Таяуда Алматы қаласындағы балабақшалардың бірінде балалардың топ ішіндегі бір бүлдіршінді соққыға жығып жатқаны таспаланған видео әлеуметтік желіде лезде тарап, көпшіліктің таңданысын тудырды. Зардап шеккен баланың ата-анасының сөзінше, ұрып-соғу шамамен 5 минутқа созылған. Соққының әсерінен бүлдіршіннің миы шайқалған.
Кейін келеңсіз жайттың Алматы қаласындағы №51 бөбекжай-балабақшасында болғаны белгілі болды. Тәрбиеленушілерге түскі ас алып келу үшін шығып кетіп, бүлдіршіндердің іс-әрекетін қадағалай алмаған тәрбиеші балабақша әкімшілігінің бұйрығымен қатаң сөгіс алды. Онымен қоса, Алматы қалалық білім басқармасы балабақша меңгерушісіне де тәртіптік жаза қолданылғанын хабарлады. Тағы бір атап өтерлік маңызды жайт, осыдан бірнеше күн бұрын Алматы облысының Жамбыл ауданында 47 жастағы ер адамның төрт баланы байлап, ұрып-соққаны туралы ақпарат тараған еді. Үйге баса көктеп кірген ер адам қараусыз қалған балаларды азаптап, әбден қорқытқан. Оқиғадан психикалық шок алған балалардың бетінде жарақат іздері анықталған.
БЫЛТЫР ЕКІ ҚЫЛМЫСТЫҚ ДЕРЕК ТІРКЕЛГЕН
Балабақшадағы оқиғадан кейін Алматы қалалық Полиция департаментіне байланысқа шығып, миллиондаған тұрғын қоныстанған қаладағы ахуал жайлы сұрап білдік. Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, қалада былтырғы жылға қарағанда балаларды ұрып-соғу деректері сиреген көрінеді. Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, балаларды ұрып-соғу – Алматы өңірінде көп кездесе бермейтін қылмыс түрі. Былтыр Алматы қаласы бойынша балаларға қатысты екі қылмыстық дерек тіркелсе, биыл бір оқиға болыпты. Алматы қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Халида Әжіғұлова да оқиғадан шет қалмай, балабақшадағы жағдайға қатысты дереу пікірін білдірді. Ол ата-аналардың баласын мемлекеттік балабақшаға беруге қорықпауы қажет екенін, бірақ мемлекеттік балабақша балалардың қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз етуге міндетті екенін, сондай-ақ ата-ана басшыдан балабақшадағы балалардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті жағдайды жасауды талап етуге құқылы екенін атап өтті.
– Видеодан бір баланың төбелесті бастағанын көруге болады. Содан кейін әр уақытта тағы үш бала қосылады. Олар еденде жатқан баланы кезек-кезек бірнеше минут тепкіледі. Өтініш білдірген ата-аналардың айтуынша, бұл топта 3-4 жас аралығындағы балалар бар. Оқиға бірнеше минутқа созылды. Бұл уақыт аралығында тәрбиеші балалардың арасында болған жоқ. Тәрбиеші балаларға мультфильм қосып берген. Бірақ ол мультфильмді тәрбиеленушілердің ешқайсысы көрген жоқ, – дейді баланың аяусыз әрекетіне таңданысын жасырмаған Х.Әжіғұлова.
АТА-АНАЛАР ҚАЗІР БАЛАСЫН БҰЛ ТОПТА ҚАЛДЫРУҒА ҚОРҚАДЫ
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл оқиғаның өз міндетіне жауапсыз қарайтын еліміздегі әрбір балабақша басшысы мен тәрбиешісіне сабақ болуға тиіс екенін айтады. Оның айтуынша, тәрбиеші мен балабақша директоры өз міндетіне немқұрайлық танытты, олар заң негізінде балабақшада тәлім алатын бүлдіршіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті еді.
