Олар – әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мен электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша заң жобалары.
Жалпы отырыста алдымен әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ол туралы Әділет министрі Азамат Есқараев баяндады. Министр жоба Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауындағы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленгенін және үш негізгі бағытты қамтитынын атап өтті.
«Біріншісі – жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық процестік кодекстен әкімшілік әділет аясына көшіру. Екіншісі – Үкіметке мемлекеттік органдар және мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар арасындағы заңнамалық нормаларды түсіндіру жөніндегі дауларды шешу жөніндегі өкілеттіктерді бекіту. Сонымен қатар әкімшілік рәсімдер туралы заңнаманың жекелеген нормаларын одан әрі түзету, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу», – деді А.Есқараев.
Бұдан соң Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымнан өтті. Жұмыс тобының жетекшісі Абзал Құспан заң жобасы қоғамның жоғары конституциялық құндылықтарын қоғамдық қауіпті қолсұғушылықтардан қорғауды күшейтетінін, қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін тиімді іске асыруын қамтамасыз ететінін және пенитенциарлық жүйеде адам құқықтарының сақталуын арттыратынын атап өтті. Әділет министрінің айтуынша, түзетулер азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, қылмыстық процестің бәсекелестігін нығайтуға, қылмыстық процесті оңтайландыруға және «бюрократиясыздандыруға» бағытталған.
«Заңбұзушылықтар мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету үшін істі «пысықтауға» прокурорға қайтару мүмкіндігін болдырмау және кәсіпкерлік субъектілерін ревизиялау, тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу ұсынылады. Адвокаттың рөлі, әсіресе сараптама жүргізу кезінде айтарлықтай күшейтіледі. Адвокат көшірмелерін алуға құқылы құжаттардың тізімі кеңейтіледі, адвокаттың тағайындалған сараптама бойынша қосымша және нақтылау сұрақтары дереу сарапшыға жіберіледі, адвокат сараптама объектілерімен таныса алатын болады», – деді А.Есқараев.
Министр түзетулердің тағы бір блогы қылмыстық істі электронды форматта қарауға мүмкіндік беретінін айтты. Қашықтан жауап алу және беттестіру субъектілерінің ауқымы кеңейеді. Осылайша, жәбірленуші және куәмен қоса, қорғалуға құқығы бар куә мен күдіктіге қатысты бейнебайланыс режимінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, тергеу әрекеттерін жүргізуге болады.
Жалпы отырыста жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Оның мақсаты – халықтың, шағын және орта бизнестің жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы проблемалық мәселелерді шешу. Өз кезегінде, депутат Дүйсенбай Тұрғанов жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымды объектілерінің ең жоғары қуаты 200 кВт-қа дейін ұлғайтылатынын жеткізді.
«Нетто-тұтынушы жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босатылады. Энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне нетто-тұтынушылардың еркін қол жеткізуін және қосылуын қамтамасыз ету міндеті бекітіледі. Нетто-тұтынушылар электр энергиясын беру қызметтеріне ақы төлеуден босатылады, бұл қосымша және негізсіз шығындардың болмауына мүмкіндік береді. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың нетто-тұтынушымен электр энергиясын сатып алу мен сатудың үлгілік шартын жасасу міндеті бекітілген», – деді Д.Тұрғанов.
Сонымен қатар депутат шағын ауқымды жаңартылатын энергия көздерінің объектісі өндірген электр энергиясының артық мөлшерін энергиямен жабдықтаушы ұйым шекті сату бағасы бойынша сатып алатынын айтты. Бұл норма артық электр энергиясын нетто-тұтынушыдан сатып алу бағасын айқындау жөніндегі даулы мәселелерді болғызбауға мүмкіндік береді.
Жалпы отырыс барысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.
Жиын соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 11 депутаттық сауал жолдады. «AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан өзінің сауалында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға материалдық емес рухани мұралар жайын жеткізді. Жалпы, материалдық емес мәдени мұра дегеніміз не? Бұл – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеуші, құсбегілік, аңшылық, ұлттық дағдылар, ән, күй, жыр, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар, қысқасы, ресми түрде қағазға түскен 87 элемент. Бір сөзбен айтқанда, материалдық емес құндылықтар – ұлттың иммунитеті! Көзбен көруге, қолмен ұстауға келмейтін, бірақ жаныңмен сезінетін осы құндылықтар болмаса ұлттың жаны жалаңаштанады. Құндылықтан айырылған ұрпақ рухани азып, ұлттық сана әлсірейді. Бүгінгі біржыныстылық, педофилизм, зорлық-зомбылық, әке-шешені сыйламау, туыстық қатынастың үзілуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі аспаннан түскен жоқ! Сол материалдық емес рухани мұралардан тамыр үзген ұрпақтың бойындағы кеселдер.
