Еліміздегі су шаруашылығы нысандарының 70%-ы тозып тұр. Соның салдарынан ондағы қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай төмендеді. Көктемгі су тасқынына дайындық «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінің (ПБК) отырысында талқыланды.
«AMANAT» Хатшысы Ержан Жылқыбаев атап өткендей, қала және ауыл тұрғындарын су тасқынынан қорғау, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстар жүйесінде тәртіп орнату – партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы басты мақсаттың бірі.
«Тарбағатай ауданының тұрғындары «Қандысу» бөгеті апат алдында тұрғанын айтып, партияға бірнеше рет жүгінді. Су деңгейі күрт көтерілген жағдайда бөгет бұзылуы мүмкін. Су ресурстары және ирригация министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және нысанды тез арада қайта құру жұмысын күшейтуі керек деп санаймын», – деді ол.
Бүгінде су тасқыны кезеңіне дайын болмай шыққан 151 елді мекеннің әкімдеріне ескерту жасалды. Жалпы, еліміздің 18 өңірінде орналасқан 217 елді мекенге осындай қауіп төніп тұр. Бас-аяғы 400 мыңнан астам адам тұрып жатқан 86 мың үйді су басуы мүмкін. Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов су тасқыны бола қалған жағдайда құтқарушылар мен техникалар жедел әрекет етуге әзір екенін айтты. Яғни, 39 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың бірлік техника мен 18 бірлік әуекемесі, 508 жүзу құралы және 3 мыңнан астам мотопомпа сақадай-сай тұр. ПБК мүшелері барлық өңірдегі төтенше жағдай қызметтерін кадрмен және техникамен 100% қамтамасыз етудің маңызына назар аударды.
«Министрліктің қандай нормативі бар? Мәселен, барлық аймақта мотопомпалардың белгілі бір мөлшері болуға тиіс деген нақты сан болуы керек. Ондай құрылғылар бірде бар, бірде жоқ», – деді Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.
Өз кезегінде, Ерлан Нұрпейісов су тасқыны қаупі жоғары 11 өңірді атады. Олардың қатарында Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстары бар.
«Техника бірқатар өңірде жеткілікті мөлшерде сатып алынды. Бүгінде аймақтар 70-80%-ға жарақтандырылған. Жабдық жоқ деп айта алмаймыз», – деді ол.
Ал Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров су тасқынына дайындық деңгейін анықтау үшін гидротехникалық құрылыстарға (ГТҚ) көпфакторлы зерттеулер жүргізу қажет екенін мәлімдеді.
«Бүгінде 1502 тірек гидротехникалық құрылыстың 537-не жөндеу жүргізу қажет. Қазірде 160 ГТҚ-да көп факторлы тексеру жүргізілді. Абай, Ұлытау, Жетісу, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері коммуналдық және жекеменшіктегі гидротехникалық құрылыстарда көпфакторлы тексеру жүргізген жоқ. Аталған әкімдіктерге шұғыл қаражат бөліп, осы тексеруді жүргізу керек», – деді ол.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляеваның айтуынша, су тасқыны жеке ГТҚ иелерінің кінәсінен болған жағдайда қолданыстағы заңнама оларды жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Алайда осы уақытқа дейін мұндай жағдай бірде-бір рет тіркелген жоқ.
«Егер мемлекеттік органдар тарапынан тиісті әкімшілендіру жұмысы жүргізілмесе, онда бұл нормалар сол қалпы жұмыс істемей қала береді. Тағы бір маңызды мәселе – гидротехникалық құрылыстарды жөндеу. Жекеменшік нысандардың иелері бұған дайын емес әрі жөндеу жұмысына қаражат құймайды. Олар бұл қызметті әкімдіктерге ысырады немесе шартты жөндеу жұмысын ғана жүргізеді. Түптеп келгенде жеке гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмысы бюджетке жүктеледі, не болмаса сол қалпында қала береді», – деді ол.
Жиын соңында Комитет төрағасы Павел Казанцев тиісті су бұру арналары болмағандықтан және өзен арналарында уақытылы әрі сапалы тазарту жұмысы жүргізілмегендіктен, су тасқыны орын алатынын атап өтті.
«Мәселен, Жайық өзенінің кейбір тұсынан, әсіресе Каспий теңізіне құятын маңынан жүзу құралдарынсыз-ақ өтуге болады. Ал су тасқыны болған жағдайда ауылдарды су басып, мал шығынға, адамдар апатқа ұшырайды. Кейін ерлік пен жанкештіліктің арқасында көп адам құтқарылды деп жар саламыз. Алайда арнаны тазартып, төтенше жағдайдың алған тиімді емес пе? Соған қарамастан көп ГТҚ-да тиісті техникалық төлқұжат жоқ. Бұл жағдай бөгеттердің жеке параметрлері мен су қоймаларының көлемін анықтау жұмысын қиындатады», – деді ол.
Жөндеу жұмысына тиісті мониторинг жүргізу үшін Комитет мүшелері апатты және қандай да бір мәселе туындаған гидротехникалық құрылыстарда партиялық бақылау бекеттерін ашу жөнінде бастама көтерді.