– Топтағы өзге балалардың ата-аналары маған директор мен тәрбиешінің неліктен жұмыс орындарын сақтап қалғанына, қызметтен шеттетілмегеніне наразылығын білдірді. Ата-аналар қазір баласын бұл топта қалдыруға қорқады, өйткені кішкентай бұзақы біздің де баламызды ұрып-соғуы мүмкін деп алаңдайды. Зардап шеккен балалардың ата-аналары қандай құқықтарға ие? Ең біріншіден, балабақша басшылығы мен сотқар баланың ата-анасы зардап шегушіні емдеудің барлық шығынын өтеуді, екіншіден, Білім басқармасынан осындай қатігез жағдайға куә болған топтағы әрбір балаға психологиялық көмек көрсетуді талап етуге құқылы. Өкінішке қарай, психологиялық соққы балалардың одан әрі дамуына әсер етуі мүмкін, – дейді Алматы қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Х.Әжіғұлова.
Үшінші кезекте, ата-ана балабақша басшылығына барлық бөлмелерге камера орнатуды, төртіншіден, кәмелетке толмаған балалардың істері жөніндегі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін бұзақы балалардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартуды талап етуге құқылы.
Осы күнге дейін балаларға жасалған қысымның сан түрін көріп келсек те қоғам әлі одан сабақ ала қоймаған сыңайлы. Бұл ретте заңға қатаң өзгеріс енгізу қажет пе? Балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары қашанға дейін жалғаса бермек? Осы мәселе төңірегінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваға негізгі сауалдарымызды жолдадық. Динара Болатқызы сұрағымызға берген жауабында таяуда Президент тапсырмасы негізінде мемлекеттік органдармен, депутаттармен және ҮЕҰ-ның қатысуымен бірнеше ай бойы жұмыс істеген Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы бірінші оқылымда қабылданғанын мәлімдеді.
– Заң жобасында кешенді тәсіл көзделгенін атап өту маңызды. Біріншіден, алдын алу шаралары, отбасын қолдау орталықтарын әр ауданда ашу, балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашу, қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру құзіретін бекіту, агрессормен психологиялық жұмыс (ҚК ерекше талаптар институтын енгізу аясында), зорлық-зомбылыққа, буллингке тап болған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу құзіретін бекіту. Екіншіден, зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке жатқызу, балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдату, денсаулыққа ауыр, орташа зиян келтіру үшін, кәмелетке толмаған адамды ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру үшін, бала зорлау үшін бас бостандығынан тек өмір бойына ғана айыру, сондай-ақ «Балаға жыныстық сипатта тиісу» бабын енгізу, балаға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстарды тергеу әрекеттері кезінде қамауда ұстау, балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялауды енгізу (МӘМ, лагерьлер), баланы автобустан мәжбүрлеп түсіріп тастау үшін жауапкершілік енгізу, буллинг үшін жауапкершілік және тағы басқа шаралар қарастырылған, – дейді ол.
Заң жобасының жекелеген нормалары әлі де талқыланатынын айтқан Динара Закиева зорлық-зомбылық пен қатігездіктің ешқашан ақталмайтынын есте ұстаған абзал дейді.
– Меніңше, бірауыздан келісілген қағида және қоғам үміті, петициялар, үндеулер, ең өкініштісі әр көрсеткіштің артында бала немесе оның анасының өмірі көрініс тапқан жантүршігерлік статистика – бұған дәлел болмақ. Балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоя алатын тиімді және жұмыс істейтін заң қабылдауымыз маңызды, – дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д.Болатқызы.
ҰЯДА НЕ КӨРСЕ, ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕДІ...
Бала психологиясына қатысты біршама сауалымызға маман жауабын білу мақсатында психолог Гүлзат Қанатпен байланысқа шығып, пікірін сұраған едік. Әңгіме барысында өз тәжірибесінде қолданатын әдісін бөліскен психолог ата-аналардың отбасында «әлеуетті құрбан» тәрбиелемеуге мән беру қажетін айтады.
