Рамазан – іс-әрекетімізді, мінез-құлқымызды жақсы жағына қарай өзгертетін мезгіл.
Оразада жиі қойылатын сұрақтар
Фото: pexels.com
1,829
оқылды

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты қасиетті Рамазан айында оразаға байланысты жиі қойылатын сұрақтарды жариялады. Соны жауабымен бірге оқырман назарына ұсынамыз.

Ислам дініндегі оразаның үкімі қандай?

Жауап: Рамазан айында ораза тұту әрбір мұсылман ер және әйел кісіге парыз.

Жағдайларына байланысты ораза тұта алмаған жолаушы немесе науқас қайтыс болып кетсе, сол ораза мойнында қарыз бола ма?

Ж: Жоқ, қарыз болмайды.

Жолаушы еліне қайтса немесе науқас айықса, оразаларының қазасын тұтуы керек пе?

Ж: Иә, тұтуға тиіс.

Рамазан айында жолаушы мен науқастан басқа адамға ораза тұтпауға рұқсат жоқ па?

Ж: Аяғы ауыр әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің, балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауларына болады. Бірақ кейін қазасын өтеуі парыз.

 Рамазан айында кімге ораза тұтуға рұқсат етілмейді?

Ж: Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.

Рамазаннан кейін қазасын тұта ма?

Ж: Иә, ораза тұтпаған күндерінің қазасын өтеуі тиіс.

Ораза тұтпай, қазасын да өтемей, оның орнына фидия беруге бола ма?

Ж: Өте кәрі кісілерге ораза тұтпай, орнына фидия берулеріне болады.

Өте кәрілер деген кімдер?

Ж: Рамазан айында да, одан кейін де ораза тұтуға әл-қуаты жетпейтін қарт кісілер.

Оразаның мәкруһтері қандай?

Ж: Оразада сүйісу, тағамның дәмін татып көру, сағыз шайнау, мисуактан басқа щетка сияқты нәрселермен тістерін тазалау мәкруһ істерге жатады (ішке кетіп қалмауын қадағалап, щеткамен тіс тазалау рұқсат амалдардан). Әйелге жас баласына тамақ шайнап беруі (Баласын тамақтандырудың басқа лажын таппаса, солай істеуіне болады) мәкруһ.

Рамазан айының қазасын үздіксіз түрде тұту керек пе?

Ж: Үздіксіз тұту шарт емес. Қаласа бөліп, қаласа үздіксіз жалғастырып тұтады.

Келесі Рамазан айы келгенше кешіктірсе не істейді?

Ж: Бірінші келіп тұрған Рамазан оразасын тұтады. Бұл Рамазаннан соң алдыңғы Рамазанның оразасының қазасын ұстайды. Кешіктіргені үшін айып төлемейді.