Жыл сайын мазалайтын көктемгі су тасқыны биыл да еліміздің талай аймағына үлкен қауіп төндіріп тұр. Бірқатар елді мекен қазірдің өзінде қарғын судан өткел таппай қалғаны да рас.
Cу тасқынына әзірлік сылбыр
1,248
оқылды

Қазынадан қауіптің алдын алу мақсатында ондаған миллиард бөлінгенімен, қомақты қаражат қажетті мақсатта пайдаланылмай жатыр ма деген қауіп басым. Тіпті, сол қаржының басым бөлігі бөгендерді мықтау үшін емес, шен-шекпенділердің мұртын майлау үшін жұмсалып жатқандай көрінеді. Оған жыл сайын тасқынның үйлерді шайып, жолдарды су басып, ауылдардың айлар бойы сыртқы әлеммен байланыссыз қалып жататыны айқын дәлел. Күн күрт жылынса, биыл тағы да «сақадай саймыз» деп жоғарыға есеп берген жергілікті әкім-қаралар мен құзырлы органдардың сөзі желге ұшар ма екен деген ой келеді...

Биылғы көктем жылда су тасқы­­нынан зәрезап болған халықтың тіпті үрейін ұшырып тұр. Өйткені күз бойы тоқта­­мастан сібірлей жауған жаңбырдан кейін топырақ тоң болып қатып қалған. Ма­­мандардың сөзінше, қатып қалған топы­­рақтың қалыңдығы бір метрге жетіп жы­­­ғылған. Оның үстіне, қараша мен жел­тоқсан айларында қар үстіне жаңбыр жауып, тұтас дала аппақ мұзға айналған. Қыстың соңғы айлары қар көлемі жыл­­дағы мөлшерден бірнеше есеге мол түсіп, онсыз да малы жұтқа ұшы­­­­раған жұрт­­тың жағдайын одан сайын қиындатты. Теріс­кей мен Шығыс Қазақ­­стан облыс­та­­рында омбы қар аттылы адамның бо­йы­нан асып кеткен. Боран сайын жол­­дары жабылып, апталап, тіпті айлап қарға адым шыға алмай қалатын жұртқа енді тасқын су­дың қаупі төнді. 

Әсіресе, Ақмола облысындағы жағдай аса өткір. Табиғаттың тосын мінезімен қатар жергілікті атқарушы әкімдіктер мен құзырлы органдар су тасқынына әзірлікті тым сылбыр жүргізген болып шықты. Өңірдегі тасқын суға әзірліктің аса мәз болмай тұрғаны облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен жиын кезінде мәлім болды. Алдағы су тасқынына өңірдің 14 елді мекенінің, атап айтқанда, Аршалы ауданында Ақ­­бұлақ, Анаркөл, Жалтыркөл,  №42 разъезд, Бурабай ауданында Веде­­­­новка, Атамекен, Ұрымқай, Қатаркөл, Кене­сары, Зла­то­полье, Қызылағаш, Ерей­­­­ментау ауда­нында Олжабай батыр ауыл­дары тасқын суға мүлдем дайын­­дықсыз екені айтылып, сын садағына алынды. 

– Менің аудандарға барған жұмыс сапарларымның барысында елді ме­кендерден, әсіресе елорда маңындағы елді мекендерден қар шығару жұмыс­­­тарының тым нашар жүргізілгені бай­­қалды. Мәселен, 2021 жылы қардың уақытында шығарылмауы салдарынан ғана Қоянды ауылында 5 тұрғын үйді су басып қалған еді. Сондықтан мұндай фактілерге жол бермес үшін аудандар мен қалалардың әкімдіктері қарды жол­дың жиектеріне жинамай, елді мекеннен шығару жұмыстарын күшейту қажет, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов. 

Аймақтағы су тасқыны кезіндегі басты қауіп ондаған жыл бойы ешбір жөндеу көрмей тозып, апаттық жағдайға жеткен гидротехникалық құрылымдар болып шықты. Облыс әкімдігінің дере­­­­гінше, өңірдің іс жүзінде барлық ауда­­­­­нындағы гидротехникалық құры­­­­лым­­­дардың то­зығы жеткен. Әсіресе, Бұ­лан­ды, Бура­­­бай, Аршалы, Астрахан, Сан­дық­­­­­тау, Атба­­­сар, Шортанды, Есіл, Жақ­­­сы, Жарқайың және Қорғалжын ау­­­дан­­дарындағы бө­гендердің жағдайы аса мүшкіл. Мә­­селен, Бурабай ауданында бөгеннің жағдайы аса қауіпті болуы салдарынан 1 116 адам тұратын 7 бірдей елді мекенге су астында қалу қаупі төнген. 

Жалпы, облыс аумағында апаттық жағдайдағы және қанағаттанарлықсыз күйде жатқан гидротехникалық құры­­лыстардың бұзылуы себепті 8 ауданда 2 мыңнан астам адам тұрып жатқан 24 елді мекен су басу қаупі бар аймақтар қатарына кірген. Атап айтқанда, Аршалы ауданында «Батпакөл»,  Астрахан ауда­­­­нында «Қызыл жұлдыз», Бұланды ауда­­­нында «Иванков», Бурабай ауда­­нында «Веденовка», «Ке­несары», «Щучинск саяжайлары», «Фро­ловская», Есіл ауда­­­­нында «Соленая бал­­ка», «Чапаевская-2», Сандықтау ауда­­нында «Максимовская», Шортанды ау­да­нында «Дамса» және «Негізгі» гидро­техникалық бөгендердің бұзылуы маңын­дағы елді мекендерге тұтастай су басу қаупін төндірген.

