Қазақта «парасатты» деген қасиетті ұғым бар. Бұл адамдар арасында, қоғамда кездесетін сан түрлі қайшылықта әділ пікір айта алатын, ақыл-кеңес беретін, қоғамның дамуына байланысты құнды ұсыныстарымен ерекшеленетін білімді, мәдениетті, өмірден көргені де, түйгені де мол, жаны таза, адал азаматқа айтылады.
Парасат биігінде
641
оқылды

Осындай қасиеттерді бойына сіңірген Сағындық Қыдыр ағамыз бүкіл саналы ғұмырын өңір экономикасының өсіп- өркендеуіне, туған жері қасиетті Отырардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани саласының дамуына арнады. Сағындық ағамыз: «Әр пенденің өмір жолында өзіне лайықты асулары болады, оның кейбірі аласа, кейбірі биік. Ал кейбірі асу бермес асқар шыңдай болады», – деп отыратын. Ағамыздың өзі айтқандай, ол өмір жолында өзіне лайықты, биік, қиын да қызықты асулардан өтті, таза жүріп, таза тұрып, бүкіл ғұмырын еліне адал қызмет етуге арнады.

Сағындық Қыдыр 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысының Отырар ауданын­дағы Ақтөбе ауылында қара­пайым отба­сын­да дүниеге келді. 1957 жылы Арыс қаласында мектеп­ті үздік аяқтап, Ташкент поли­техника институтына түсіп, оны да үздік бітіріп, жолдама­мен Самарқан қаласында инженер-электрик болып қызметін бас­тады. 1964 жылы Қазақстанға келіп, жаңадан салынған Одақ­тағы ірі өндіріс алыбы – Шым­кент фосфор за­уытының под­стан­ция басшысы болып 4 жыл­дан астам жұмыс істеді, қала ор­талығынан пәтер берілді. Жұмыс бабында ал­дын­да тұрған үлкен мүмкін­дік­терге қарамас­тан, туған же­рінде еңбек ету және ауылда­ғы жасы келіп қал­ған ата-ана­сына жағдай жасау үшін елге ора­лып, оншақты жыл Қызыл­құм (Отырар) ауданын­дағы Шәуілдір селосында Аудан­дық электр желілері мекемесінің бастығы болып қызмет істеді. Сол кезде ол кісі Отырар ауда­нын­дағы тұңғыш жоғары білімді инженер-энергетик болатын. Терең білімді, іскер басшы аумағы үлкен ауданның шалғай елді мекендеріне, шо­пан­дар мен мал фермаларына дейін жарық тартылуын қам­тама­сыз етіп, жерлестерінің ри­за­шылығына бөленді. Тұң­ғыш ауатком төра­ғасы Дүйсен­бай Алтынбеков ка­нал қазды­рып, елге тіршілік нәрін әкел­се, Сағындық Қыдыр қойшы ауылға дейін ток тартып, жа­рық, шуақ әкелді деп отырар­лықтар бекер айтып жүрген жоқ. 1981 жылдан бастап, 1996 жылға дейін аудандағы ең үл­кен мекеме – автокөлік кәсіп­орнының 15 жылдай директоры болып, сол жерден зейнетке шықты. Зейнет демалысында да ол қоғамдық жұмыстарға бел­сене араласты, ел­дің абы­рой­лы ақсақалы ре­тінде жұрт­шылықты ынтымақ-бірлікке шақырып, жастарды тәрбие­леуге үлкен үлес қосты. Шаруа қожалығын ашып, біраз жасты жұмысқа тартып, өңірде фер­мерлік қызметтің өркен­деуіне де септігін тигізді.

Рухани жан сарайы кең ақ­сақал туған жерінің құнды жә­ді­герлерін, тарихын жинақ­тап, музейлерге ұсынды, шежі­ресін хаттады, ұлтымыздың, қазақ өркениетінің алтын діңгегі – қасиетті Отырардың тарихы, өз айналасындағы тағдырлы адам­дар, оқиғалар туралы ойларын қағазға түсі­ріп, мерзімді басы­лым­дарда үнемі жариялап отыр­ды. Соң­ғы жылдары «Өмір өт­кел­дері», «Асулар» атты кітап­тары жарық көрді. Бұл кітаптарға ақсақал­дың зерттеулері, өмір­баян­дық жазбаларымен қатар, Сағын­дық ағамыздың төл шы­ғар­ма­шылық дүниелері – әңгіме, эссе, өлеңдері де енген.

«Өмірінің қадау-қадау, жар­қын, шешуші кезеңдерін адам өзінің бақыт­ты сәті деп есептесе керек. Бақыт – адамға үздіксіз бе­рілетін көңіл күй емес, өмірі­нің үздік-үздік сәт­тері. Осындай айшықты сәт­тері көп болған адам өзін ба­қыт­ты сезінсе керек. Соғыс жылдарында әке-шешем мал соңында жүрген құмдағы тір­ші­лігіміздің қиын­шы­лығы мол болса да, сол бір кез, сол бір көктем менің бала­лық шағым­ның ба­қытты кезі еді» деп абыз ақсақал «Асулар» жинағына ен­ген күнделігінде өмір­дің мә­ніне үңілген екен. Иә, ұмы­тыл­мас сәттер адамға қашан да қымбат.

Мынау жарық дүниеде 85 жыл ғұмыр кешкен Сағындық Қыдыр сабырлы, парасатты, байсалды мінезімен, ойлы пікірлерімен ерекшеленетін жан еді. Ол ешқашан артық-ауыс сөз айтпайтын, өзінің пікірін, ой-толғамын ашық білдіретін кісі еді. Ол әрқашан да «адал болың­дар, таза жүрің­дер, ешкімге қия­нат жасамаң­дар» деген қағида­мен өмір сүрді.

Қазақта: «Әдемі қартая білу де бақыт» деген сөз бар. Сағын­дық Қыдыр ағамыз осындай әде­мі қартайған қазыналы қарт­тарымыздың бірі еді. Ол «Отырар ауданының құрметті азаматы» болатын. «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.

Мамандығы инженер бол­ға­ны­мен, Сағындық ағамыз әдеби, тарихи кітапты көп оқи­тын, кітапханасы бай еді. Сон­дықтан да болар, ол руханият саласына жақын болатын, аудандағы әде­биет пен өнер­сүйер қауым өкіл­дерінің бас­қосуларында төрде отыратын еді.

Ақсақал аудан әкімдігінің жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі, «Отырар аудандық әде­биет және өнер» қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы ретінде ау­дан­дағы өзекті әлеуметтік мәсе­ле­лерді шешуге ықпал етті, шы­ғар­машыл жастардың қам­қоршысы бола білді. Ол ау­да­ндағы әдебиет сүйер қа­уым­ның жан дүниесіне үңіліп, олардың ой-пікірлерін, шығар­маларын тыңдап, кеңес айтып, қолынан келгенше көмек беріп жүрді.

Сағындық аға зайыбы Таза­гүл жеңгеймен бірге бірнеше ұл өсіріп, тәрбиеледі, немере, шө­бере сүйді. Бүгінде олар елімізге белгілі азаматтар бо­лып, ел игі­лігі жолында жемісті еңбек етуде.

Жерлестері Сәкең ағамыз­дың мұрасына ыждағатпен қа­рап отыр. Өлкетанушы, зерт­теуші, қаламгер, шежіреші қарт Сағындық Қыдырұлының оқыр­­­­манға жол тартқалы отыр­ған кезекті үшінші кітабы – соның бір айғағы. Күні кеше ғана ортамызда жүрген жаны жайсаң, батагөй жанның жазу үс­телінде қалған мұрасын ұр­пақ­тары жинақтап, көпшілік қауым наза­рына ұсынғалы отыр екен. Мұн­дай еңбектің тә­лімі мен сабағы кейінгі буын үшін құнды болады деген се­німдеміз.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері