Жалпы республика бойынша 400-ге жуық іс-шара жоспарланып отыр. Мерекелік онкүндік Көрісу күнінен басталады.
Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты ашуға бағытталған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болды.
14 наурыздан бастап «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады, оның барысында жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер қарастырылмақ. Мереке күндері тұрғындар туыс-туғандарын аралап, студенттер мерекені өз жақындарымен бірге қарсы алу үшін ауылдарына барып, жақын-жұрағат қарашаңырақта бас қосады. Көрісу күнінде жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты қалыптасқан. Амал мерекесінің мәні Наурызбен біте қайнасқан, себебі ол – Наурыздың алғашқы хабаршысы.
Дәстүрлі түрде Қазақстанның батыс өңірлерінде жаңа жылдың басы ретінде атап өтілетін Амал мерекесі – қуаныш пен шаттық мейрамы ғана емес, өмірді жаңадан бастауға, өткенді кешіріп, болашақты таза жүрекпен қарсы алуға мүмкіндік беретін кезең. Бұл күн барлық реніштерді ұмытып, айналамыздағы адамдарға шынайы мейірімділік көрсетуге шақырады. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Амал мерекесі біздің ұлттық бауырмалдығымыз бен мейірімділігіміздің көрінісі екенін айтып жүр. Аталған дәстүр кешірім мен өзара құрмет арқылы халықтың бірлігін, азаматтардың бір-біріне жақындығын, ортақ мақсат жолында бірігуін білдіреді.
Сондықтан Көрісу күнінің әрбір сәті шаттық пен қуанышқа, мейірім мен жанашырлыққа толы болары сөзсіз. Бұл дәстүр ел жаңаруының жаршысы ретінде табалдырықтан аттағалы тұрған ұлу жылын зор үмітпен және нық сеніммен бастауға жақсы себеп болады.
С.БЕГІМБАЕВА