Гидротехникалық бөгендер су тас­­­қыны кезінде қауіптің алдын алумен қатар су көзін жинақтау үшін де пай­­да­ланылу қажет болғанымен, тозығы жет­­­­кен құры­лым­дарда қажетті су ре­­­­сур­сын жинауға назар да аударылмапты. Синоп­­тиктердің берген мәліметінше, ал­дағы жазда ауа темпе­ратурасы тағы 40° дейін ыстық болмақ. Яғни, су қой­малары мен бөген­дерде ылғал қоры жи­налмаса, өзен-көлдеріміз құрғап, тамшы суға зар болып қалуымыз әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде өңірдің ауыл шаруа­­шы­лығына, жалпы экономикасына да кері ықпалын тигіз­бек. Ақпан айында өткен Үкіметтің кеңей­­­тілген жиынында Мем­­лекет бас­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев су жинау техноло­гияларын ен­гізудің маңызын атап өткен. Жиын бары­сында облыс әкімі құзырлы орган­дардың су ре­сурс­тарын жинақтауға баса назар ау­дару қажетін қадап тапсырды. 

– Гидротехникалық құрылымдардың тек су тасқыны апатымен күреске емес, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету мақ­са­­тын­да су жинау үшін де қызмет ететінін естен шығармауымыз керек. Табиғи ресурстар басқармасы өкілетті ор­ган ретінде аудан әкімдерімен бірлесіп, гид­ротехникалық құрылымдарды қол­дану мәселесін қайта қарастыруы қажет. Ауыл шаруашылығы басқармасы мүдделі орган ретінде ауыл шаруашылығы қа­жеттіліктері үшін су жинау және сақтау процесіне қатысуға тиіс. Екі басқармадан су шаруа­­шылығы инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ұсыныстарын енгізуі керек, – деді облыс әкімі Марат Ахмет­жанов. 

Жалпы облыс аумағында 90 гидро­техникалық құрылымдар болғанымен, олардың бірқатары өзінің функциясын ондаған жылдан бері орындауға қау­­­қарсыз болып шықты. Мәселен, тек Қорғалжын ауданының өзінде 5 гидро­техникалық құрылымды мүлде есептен шығаруға болады. Тіпті, аталған құры­лымдардың маңында су көздері де бол­май шықты. Бұзылған айдаладағы ин­фрақұрылымдар елді мекендерден алыс жатқандықтан, су тасқыны кезінде қауіп төндірмейді. Жиында Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына аудан әкім­­­­­дік­­­терімен бірлесіп, гидротехникалық құры­­­лым­дарды түгендеу, су ресурстарын реттеуге ықпал етпейтін арнаулы мақ­сатқа пай­­даланылмайтын құры­­­­­лымдарды тізім­­де ұстау тиімділігін зерттеу жүктелді. 

Төтенше жағдайлар қызметі жүргізген талдауға сенсек, өңірде су тасқыны ке­зінде 25 өзен 11 мыңнан астам адам тұратын 95 елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Әсіресе, Жабай, Нұра және Есіл өзен­­дерінен қауіп басым. Деректерге жүгінсек, Жабай мен Нұра өзендерінде арналарын кеңейту және түбін тереңдету жұмыстары 2021 жылы-ақ жоспар­­­ла­­­ныпты. Алайда арада үш жыл уақыт өт­кенімен, оң сарап­тама қорытын­­дысы бар жобалар әлі жа­сал­маған. Жыл сайын тасқын судан жапа шегетін Цели­­­­ноград ауданы Оразақ ауылы тұсындағы Нұра өзенінде сарап­­тамаға өткізуге құжат­­­тар жаңа әзірлене бастаған. Ал жылда Жа­бай өзенінің тасуынан зар­дап шегетін Атба­­­­­­­сар қаласы мен Бори­­совка селосында жоба жасалғанымен, мемлекеттік сарап­тамадан өтпеген. Жа­бай өзенінің түбін тереңдету бойынша тіпті жобалық-сме­­талық құжаттама да жасалмаған болып шықты. 

Жиын барысында құзырлы органдар су тасқынына әзірліктің сылбыр жүр­гізілуі салдарынан мемлекетке және сол елді мекендерде тұрып жатқан халыққа елеулі әлеуметтік сипаттағы, тіпті адами шығындарға әкеліп соғу мүмкін екенін жеткізді. 

Ерекше алаңдаушылық туғызатыны – өңірдің Көкшетау, Степногор қалалары мен Қорғалжын ауданынан басқа жер­­лерде хабарландыру жүйесімен жаб­дықталу деңгейі аса төмен болып шықты. Жалпы аймақты қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 278 дабыл құрыл­ғысы қажет екен. Әсіресе, Бурабай, Зеренді, Атбасар және Целино­­град аудандарында қа­жеттілік басым. 

Жиын барысында аудан әкімдіктері мен құзырлы органдарға су тасқыны кезінде қауіпсіз өткізу үшін барлық қа­жетті шараны уақытында орындау тап­­­сырылды. Алайда дер кезінде әрекет ет­пеген органдардың сылбыр қимылы мен салдыр-салақ есебінің салдары іс жүзінде қауіптің алдын алуға мүмкіндік бере ме? Түйткілді мәселелердің шешімін табу үшін алдымен оның алдын алуға назар аударылғаны жөн болмас па еді... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы