Осындай қасиеттерді бойына сіңірген Сағындық Қыдыр ағамыз бүкіл саналы ғұмырын өңір экономикасының өсіп- өркендеуіне, туған жері қасиетті Отырардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани саласының дамуына арнады. Сағындық ағамыз: «Әр пенденің өмір жолында өзіне лайықты асулары болады, оның кейбірі аласа, кейбірі биік. Ал кейбірі асу бермес асқар шыңдай болады», – деп отыратын. Ағамыздың өзі айтқандай, ол өмір жолында өзіне лайықты, биік, қиын да қызықты асулардан өтті, таза жүріп, таза тұрып, бүкіл ғұмырын еліне адал қызмет етуге арнады.
Сағындық Қыдыр 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысының Отырар ауданындағы Ақтөбе ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. 1957 жылы Арыс қаласында мектепті үздік аяқтап, Ташкент политехника институтына түсіп, оны да үздік бітіріп, жолдамамен Самарқан қаласында инженер-электрик болып қызметін бастады. 1964 жылы Қазақстанға келіп, жаңадан салынған Одақтағы ірі өндіріс алыбы – Шымкент фосфор зауытының подстанция басшысы болып 4 жылдан астам жұмыс істеді, қала орталығынан пәтер берілді. Жұмыс бабында алдында тұрған үлкен мүмкіндіктерге қарамастан, туған жерінде еңбек ету және ауылдағы жасы келіп қалған ата-анасына жағдай жасау үшін елге оралып, оншақты жыл Қызылқұм (Отырар) ауданындағы Шәуілдір селосында Аудандық электр желілері мекемесінің бастығы болып қызмет істеді. Сол кезде ол кісі Отырар ауданындағы тұңғыш жоғары білімді инженер-энергетик болатын. Терең білімді, іскер басшы аумағы үлкен ауданның шалғай елді мекендеріне, шопандар мен мал фермаларына дейін жарық тартылуын қамтамасыз етіп, жерлестерінің ризашылығына бөленді. Тұңғыш ауатком төрағасы Дүйсенбай Алтынбеков канал қаздырып, елге тіршілік нәрін әкелсе, Сағындық Қыдыр қойшы ауылға дейін ток тартып, жарық, шуақ әкелді деп отырарлықтар бекер айтып жүрген жоқ. 1981 жылдан бастап, 1996 жылға дейін аудандағы ең үлкен мекеме – автокөлік кәсіпорнының 15 жылдай директоры болып, сол жерден зейнетке шықты. Зейнет демалысында да ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, елдің абыройлы ақсақалы ретінде жұртшылықты ынтымақ-бірлікке шақырып, жастарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Шаруа қожалығын ашып, біраз жасты жұмысқа тартып, өңірде фермерлік қызметтің өркендеуіне де септігін тигізді.
Рухани жан сарайы кең ақсақал туған жерінің құнды жәдігерлерін, тарихын жинақтап, музейлерге ұсынды, шежіресін хаттады, ұлтымыздың, қазақ өркениетінің алтын діңгегі – қасиетті Отырардың тарихы, өз айналасындағы тағдырлы адамдар, оқиғалар туралы ойларын қағазға түсіріп, мерзімді басылымдарда үнемі жариялап отырды. Соңғы жылдары «Өмір өткелдері», «Асулар» атты кітаптары жарық көрді. Бұл кітаптарға ақсақалдың зерттеулері, өмірбаяндық жазбаларымен қатар, Сағындық ағамыздың төл шығармашылық дүниелері – әңгіме, эссе, өлеңдері де енген.
«Өмірінің қадау-қадау, жарқын, шешуші кезеңдерін адам өзінің бақытты сәті деп есептесе керек. Бақыт – адамға үздіксіз берілетін көңіл күй емес, өмірінің үздік-үздік сәттері. Осындай айшықты сәттері көп болған адам өзін бақытты сезінсе керек. Соғыс жылдарында әке-шешем мал соңында жүрген құмдағы тіршілігіміздің қиыншылығы мол болса да, сол бір кез, сол бір көктем менің балалық шағымның бақытты кезі еді» деп абыз ақсақал «Асулар» жинағына енген күнделігінде өмірдің мәніне үңілген екен. Иә, ұмытылмас сәттер адамға қашан да қымбат.
Мынау жарық дүниеде 85 жыл ғұмыр кешкен Сағындық Қыдыр сабырлы, парасатты, байсалды мінезімен, ойлы пікірлерімен ерекшеленетін жан еді. Ол ешқашан артық-ауыс сөз айтпайтын, өзінің пікірін, ой-толғамын ашық білдіретін кісі еді. Ол әрқашан да «адал болыңдар, таза жүріңдер, ешкімге қиянат жасамаңдар» деген қағидамен өмір сүрді.
Қазақта: «Әдемі қартая білу де бақыт» деген сөз бар. Сағындық Қыдыр ағамыз осындай әдемі қартайған қазыналы қарттарымыздың бірі еді. Ол «Отырар ауданының құрметті азаматы» болатын. «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.
Мамандығы инженер болғанымен, Сағындық ағамыз әдеби, тарихи кітапты көп оқитын, кітапханасы бай еді. Сондықтан да болар, ол руханият саласына жақын болатын, аудандағы әдебиет пен өнерсүйер қауым өкілдерінің басқосуларында төрде отыратын еді.
Ақсақал аудан әкімдігінің жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі, «Отырар аудандық әдебиет және өнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде аудандағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етті, шығармашыл жастардың қамқоршысы бола білді. Ол аудандағы әдебиет сүйер қауымның жан дүниесіне үңіліп, олардың ой-пікірлерін, шығармаларын тыңдап, кеңес айтып, қолынан келгенше көмек беріп жүрді.
Сағындық аға зайыбы Тазагүл жеңгеймен бірге бірнеше ұл өсіріп, тәрбиеледі, немере, шөбере сүйді. Бүгінде олар елімізге белгілі азаматтар болып, ел игілігі жолында жемісті еңбек етуде.
Жерлестері Сәкең ағамыздың мұрасына ыждағатпен қарап отыр. Өлкетанушы, зерттеуші, қаламгер, шежіреші қарт Сағындық Қыдырұлының оқырманға жол тартқалы отырған кезекті үшінші кітабы – соның бір айғағы. Күні кеше ғана ортамызда жүрген жаны жайсаң, батагөй жанның жазу үстелінде қалған мұрасын ұрпақтары жинақтап, көпшілік қауым назарына ұсынғалы отыр екен. Мұндай еңбектің тәлімі мен сабағы кейінгі буын үшін құнды болады деген сенімдеміз.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері