Жарты жыл бұрын әжетханаға сұранып кеткен оқушы қыз табылды
Жарты жыл бұрын әжетханаға сұранып кеткен оқушы қыз табылды
Суреттің оқиғаға қатысы жоқ. Фото ашық дереккөзден алынды.
382
оқылды
Өткен жылдың аяғында Түлкібас ауданындағы мектеп-интернатта жататын оқушы қыз бала кешкі апақ-сапақ мезгілде тәрбиешінің көмекшісінен әжетханаға сұранып кетіп, ізім-қайым жоқ болады. Дүниенің төр бұрышынан із кесіп, әлекке түскен тәртіп сақшылары оқушыны жарты жылдан соң барып тауып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы, Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Оқиға былай болған. 2019 жылдың қазан айында Түркістан облысы, Түлкібас АПБ кезекші бөліміне аудандық мектеп-интернаттың бір меңгерушісі өздерінің тәрбиесіндегі оқушы қыздың із-түзсіз жоғалғаны туралы арызданады. Арызданушының айтуынша, кешкі мезгіл шамасында 14 жастағы оқушы қыз интернаттан қашып кетіп, содан қайтып келмеген. Бұл жайт полиция бөлімінде тіркеліп, полицейлер бірден жоғалып кеткен қызды іздеуге кірісті. Алайда, қыз бірден табылмайды. Осы айлар аралығында Түлкібас АПБ-нің полицейлері жоғалып кеткен кәмелетке толмаған қызды іздестіруді тоқтатпайды. Жедел уәкілдер оның таныстар шеңберін құрып, оның баруы мүмкін жерлерін тексерді, бағдарларды таратып, басқа да қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Жоғалған баланы іздеуге Түлкібас АПБ-нің және Түркістан облысы ПД-ның басқа бөлімшелерінің жеке құрамы жұмылдырылған. Белгілі болғандай, 9 сынып оқушысы кешкі астан кейін тәрбиешінің көмекшісінен әжетханаға баруға сұранып, содан кейін қайтып оралмаған. Жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде Түлкібастық полицейлер қызды бес ай өткен соң,  Шымкент қаласынан тауып, оны ата-анасына дін-аман күйінде тапсырды. Бүгінгі күні оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп жоқ. 14 жасар қыз баланың өзі  осы уақыт аралығында Шымкент қаласында жүріп, жұмыс істегенін мойындады. Қазіргі таңда Түлкібас АПБ-нің полицейлері оқиғаның  толық  мән-жайын анықтауда. Осы орайда, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Сондай-ақ балалармен жиі қарым-қатынас жасау, олардың мәселелерімен танысып,  қамқорлық жасауға кеңес береді. Бала жоғалған жағдайда шұғыл түрде 102 телефоны бойынша полицияның көмегіне жүгіну қажет.

Тельман БЕЙСЕНОВ