Әдетте тұрмыстық зорлық-зомбылық ту­ра­лы сөз еткенде үлкендердің кішілерге, ер­­лердің әйелдерге жасайтын қысымы еске тү­седі. Өкінішке қарай, қоғамда мұндай ке­лең­сіз­діктер тыйылмай-ақ тұр.
Үнзила Шапақ, Парламент Мәжілісінің депутаты: Жалғызбасты ата-аналарды қолдау қажет
1,510
оқылды

Бірақ әлімжет­тік­тің ба­лабақшада да болатынына көз жетті. Де­мек, тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың  тамы­ры  те­реңге кететінге ұқсайды. Ал  қиянатшыл адам­дар бар жерде үлкеннің де, кішінің де құқы бұзы­­ла­­тыны айтпаса да  түсінікті. Әсіре­се, мұн­дай­да бала құқы мәселесі өзекті бола түседі. 

Қазір  бұл мәселеге мемлекеттің ай­рықша назар аударып  отырғаны да со­дан. Біз  бұл тақырыпқа байланысты  пі­кі­рін білмекке Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақпен тілдескен едік.  Елімізде бала құқығының қорғалуы­на қатысты Мәжіліс депутаты да үнсіз қалған жоқ. Ол қазір мәжіліс қабырғасын­да бала құқығын қорғауға байланысты от­ба­сылық зорлық-зомбылық үшін әре­кет­терді қылмыстық теріс қылыққа өзгер­ту, қолданылатын жазаны қатайту мәсе­лесі қаралғанын және оның депутат­тар тарапынан қолдау тапқанын жеткізді.

– Үнзила ханым, кейінгі уақытта ақ­парат ағынында балаларға жасалатын қысым туралы деректер көбейді. Бейбіт за­манда балаға аяусыздық таныту факті­лері неліктен жиілеп кетті?

– Әрине, бұл сұраққа дөп басып, нақ­ты жауап беру қиын. Менің пікірімше, ба­лаға аяусыздық таныту фактілері бұ­рын­нан бар. Әлеуметтік желілердің уа­қыт өткен сайын дамып, кең қолданысқа енуінің арқасында мұндай жайсыз оқи­ға­лар қоғамда ашық көрініс табуда. Бала­ларға жасалатын қысымның көбеюіне себеп болатын факторларды бірнеше бө­лікке бөліп, жіктеуге болады. Бірінші­ден, қоғамдағы әлеуметтік және эко­но­ми­калық факторлар. Бұл дегеніміз – теңсіздік, кедейлік, жұмыссыздық және өзге де әлеуметтік-экономикалық мәсе­лелер қоғамдағы шиеленіс деңгейін арт­ты­рып, отбасы мен балаларға қатысты зор­лық-зомбылық оқиғаларының кө­беюіне ықпал етеді. Екіншіден, қоғамда ақпараттың жетіспеушілігі. Кейбір ата-аналардың баланың дамуы, ата-ана тәрбиесі мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы жеткілікті білімі бол­мауы мүмкін. Білімнің аздығы мен қол­же­тімсіз ақпарат балаларды тәрбиелеу мен жазалаудың дұрыс емес әдістеріне әкеліп соғуы мүмкін. Үшіншіден, мәдени және дәстүрлі көзқарастар. Кейбір қо­ғамда балаларға қатысты зорлық-зом­былық, әсіресе физикалық жаза рұқсат етілген құбылыс ретінде қарастырылуы мүмкін. Төртіншіден, психологиялық мәселелер. Ата-анада күйзеліс, наша­қор­лық, алкоголизм, ойынқұмарлық және шамадан тыс қарызға бату секілді пси­хологиялық проблемалар бар болса, бұл отбасында және балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының бо­луына әкелуі әбден ықтимал. Соңғысы бұл – тиімді қорғаныс тетіктерінің болмауы. Кейбір елдерде балалардың құқықтарын қорғау жүйесі жетілдіріл­меген немесе тиімсіз болуы, сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін құқық қорғау шаралары іс жүзінде тиісінше жүзеге аспауы мүмкін.

– 2023 жылғы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 400 мыңнан астам бала өмірге келеді. Бүгінде елімізде бала құқығы қалай қорғалады?

– Қазақстан бала құқығының қор­ғалуына, оның жүзеге асуына аса мән бе­реді. Ата Заңымыз, яғни Конс­ти­туцияның 1-бабына сәйкес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бостан­дық­тары. Осы баптағы адам ұғымына балалар да кіреді. Сондай-ақ Конституцияның 27-бабына сәйкес Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қор­ғауында болады. Осы баптың екінші тармағына сәйкес, оларға қамқорлық жасау міндеті тек қана мемлекетке емес, сонымен қатар ата-аналарына жүкте­летіні жазылған. Халықаралық құқық кеңістігінде Біріккен Ұлттар Ұйымы 1989 жылы Бала құқықтары туралы кон­вен­цияны қабылдады. Еліміз бұл кон­вен­цияны 1994 жылы ратификациялады, яғни халықаралық заңды бекітті. Конс­титуцияның 4-бабына сәйкес республика бекіткен халықаралық шарттардың рес­публика заңдарынан басымдығы болады. Демек, бала құқықтары мемлекетіміздің аумағында конвенция арқылы да қорға­лады. Онымен қоса, бала құқықтары кодекс деңгейінде қорғалады. Неке және отбасы кодексінде бала құқықтарына арналған институт, яғни жеке кодекстің 10-тарауы бар. Кодекс отбасылық қаты­настарды және отбасындағы балалардың құқықтарын, соның ішінде білім беру, қамқорлық, тәрбие және мұрагерлік құ­қықтарын реттеудің негізгі принциптерін белгілейді. 2002 жылғы 8 тамыздағы Қа­зақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы заң қабылданған. Заң бала құқықтарын зорлық-зомбылықтың, қанаудың және кемсітудің барлық тү­рі­нен қорғаудың негізгі принциптері мен тетіктерін белгілейді. Осы заңның жеке 8-тарауы баланың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғауға арналған. Бала құқықтары Білім туралы заңымен де қорғалады. Заң білім берудің негізгі принциптерін, соның ішінде кем­сітусіз барлық балаға білім беру құқығын анықтайды. 

– Осы күнге дейін балаларға жасалған қысымның сан түрін көріп келсек те, қоғам әлі одан сабақ ала қоймаған сыңайлы. Бұл ретте бала құқығын қорғау аясында заңға қатаң өзгеріс енгізу қажет пе?

– Расында, балалардың құқығын қорғау мәселесі көптеген қоғамда өзекті тақырып болып қала береді. Заңға өзгеріс енгізу, жаңа заң қабылдау тез әрі оңай, негізсіз жүзеге асатын процесс емес. Қо­ғамдағы кез келген келеңсіз оқи­ғаларға тосқауыл қою мемлекет та­ра­пынан ғана емес, қоғам тарапынан да қолдау табуға тиіс. Қоғам бұл мәсе­леде мүдделі бол­маса, тиісінше қоғам­дағы өзгерістердің болуы екіталай. Сон­дық­тан балаларға жасалатын зор­­лық-зом­былыққа бай­ланысты жа­ғым­сыз оқи­ғалардың өсуіне жол бермеу мем­лекет тарапынан да, жалпы қоғам тара­пынан да кешенді тәсіл мен күшейтілген күш-жігерді талап етеді.

– 2023 жылдың қараша айындағы көрсеткіш бойынша елімізде 25 бала ажал құшқан. Өкініштісі, оның ішіндегі 6 бала жақындарының қолынан қаза тапқан. Мұндай келеңсіз оқиғалардың артуына тосқауыл қоя аламыз ба?

– Ең алдымен азаматтардың, соның ішінде балалар, ата-аналар, тәрбиешілер мен басқа да мамандардың балалар құқығы, зорлық-зомбылық түрлері және қорғау тәсілдері туралы хабардар ету жағымсыз оқиғаларды алдын алуда маңыз­­ды рөл атқарады. Тағы бір маңыз­дысы, отбасы институтын қолдау. Бұл балалардың және бүкіл қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз етуде негізгі рөлге ие. Сондай-ақ ата-ана тәрбиесі, дағ­дыларды дамыту бойынша консуль­тациялар, білім-беру бағдарламаларын ұйымдастыру маңызды. Онымен қоса, қазір қоғамда жалғызбасты ата-ана­лардың саны аз емес. Сондықтан жал­ғыз­басты ата-аналарға қолдау көрсету мә­селесіне ерекше назар аударуға тиіс­піз. Себебі жалғызбасты ата-ана бала­ларды тәрбиелеуде және олардың қа­жетті­ліктерін қамтамасыз етуде қо­с­ым­ша қиындықтарға тап болуы мүм­кін. Қо­ғамда отбасылық құндылықтар мен дағ­дыларды дамыту қажет. «Қа­зақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндама­сының дерек­те­ріне сәйкес, неке коэф­фициенті 2017 жылы 9,33-тен 2022 жылы 7,34-ке дейін төмендеді. Қазақстанда тіркелген некелер санының төмендеуі байқалады. Сондық­тан отба­сылық құндылықтар мен дағды­ларды дамыту бағдарламалары отбасылық байланысты нығайтуға және отбасы мү­ше­лері ара­сындағы қарым-қатынасты жақ­сартуға ықпал етеді. Се­натқа жол­данған заң жобасында дәстүрлі отба­сылық құнды­лық­тарға қатысты норма көзделген. Қол­даныстағы Конститу­цияның 27-бабында Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қор­ғауын­да болатыны нақ­ты айқындалған. Бұл қа­зіргі қоғамдағы басты құндылық сана­лады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