Бой мен ой
«Айқын» газеті өзінің көшпелі қазақтың басылымы екенін айқындағысы келгендей, 3 жылдың ішінде 4 ғимаратқа қоныс аударып үлгереді. Соның соңғы ғимаратындағы терезелер Жолдасбек Дуанабай түгілі, тау көтеретін толағай тұлғалы Төреғали Тәшеннің де бойы жетпейтін биікке орналасса керек. Бір күні сол терезенің желдеткіші ашық қалып, содан соққан суық жел Жолдасбектің өн бойын аралап өтеді. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, желдеткішті жаба қоятын адамның реті келмей тұрғанда, бөлмеге Төреғали кіріп келеді. Оны көрген Жолдасбек «жылжымалы саты» көргендей қуанып:
– Төке, сіз туғанда елекпенен су тасыған едім. Соның қайтарымы болсын, анау терезені жаба салшы, – деп өтінеді. Адам баласының меселін қайтармайтын Төкең тесіле қарап отырған жұрттан қысыла-қымтырыла орындыққа шығып, терезе тұтқасына әзер қол жеткізеді. Ұлт үшін ұлы іс бітіргендей болып, Төкең орнына жайғасады. «Адам күні адаммен» деген рас сөз. Сәлден соң, тау қозғалғандай болып, Төреғали Жолдасбекке келеді де:
– Жүке, мына материалды принтерден шығарып берші, – деп көмек сұрайды. Сонда Жолдасбек:
– Төке, сіз біздің бойымыз жетпеген жерге көмектесіп едіңіз. Ал біз сіздің ойыңыз жетпеген жерге көмек беруге әрқашанда әзірміз, – деген екен.
Ұшқыш мақала
«Айқын» газетінің тілшісі Мақпал Қаратайқызы бір күні «Құс тұмауы» туралы мақала жазып, оны бас редактордың бірінші орынбасары Әділбек Қабаға береді. Бірақ сол материал күнде бетке жоспарланады да жеме-жемге келгенде нөмірден түсіп қала береді. Бұған қатты налыған Мақпал Әділбек Қабаның кабинетіне барып:
– Аға, «Құс тұмауы» туралы мақалам тағы да нөмірден «ұшып кетіпті», – деп шағымданыпты. Сонда Әдекең:
– Қарағым, бұдан былай ұшпайтын, қанаты жоқ мақала жазшы, – деген екен.
Сүгірдің соткасы
«Айқын» газетінің бас редакторы ауысып, оның орнына басылым басшысы болып Бауыржан Омаров келеді. Ол қызметке келген күннен бастап, қызметкерлердің жұмысқа уақытылы келіп, берілген тапсырманы дер кезінде орындалуын талап етеді. Әр аптаның дүйсенбісінде жиналыс өткізіп, осы талап үдесіне жауап бере алмайтындардың қызметтен кететінін де ескертіп өтеді. Сондай жиындардың бірінде басылым бетінде жарық көрген сапасыз суреттер жөнінде сөз болады. Тіпті, бір-екі рет фототілші Айтжан Салықұлына ескерту де жасалады. Содан бастап одан маза қашады. Ішкені – ірің, жегені – желім болады. Бұрын журналистердің «Айтеке, ана кісіні түсіріп келейікші, мына кісіні түсіріп келуге мүмкіншілігіңіз бар ма?» деп асты-үстіне түскеніне үйреніп қалған ол, енді «Кімге қандай сурет керек?» деп редакцияны «адақтап» шығуды әдетке айналдырады. Бір күні сол әдетімен журналистердің бәрімен жеке-жеке сөйлесіп, Төреғали Ташеннің алдына барып тоқтайды.
– Төреғали, сен не жазып отырсың?
– Сүгір туралы мақала ғой, – дейді ол ештеңеге мән берместен жайбарақат.
– Суреті бар ма?
– Ж-о-о-қ.
– Онда соткасын берші. Суретке түсіріп келейін, – деген екен.
Содан бастап біз қазақтың батыр-билері мен хандарының, сондай-ақ зар заман әдебиеті өкілдерінің суреті қажет болса, Айтекеңе қарап, олардың соткасын бергіміз келіп тұрады.
Депутаттың өкініші
Талғат Кіршібай – «Айқын» газетінің бас беттеушісі. «Ешкі сойса да қасапшы сойсын» дегендей, ол өз ісінің бесаспап маманы болғандықтан, ұжымдағы жігіттер оған «Дарабоз» деген жанама ат берген. Ол – қуақы тілді, әзілқой, жоқ жерден күлкі тауып, қалжыңдап жүрмесе, бойына ас батпайтын жігіт.
«Айқын» газетінің ғимараты өртеніп жатқанда басылымның жауапты хатшысы Мақсат Әділхан қауіп-қатерге қарамай, екі жылдық мұрағат жинақталған таспаны сыртқа аман алып шығады. Ертесіне мекеме ауласына жиналған журналистер «Өрт туралы жұрт не деп жүр?» деген тақырыпта әңгіме тиегін ағытады. Сонда болмағанды болғандай, көрмегенді көргендей етіп айта білетін Талғат:
– Кеше теледидарда Парламент депутаты Мұхтар Шаханов осы өртке байланысты сөз сөйлеп: «Кезінде Отырар қаласы өрт құшағына оранғанда Мақсаттай жігіттердің бір «бригадасы» болса, Отырар кітапханасы аман қалар еді-ау» деп өкініш білдірді, – деген екен.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