Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығына арналған мерекелік форум өтті.
Ел бірлігінің кепілі – әйел
319
оқылды

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының мәлімдеуінше, форумға Қазақстанның барлық өңірінен 500-ден аса қатысушы жиналды. Олардың қатарында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, журналистер, кәсіпкерлік, білім, денсаулық және ғылым салаларының өкілдері, көпбалалы аналар бар. Форум 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арнал­ған заманауи бейнелеу өнері көрмесінен басталды. Экспозицияға заманауи авторлардың әртүрлі стилі жәнен әдісімен жасалған 25 жұмыс орналас­тырылыпты.

Жиын барысында әйелдердің құқығын қорғау және өңірлік ерекшеліктерді талдау, сонымен қатар әйелдің отбасындағы және мансаптағы рөлі, гендерлік теңдік мәселелері талқыланды.

Бүгінгі күні Қазақстан әлем елдері арасындағы гендерлік теңдік индексі бойынша (Global Gender Gap Report 2023) 146 елдің ішінен 62-орында. Ресми дерек көздеріндегі мәліметке сәйкес, еліміздің еңбек нарығында 4,3 миллион әйел бар. Ұлттық статистика бюросының есебіне сүйенсек, әйелдердің басым бөлігі білім беру саласында жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде 2030 жыл­ға дейін атқарушы органдардағы басшы әйелдердің үлесін 2023 жылы 25%-ға, 2027 жылға қарай 27%-ға, 2030 жылға қарай 30%-ға жеткізу көзделген. ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы­­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мемлекет тапсырмасына орай әйелдердің басшылық және басқа да салалардағы үлес салмағын арттыру, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты азайту және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында ілкімді жұмыстарды атқарып келеді.

Астана қаласы әкімдігінің бас инспекторы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Сәркенованың айтуынша, елордада 1,4 миллионнан астам адам тұрса, соның 750 мыңнан астамы әйел­дер. 30 мыңнан астам көпбалалы отбасының 6,5 мыңы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері.

– Басқа өңірлермен салыстырғанда елордада саяси және қоғамдық өмірге белсенді араласатын әйелдің қатары басым. Мәселен, қалада экономикалық белсенді әйелдердің үлесі 51 пайызды құрайды. Бұл – 353 мың­нан астам әйел. Оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс іс­тейтін әйелдердің саны 100 мыңнан асады. Шағын және орта бизнес субъектілерін 90 мыңға жуық нәзік жанды басқарады. 75 мыңнан астам әйел медицина мен білім беру саласында еңбек етеді.

Әйелдер істері жөніндегі ко­мис­сия­ның жүйелі жұмысы әйелдерге психикалық қысымға қарсы бағытта көрінеді. Мемлекеттік органдармен бір­лесіп қабылдаған шараларының арқасында елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің азайғаны байқалады. Нәтижесінде, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құ­қықбұзушылықтар 30 пайызға тө­мендеді, – дейді Қарлығаш Сәркенова.

 Әйелдер құқықтары мен бостандықтары, отбасылық құндылықтарды қорғау және гендерлік теңдікті сақтау арқылы жетістіктер мен перспективаларға жол ашу, прогреске жету мәселелерін талқылаған форумды, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Аида Балаева: 

– Жылдар бойы қалыптасқан Гендерлік және отбасылық демографиялық саясаттың нәтижесінде елі­­міз­де елеулі құқықтық  база құрылды. Ерлер мен әйелдер қоғамның барлық саласында тепе-тендік құқықтарға, женілдіктерге, міндеттер мен мүмкіндіктерге қол жеткізді. Гендерлік кем­сіту­шіліктің барлық нысаны мен кө­рінісін едәуір еңсердік, – деп қорытындылады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