Сол уақытта министрліктің пәндер классификаторында өзгеріс болып, қазақ тілі мен әдебиетін қосып, бір пән етіп жаңадан жоба дайындап жатыр екен. Осыған қарсылық білдіріп Айгүл Ісмақова қайта-қайта пост жазды. Оның пікірін мен де қолдап, өз парақшама да бөлістім.
Содан «Айқын» газетінің тілшісі хабарласып, «Осындай пікір айтып жатыр екенсіз, сол туралы газетке сұхбат бере аласыз ба? Берсеңіз, біз ертеңгі нөмірге жариялайық» деді. Әрине, мен ол жаңа жобаға қарсымын, сондықтан сұхбатқа бірден келістім.
Күн еңкейіп қалған кешкі апақ-сапақ уақыт болатын. Академик Сейіт Қасқабасов аға кабинетіне шақырып, «Жұмыс аяқталды, қайтайық» деді. Ол кезде мен қазақ әдебиеті кафедрасының доцентімін, Сейіт аға кафедрамыздың меңгерушісі-тұғын. Екеуміз көрші тұратындықтан, жұмыстан күнде бірге қайтатынбыз. Сейіт ағаға «қазір бір журналистен қоңырау күтіп отырмын, сұхбат берейін деп едім» дедім. Ол кісі «Неге байланысты?» деп сұрады. Мен министрліктің кейінгі дайындаған жобасындағы классификаторда қазақ тілі мен әдебиеті пәні қосылып кеткенін, соған байланысты өзімнің пікірімді білдіретінімді айттым. Сейіт аға «Онда менен де пікір жазып алсын» деді. Содан екеуміз онлайн режимде журналистке сұхбатымызды бердік. Ол «Айқын» газетінің келесі күнгі нөмірінде бірінші бетке жарқырап шықты. Тағы бірнеше ғалымның, ұмытпасам, Құлбек Ергөбек ағаның да пікірі болды-ау деймін. Сұхбат бергенімізден кейін бір күн өтті, тіпті ол туралы ұмытып та кеттік. Бұл – сенбі күнгі оқиға.
Дүйсенбі таңертең сегіздерде Сейіт аға хабарласып, «екеумізді сағат онға ректор шақырып жатыр» деді. «Аға, тыныштық па екен?» деп сұрасам, «Қабылдау бөлмесінен телефон шалды. Не үшін екенін білмеймін» деді. «Мені жай шақыруы мүмкін, бірақ академикті жай шақырмайды ғой. Жақсы хабар бар шығар» деп қалжыңдадым. Содан екеуміз салып ұрып ректордың қабылдауына бардық. Көңіл күйіміз көтеріңкі. Ректорымыз Ерлан Бәтташұлы жақсы қарсы алды. Сейіт ағамен жарты сағаттай отырып әңгімелесті. Алдымен ағаның жағдайын сұрады. Әдебиет, тарих, мәдениет мәселелерін талқылады. Ғылыми жобалар жайлы, университетіміздің алдағы даму жоспары сынды мәселелерді ақылдасты. Арасында Ерлан Бәтташұлы маған қарап, «не бүлдіріп жүрсіңдер?» деп ақырын ғана сұрап қояды. Мен «ғылымымызбен айналысып, сабағымызды беріп жүрміз» дедім. Ректор «Ештеңе бүлдірген жоқсыңдар ма?» деп қайта сұрады. Ғылыми жобаны сұрап отырған шығар деп «Сейіт ағамен бір ғылыми жобамен айналысып, соны қорытындылап, түйінін жазып жатырмыз» деп айттым. Ал газетке берген пікіріміз есімізден шығып кеткен ғой. Бір кезде ректор ақырын ғана «Сіздерді шақырған себебім жай емес, таңертең маған министр хабарласты, қатты ренжулі, ашулы. «Екі ғалымға қатаң шара қолдан және сол қолданған шараңды маған көрсет» деп жатыр. Амал жоқ, сіздерге шара қолдануымызға тура келіп отыр» деді. Сосын менен не мәселе екенін сұрады. Мен қазақ тілі мен қазақ әдебиетін қосып жібергісі келіп отырғанын, Ахмет Байтұрсынұлының кезінен екеуі бөлек ғылым екенін, бүкіл әлемде екі бөлек сала екенін, қосып жіберу дұрыс емес деп пікірімді айтқанымызды жеткіздім. Ректор «Әрине, маман ретінде айтып отырғандарың дұрыс. Бірақ пікір берген кезде жеке ғалым, әдебиеттанушы ретінде пікір берсеңіздер ештеңе де болмас еді. Сұхбаттарыңыздың шекесіне Еуразия университетінің профессоры, доценті деп баттитып жазып қойған соң министр, әрине біздің ұжымға ренжіп отыр. Университеттің аты тұрған соң оған мен де жауапты болып қаламын. Жарайды, енді маған түсініктемелеріңізді жазып беріңіздер, оны апарып берейін. Ары қарай сіздерге қандай шара қолданатынын өзі айтады» деді.
«Қиналған Жамбыл жері осы» деген тәмсілдегідей тығырыққа тірелдік. Сейіт ағадан не істейтінімізді сұрадым. Көпті көрген абыз ақсақал ғой. «Сенде Назарбаевтың кітабы бар ма? Егер кітабын таба алсаң, соның ішінде Назарбаевтың қазақ тілі мен әдебиетке байланысты айтқандарын жина, сол бойынша түсініктеме жазып береміз» деді. Мен кітапты тауып әкелдім. Cол жерде Президенттің Абай, Жамбыл, М.Әуезовтің мерейтойларында сөйлеген сөздері, әдебиет пен мәдениет, Алаш қайраткерлеріне байланысты айтылған баяндамалары бар екен. Соның бәрін жинап, «Министрдің жеке басына қарсылығымыз жоқ, бірақ жасап жатқан ісі Президенттің айтып отырған сөздеріне қайшы, сондықтан біз қарсы болдық» деген сыңайда жазып, қолымызды қойып жібердік. Соңында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзбен түйіндеп жібердік. Содан кейін тып-тыныш болды. Ерлан Бәтташұлынан сұрасақ, «Түсініктемелерің кетті. Әзірге тыныш» деді. Соған қарағанда түсініктемені министр оқыған сияқты. Олардың Елбасы десе үрейі ұшатын кезі еді ғой. Президенттің сөзіне айтар уәжі болмаған секілді. Кейін «Айқын» газетіне де қоңырау шалғанын естідім. Сол кездегі газеттің басшысы Нұртөре Жүсіп ағамызға айтып, тілшіге ескерту жасапты. Сөйтіп, шулатып жүріп қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін біраз уақытқа дейін қосылмайтын қылып тастағанбыз.
Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ,
ақын