– Кез келген ересек адам баланы ұратын болса, демек оның психикасында проблема бар деген сөз. Біріншіден, ересек адам бала кезінде әке-шешесінің тарапынан психологиялық, физикалық, эмоциялық немесе жыныстық қысым көрген болуы мүмкін. Сондықтан адам жастайынан нені көрді, өскенде сол әрекетті қайталайды. Қандай жағдай болса да баланы ұрып-соғу дұрыс емес. Мәселен, бала бір шешімге келіспеуі мүмкін делік. Ол өзінің дегенін «истерика», айқай арқылы жеткізіп отыр. Егер ата-ананың психикасы сау болса, алдымен баланың ішкі қалауын, неліктен бұл шешімге көнбей отырғанының себебін сұрауға тиіс. Бірақ кейбір ата-аналар баласы сөзіне көнбей қойған соң ұрып жатады. Содан кейін ата-анада өзін-өзі кінәлау сезімі пайда болады. Баланы барынша еркелетіп, көңілін аулай бастайды. Осындай жағдайдан соң баланың психикасында «махаббат, рахат сезімін сезіну үшін азап шегіп, жылауым керек» деген түсінік пайда болады. Бұл баланың сол мезеттегі ойына ғана емес, алдағы өміріне де әсер етіп, нәтижесінде түсінік болып қалыптасып кетуі мүмкін. Кейіннен бала балабақшаға немесе мектепке барса да тирандарға жолыға беруі әбден мүмкін, – дейді маман.
АТА-АНАНЫҢ ӨЗІНЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУАТ ҚАЖЕТ
Психологтің сөзінше, психологиясы сау бала тәрбиелеу үшін ең алдымен ата-ананың өзіне эмоциялық, психологиялық сауат қажет. Егер ересек адам ұзақ жылдар бойы күйзелісте жүрсе, өмірінде стресстік жағдайлар жиі кездессе, қаржылай тұрғыда қиналып, үйінде күнде ұрыс-керіс болса, бұл бала тәрбиесіне белгілі бір деңгейде өз әсерін береді. Ата-аналар мұндай қателікке жол бермес үшін материалдық жағдайы мен моральдық жай-күйін, денсаулығын ескеру арқылы ғана баланы жоспарлау қажет дейді.
– Кез келген ата-ана баласының сыртта немесе ересек өмірде қандай да бір зорлық-зомбылық құрбанына айналып, буллингке ұшырағанын қаламаса үйде ұрып-соқпау қажет. Ата-ана – бала үшін өмірде қолдау көрсететін ең жақын адамдар. Ал ең жақын адамдары өзіне «атака» жасап отырса, бала өзгелерден не күтеді? Мысалы, баланы горшокқа отырғызар кезде аналардың өзіндік талабы болады. Алайда бала ол талаптарға көнгісі келмейді. Бұл кезеңде ата-ана ең біріншіден баланың физиологиясы мен психологиялық күйіне мән беруі қажет. Үйде бес жастағы балаға үш жастағы баланы қарауға тапсырып кеттік делік. Бірақ ол дұрыс қарай алмайды ғой. Бес жасар бүлдіршін бала киіндіруді, жағдайды айтып түсіндіруді, көрсеткен эмоцияларына төтеп беруді білмейді. Себебі бес жастағы баланың өзінің психикасы әлі жетілген жоқ. Ересек адамның баладан айырмашылығы – өзгелерге қамқор болуға, ойын толыққанды түсіндіруге, жылап жатса жұбатуға қабілетті. Ересек адамның психикасы сау болса, әрине. Егер психикалық жағдайы мұндай дәрежеге жетпесе, толыққанды есеймесе, әлі күнге дейін күйзелісті басынан өткеріп жүрсе, ересек адам баланың «истерикаларына» шыдай алмайды, – дейді психолог.
Бала құқығы – қай кезеңде болмасын маңызын жоймайтын өзекті тақырып. Сауатты қоғам мен сау ұрпақ қалыптастырудың артында бала мен ата-ананың өз құқықтарын қорғай білуі, сондай-ақ бұл бағытта мемлекеттің әлсіздік танытпау мәселесі жатыр. Статистикаға сүйенсек, былтыр еліміздегі балалардың 60 пайыздан астамы буллинг құрбанына айналса, 45 пайызға жуығы дискриминацияға ұшыраған. Онымен қоса, 2022 жылы балалардың өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша 155 жағдай тіркелсе, былтыр еліміз суицид көрсеткішінде 178 мемлекеттің ішінде 19 орынға тұрақтағаны белгілі болды. Қалай десек те, бұл елімізде әлі күнге дейін бала құқығына қатысты түйіні тарқамаған мәселенің көптігін аңғартады...
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы