Қарттың құлағы ауыр естиді екен, қаттырақ сөйлесуге тура келді. Жайғасып отырғаннан кейін, еңкейіп сөмкесін ақтара бастады. Үлкен кісіні әңгімеге тартайын деп, құлағына тақап, «Ата жасыңыз нешеде?» деп сұрадым. Басын көтеріп, бетіме бажайлап қарап алып, «құжат бойынша 1941 жыл туған деп жазылған. Шын жасым, биыл сексеннің сегізінде. Кезінде шешем бес жасқа кішірейтіп жаздырыпты, ФЗО-ға алып кетеді деп қорыққан ғой», – деді. Өз басым ФЗО деген сөзді естісем, ақын Кеңшілік Мырзабековтің «ФЗО-ға кеткен жеңешем» атты балладасы ойыма оралады.
– Соңғы бір күндер сарғайып өңі суалған,
Сағыныш сылып, үмітпен ғана жұбанған.
Жеңешем менің шешімі батыл жан еді,
Ауданға барып ФЗО-ға өзі сұранған, – дейтін жолдары жатталып қалып еді. Соғыс жылдарында ФЗО (фабрично-заводского обучения) деген оқыту жүйесі болғанын білеміз, еңбекке жарамды азамат түгел майданға аттанғанда еңбек күшін толтыру үшін әйелдер мен балаларды жұмысқа бейімдеу мақсатында ашылған 6 айлық курс.
Ақсақал AIQYN-ға арыз арқалап келіпті. «Аты-жөнім – Әміржан Нұрахметов. Солтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Кезінде Қызылту деген аудан болған, сол жерде еңбек еттім. Қазір Ақжар ауданы деп аталады. Біраз ауыл Уәлиханов ауданына қосылды», – деп бір бет қағаздың екі жағына да қаламсаппен жазылған арызды алдыма тастады. Ақ параққа әдемілеп тұрып қолмен жазып әкелген шағымына «Заң әділетсіз бе, орындаушы әділетсіз бе?» деген тақырып қойыпты. Бірден көз жүгіртіп оқи бастадым. «Мен күйеу балам Кенжебулатов Сәбит Сатыбалдиновичке, қызым Кенжебулатова Алма Амиржановнаға кейін тауып береміз деген соң қарызға 7 000 рубль ақша бергем ол сол кезде 10 000 доллар болатын», – деп басталыпты арыз. Осы тұсқа келгенде көкейге келген сұрағымды қоймақ едім, «алдымен түгел оқып шығыңыз, сұрағыңызды сосын қоясыз ғой», – деді қария. Ары қарай оқи бердім. «2004 жылы күзде Степногорск қаласынан 3 комнаталы квартира сатып алдым. 1 мкр, 55 үй, 34 квартира 3 қабат. Суық түсіп кетіп, ол жылы көшіп келе алмай бір қызға квартираға беріп кеттім», – деп жалғасыпты шағым. «Біз ол қаладан 250 км қашықта Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту ауданында тұратынбыз. Біздің квартира алғанымызды естиді де, күйеу бала Сәбит мектепте мұғалім болып істейтін Алманы азғырып, жұмыстан шығарып қыс ішінде бала-шағасымен Степногорск қаласына көшіп келіп, біздің квартираға кіріп алады, «бұл менің атамның квартирасы» деп, қызды шығарып жібереді. Біз оны артынан естіп таң қалдық. Қыс ішінде Алма жұмысын тастап қалай көшіп келді, оны не қыстады екен деген ойға қалдық. Сөйтсек, бұл күйеудің саясаты екен. Біз бұрын барып кіріп алайық, сосын бізді шығара алмайды деп үгіттеген Алманы. Жаз шыққасын біз көшіп келдік, квартира тарлық қылды. Үйді босатыңдар десек шықпайды, квартира алатын ақшалары жоқ, өздері – бес жан. Екі машина мебеліміздің өзі бір комнатаға сыймады. Амалсыздан ұялған соң кемпір екеуміз басқа квартира алып, бөлек шықтық. Бірде Сәбит пен Алма келіп, «біз квартираға пропискаға тұрып, атымызға аударып алайық, сіздер өлсеңіздер оформит ету машақаты көп болады», – деп үгіттеді. Қызың мен күйеу балаң айтып тұрған соң қалай келіспейсің, «жарайды» дедік. Ол кезде олардың арам ойын түсінбеппіз. Кейін ол квартираны бізге подарит етті деп өтірік соқты ғой», – деп жазылыпты арызда.