«Мемлекет Қасым-Жомарт Тоқаев басшысы өткен жылғы Ұлттық құрылтайда: «Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени коды. Оны жан-жақты зерттеп, сақтап, ой елегінен өткізуге, дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі», – деп атап айтқан болатын. 2003 жылғы 17 қазанда Парижде жасалған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Конвенцияны Қазақстан 2011 жылы 1 маусымда № 613 қаулысымен ратификациялап, Үкіметтің 2013 жылғы 29 сәуірдегі № 408 қаулысымен, материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі Тұжырымдама қабылдаған. Алайда бұл Тұжырымдама қабылданған күйі қағаз бетінде қалды. Материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ», – деді ол.
Осы ретте Париж Конвенциясына мүше елдерді мысалға келтіріп, олардың материалдық емес мәдени мұраға қатысты арнайы заң қабылдағанын тілге тиек еткен депутат бізде бұл жұмыстардың өз бетінше ізденіп, жаяу-жалпылы экспедиция жасап жүрген санаулы ғана жанкештілердің арқасында жүзеге асып жатқанын жеткізді. «Осы орайда тиісті мемлекеттік орган жеделдетіп мына мәселелерді жүзеге асыруы тиіс. Олар – 2003 жылғы Конвенцияны толық іске асыру үшін тиісті уәкілетті орган жеделдетіп «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі керек. Олардың элементтері мен сақтаушы мұрагерлердің аймақтық және республикалық тізімі жасалуы тиіс. Жинау, қорғау, зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу институты немесе орталық ашу қажет. Материалдық емес мәдени мұраларды жинау, сақтау, зерттеу үшін өңірлерде кешенді этнографиялық-фольклорлық және музыкалық экспедициялар дәстүрлі түрде ұйымдастырылу керек. Жетекші арналарда осы тақырыпты насихаттауға арналған бағдарламалар ашылу қажет», – дейді мәжілісмен.
Ал Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сауал жолдаған «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Ұласбек Сәдібеков бүгінгі күні Түркістан облысындағы ауруханалар мен емханалардың көпшілігі күрделі жөндеуді қажет ететінін айтты. Тіпті, кей елді мекендерге жаңасын салу қажет. Себебі өңірде орналасқан әлеуметтік нысандардың басым бөлігі 1950-60 жылдары бой көтерген. Олардың арасында ағаштан тұрғызылғандары да бар. Сылағы мен сыры кетіп, қабырғалары құлаудың алдында тұр. Сондай-ақ көпшілігі Кеңес үкіметінен қалған материалдық техникалық базаны қолданып келеді. Депутат Созақ, Бәйдібек, Түлкібас аудандарындағы ахуалды жеткізді.
«Мәселен, табиғаты қатал, қысы суық, жазы ыстық Созақ ауданындағы орталық аурухананың жылу жүйесі жаңартуды қажет етеді. Аурухана бөлмелері суық болуына байланысты науқастар электр пештерін қосуға мәжбүр. Оның өзі ауруханадағы электр кабельдерінің ескіруінен тоқты көп пайдаланғанды көтермейді, электр жүйесі мүлдем тозған. Орталық емхананың да жағдайы осыған ұқсас. Бірнеше жыл бұрын ғимараттың шатыры жаңартылып, қабырғалары қапталған. Ал ішкі есіктері, жылу жүйесі, едені ескі күйінде қалып қойды. Мұндағы рентген аппараттарының барлығы Кеңес дәуірінен бері жаңартылмаған. Қондырғылардың қосалқы бөлшектері табылмайды. Себебі мұндай аппараттар қазір өндірісте жоқ. Ал созақтықтар жоқтан бар жасап, қолдағы бар дүниемен жұмыс істеп жатыр. Алпыс мыңнан астам тұрғыны бар ауданда морг жоқ. Сондықтан қайтыс болған тұрғындарға патологиялық, анатомиялық зерттеулер жүргізу үшін облыс орталығына алып баруға мәжбүр. Аудандағы елді мекендердің арасы шалғай орналасқандықтан шұғыл дәрігерлік көмек керек науқастарды орталыққа жеткізу өте қиын. Аудан орталығынан есептегенде жақын елді мекен 25 шақырымда, ал ең алысы (Тайқоңыр ауылы) 360 шақырым жерде орналасқан. Ауылдық округтерде және елді мекендердің кейбірінде дәрігерлік амбулатория мен аурухана, емхана мүлдем жоқ. Сол себепті балтыры сыздап, басы ауырған әрбір тұрғын 300-ден астам шақырым жол жүріп, аудан орталығына келуі қажет», – деді ол.
Ал «AMANAT» фракциясының депутаты Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке насыбайға қатысты сауал жолдады.
«Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда шектеу қойылғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылуда. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынуда. «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралуда. Насыбай – не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, тіпті болашақ ана болар қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артуда. Бұған қоса, ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?!» – деді ол.
Оның айтуынша, насыбайдың құрамында қандай улы заттардың бар екені белгісіз. Әдетте, оның құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады. Уытын арттыру үшін тауықтың саңғыры, түйенің тезегі де қосылады екен. Насыбайды мұқият зерттеген мамандар бұдан бөлек, оған есірткі мен психотропты заттардың да қосылғанын анықтаған. Бұлардың тұтынған адамды тез тәуелділікке ұшырататыны сөзсіз. Тіпті, ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі екен. Олар соңғы кездері насыбайдың салдарынан қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді. Сондықтан елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