екі лаборатория басшыларының, ғалымдардың рецензиялары алынды.
Онда бағдарламадағы жобаланған зерттеу жұмыстарының алдыңғы жұмыстардың жалғасы екені айтылып, оның маңызы атап көрсетілген еді. Мақсатты-бағдарламалық жоба Денсаулық сақтау министрлігінде конкурстан өтіп 2003-2005 жылдарға қаржыландырылды.
Осы мақсатты-бағдарламалық ғылыми гранттың есебінен медакадемияға бірнеше түрлі радиометр, ғылыми экспедицияға керек «УАЗ» автомашинасы алынды.
2003 жылы қаңтар айында Астанада Қазақ мемлекеттік медицина академиясында «Уран өндіретін өңірлердегі медициналық-биологиялық және экологиялық проблемалар» атты халықаралық ғылыми конференция өтіп, оған еліміздің ғалымдарымен қатар Ресейдің бірнеше белгілі ғалымы қатысты. 2004 жылы қаңтар айында Радиобиология ғылыми орталығы ашылып, онда ғылыми жұмыстарды алғаш бастаған жас ғалымдар М.Бахтин, Б.Имашева, Ф.Бекенова, Қ.Махамбетов, М.Досмағанбетов, А.Қалибекова, Д.Әбдірәсілова, А.Жакенова, Н.Алтаева, А.Каушевалар, Алматыдан шақырылған белгілі радиобиолог ғалымдар, ғылым докторлары, профессорлар Б.Исмаилов, Р.Мұстафина, А.Сейсебаев, Р.Қарақұлов тағы басқа ғалымдар ғылыми зерттеулер жүргізді.
Радиобиология ғылыми орталығының базасында «Радиобиология» мамандығы бойынша 2003 жылы құрылған республикадағы бірден-бір диссертациялық кеңес 2010 жылға дейін жұмыс істеді. Радиобиологтардың республикалық қоғамы құрылып, мен оның президенті болып сайландым. 2005 жылғы екінші конференцияда радиобиология, радиоэкология мәселелері, медакадемия ғалымдарының еңбектері талқыланып, оның жұмысына атақты радиобиолог, академик С.Балмұқанов қатысып, «еліміздегі радиобиология ғылымының дамуы Астанаға ауысты», – деп ізгі тілегін білдірген еді.
Радиобиология және радиациялық қорғау институтының 20 жылда жеткен жетістіктері ғалымдардың үздіксіз еңбегінің арқасы. Қазір «Радиобиологтар мектебінің» 6 ғылым докторы, профессорлары, 2 ғылым кандидаты, доценттері, 2 PhD докторы университетімізде, ондаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары Астана, Алматы, Семей, Курчатов, Қарағанды, Петропавлск қалаларында қызмет атқаруда. Олар туралы және қазіргі институтта ғылыми жұмыстар істеп жатқан ғалым туралы айтар әңгіме көп.
Осы мезетте есімде қалған бір эпизодты айта кетсем деймін. 2003 жылы алғашқы ғылыми конференция өтетін кезде кабинетке сұранып 45-50-дегі жігіт келіп, Солтүстік Қазақстандағы Шаңтөбе уран руднигінде 20 жылдай мастер болып жұмыс істегенін, қазір басқа жұмыста екенін айтты. Сол шахтада бригадада бірге жұмыс істеген 30 шақты адамдардың барлығы дерлік өкпе, онкология ауруларына шалдығып қайтыс болғанын, тек өзі ғана жүргенін баяндап, сіздер сол проблеманы зерттеп жатқандарыңызды жарнамадан біліп келдім, зерттеу жұмыстарыңызды жүргізіп, сол шахтерлердің ауруының себебін анықтап, шешулеріңізді сұраймын деп қадап айтқан әсерлі әңгімесін аяқтаған еді. Сол кездегі шахтерлердің жұмыс жағдайы, денсаулығына байланысты ақпаратты толық алудың мүмкіндігі болмады. Себебі Шаңтөбеде уран қоры таусыла бастаған шахта жабылуға тиіс еді. Қазір уран шахта арқылы емес, жер асты сілтісіздендіру әдісімен ғана өндіріледі, онда радиациялық жағдай басқаша, қауіпсіздік мәселелері толығынан қарастырылған.
Әрине, уранға байланысты проблема бірнеше жылда шешіле салмайды, жалпы радиациалық зерттеулермен әлі ұзақ уақыт шұғылдану керегі белгілі. Дегенмен халықтың денсаулығына техногендік зардаптарды болдырмауға байланысты проблемаларды шешуге қандай да болса атсалысып оған өз үлесімізді қоссақ, сол біздің парызымыз. Институт бұл күндері өз саласында кемелденген алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу институттар қатарында болуды мақсат тұтады, ол үшін институт ғалымдары мен мамандары өздерінің күш-жігерін аямайды деген берік сенімдеміз.
Биылғы мерейлі жылы институтымыздың, университеттің ғылыми қызметкерлерін, оқытушылары мен студенттерін мерекелерімен құттықтап, дендерінің саулығын, еңбектерінің табысты болуына тілектестік білдіреміз.
Полат ҚАЗЫМБЕТ, Астана медицина университетінің жанындағы «Радиобиология және радиациялық қорғау» ғылыми-зерттеу институтының құрметті директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Иорк академиясының академигі