Ақсақалдың айтуынша, күйеу баласы мен қызының алдауы бір бұл емес. Бірде автокөлігін сатпақшы болып, Көкшетауда жұмыс істеп жүрген баласы Қанатты шақырады. Алайда баласының базарға апарып сатуға уақыты болмай, өткізе алмайды. «Олай болса, Сәбит жездеңе бер машинаны, баласы Ілияс екеуі сатып берсін дедім», – дейді Әміржан ата. Сонымен, күйеу баласы аталған көлікті (ақ түсті Chevrolet Niva, машинаның жүрісі 60 000 км) 2023 жылдың наурыз айында 3,5 млн теңгеге сатады. «Мен ол кезде инсульт алғам, жүре алмай Қарағандыда жатқанмын. Мамыр айында таксимен келіп ақшамды сұрасам, «ақшаны жұмсап қойғам, ол ақша саған неменеге керек, не істейсің?» – деп өзіме ежірейді. Сонда барып оның арамдығын түсіндім», – дейді қария.
Әміржан атадан баласы Қанаттың нөмірін сұрап алып, бірден қоңырау шалдым. Журналист екенімді білген соң ұлы «бұл отбасылық мәселе» екенін ескертті. Десе де, пәтер мен көліктің ақшасы қайтарылмағанын жоққа да шығармады. «Біреуі – әкем, біреуі – туған жездем. Араларында нақты құжат жүзінде шарт жасалмаған. Болар іс болды, енді ол туысқандық жолмен шешілуі керек», – деп қысқа қайырды Қанат.
Телефон тұтқасын қойып, Әміржан атаға «балаңыз осылай деп отыр», – дедім даусымды қаттырақ шығарып. Қария сәл үнсіз отырып, басын шайқады. «Қайтарса, осы күнге дейін қайтаратын еді ғой. Степногорскідегі 3 бөлмелі пәтерді 7 млн теңгеге сатып, Астанаға келіп, Нұрлыдан үй салып алды. Оның алдында айтқан Советский совхозында алған 10 000 долларды берген жоқ. Машинаның 3,5 млн теңгесін де қайтармады. Әбден қартайғанда көрген әділетсіздік үшін алдыңа келіп отырмын, қарағым», – деді қамығып.
Әміржан Нұрахметов осы айтылғандарды жазып, арызын Астана қаласы Есіл ауданының полициясына барған екен. Олар «сотқа арыз жазыңыз» деп кеңес беріпті. «Солардың айтуымен арызымды тапсырып кеттім. Судья Л.Ақмағамбетова деген кісі жауапкердің өтірік жауабын қолдап, бізді беттестіріп, қалай болғанын сұрамай-ақ, «сіз сыйға беріпсіз» деп сырттан шешім шығарыпты. Осындай жауапсыздыққа ішім күйіп, өзегім өртенеді», –дейді ақсақал. Осы шешімнен кейін апелляциялық сотқа жүгінген екен, алайда одан да қайыр болмапты. «Апелляциялық сотта адвокат болған адамның нөмірі бар ма?» – дедім қартқа. «Бар, қазір», – деп сөмкесінен қалта телефонымен үлкейткіш әйнекті (лупа) алып шығып, ұзақ қарап отырып, Жадыра адвокат деп сақталған нөмірді ұсынды.
Адвокат Жадыра Жалғасбекқызының түсіндіруінше, Степногорскідегі пәтерді қайтарып алудың мүмкіндігі қиындау. Өйткені қағаз жүзінде ешқандай шарт жасалмаған. Екіншіден, қарияның сөзін қуаттап, куәлік беруге өзге балалары да ынталы емес. «Былтыр сатылған көліктің ақшасын қайтаруға болады. Үлкен кісіге жаным ашып, тегін-ақ қызмет көрсетейін деп баласы Қанатқа мен де хабарластым. Ақшаны алғаны рас деп қолхат беріңіз, бір жағына шығыңыз», – дедім. Өкінішке қарай, балаларынан қолдау болмады. Құжат жүзінде ешбір айғақ жоқ», – деді адвокат.
Бүгінде Әміржан Нұрахметов Астанадағы Аққорған көшесіндегі қарттар үйінде тұрып жатыр екен. «Ұлыңыз Қанаттың қолында неге тұрмадыңыз? Тағы екі қызыңыз бар екен», – деп сұрадым қариядан. «Ұлыммен тұруға келін көнбеді, сосын қарттар үйіне кеттім, кемпірім қызымның үйінде», – деді ол кісі.
«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының өкілі Сәуле Қазбекқызының нөміріне хабарласып едік, «Әміржан Нұрахметов біздің қарттар үйіне қаңтар айында өзі келіп орналасты. Бір қызы келіп, хабарын біліп тұрады», – деген жауап алдық.
Қарияны қолтығынан демеп, таксиге отырғызып жатқанда, «Ұзақ жасау дегеннің аса қажеті жоқ екен. Қартайғанда қызығын көрем деген өз балаларың мынадай қылса, өзгеден не қайыр?!» – деп қалды.
Әділдік іздеген ақсақалдың арызы жерде қалмасын деген оймен газет бетіне жариялағанды жөн көрдік.
Ұлағат БЕКБОЛАТ