Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының бірінші оқылымында қосымша баяндама жасаған депутат Бауыржан Смағұловтың сөзіне сүйенсек, аталған құжат жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объектілерді дамытуды қолдауға бағытталған. Яғни, бұдан былай халықтың, шағын және орта бизнестің ЖЭК пайдалануда кездесетін кедергілер жойылады. «Біріншіден, ЖЭК-тің шағын көлемді нысандары деген ұғымға жол ашылды. Енді жеке тұлғалар, бизнес, сондай-ақ шаруа және фермерлік шаруашылықтар «жасыл» технологияларды кеңінен қолдана алады», – деді Б.Смағұлов.
Заңнама ЖЭК пайдалану бойынша шағын ауқымды объектінің белгіленген қуатын 100-ден 200 киловатқа дейін ұлғайтуға, нетто-тұтынушыларды электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді төлеуден босатуға бағытталған. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов нетто-тұтынушы жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босатылатынын айтады. «Бұл толықтыру азаматтардың жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымдағы объектілерін пайдалану процесіндегі бюрократияны айтарлықтай азайтады. Норма энергия беруші ұйымдар тарапынан болатын қарсы іс-қимылдан нетто-тұтынушылардың мүдделерін құқықтық қорғау тәсілдерін кеңейтуге бағытталған. Бұдан бөлек, нетто-тұтынушылар электр энергиясын беру қызметтеріне ақы төлеуден босатылады, бұл қосымша және негізсіз шығындардың болмауына мүмкіндік береді», – деді ол.
Әлем елдері электр қуатын баламалы көздерден, жаңартылатын энергиядан алуға жаппай көшіп жатыр. Бұл тұрғыда жер көлемі жөнінен 9 орын алатын Қазақстанның мүмкіндігі мен әлеуеті зор. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев таяуда өткен алқа отырысында республикада жел генерациясын дамыту бойынша әлемде көшбасшы позицияларды иеленудің барлық мүмкіндігі барын мәлімдеді. Елімізде жылдамдығы 5 м/с-тан асатын жел дәліздерінің болуы жел энергетикалық стансаларын (ЖЭС) салу үшін қолайлы. Министр сондай-ақ республикадағы желдің энергетикалық әлеуеті жылына кемінде 920 млрд киловатт-сағат деп бағаланып отырғанын айтты. Қазақ жеріндегі желдің қуаты жылдық орташа қуаты секундына 7 метрден жоғары. Бұл ретте Каспий өңірі, оңтүстік өңір, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысында орналасқан Шелек дәлізі мен Жоңғар қақпасы жел энергиясының ең жоғары әлеуетіне ие.
Дегенмен 920 млрд кВт-с энергияны бірден тұтас игеру мүмкін де емес. Себебі желдің өзі тегін соққанымен, оның энергетикалық жүйесі тегін емес. Екпіні бірде күшейіп, бірде баялап тұратындықтан, одан алынатын қуат тұрақты емес. Жел генераторларын орнату, трубиналарын қондыру құны, жинақталған энергияны тұтынушыға жеткізу біраз қаржы салуды талап етеді. Осыған орай, жоғарыда қарастырылып жатқан заң жобасы бірқатар жеңілдікке жол ашары сөзсіз.
Бүгінде елімізде 222 электр қуатын өндіретін станса жұмыс істеп тұр. Оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт (гигаватт) болатын 146 жаңартылатын энергия нысаны бар. Энергетика министрлігінің дерегінше, Жел электр стансалары 1,4 ГВт энергия өндірсе, Күн электр стансалары – 1,2 ГВт, Биогаз стансалары 1,2 МВт қуат шығарады. Жаңартылатын энергия тұрақты өсу үстінде. 2014 жылдан бастап оның белгіленген қуаты 16 еседен жоғары артқан (2014 жылғы 178 МВт-тан 2023 жылы 2868 МВт-қа дейін). Энергияны баламалы көздерден өндірудің тиімділігіне Еуропа елдері ертеден қол жеткізуде. Мысалы, Германия мен Испания үкіметі 2000 жылдардың басында жел энергетикасы өндірісіне жеңілдіктер ұсынып, ынталандыра бастады. 2005 жылы аталған екі мемлекет тұтас Еуропадағы жел энергетикасы қуатының 70 пайызын өндірді. Ал Шотландияда 2017 жылы әлемде алғашқы болып ашық теңіздегі жел қондырғысын іске қосты. Құны 213 млн еуроға бағаланған жобада жаңа технология арқылы жел генераторы теңізге шығарылды. Ашық теңізде желдің бағытына икемделіп қозғала алатын мүмкіндігіне орай, электр қуатын да тиімді өндіре алады. Бес турбина 20 мың тұрғын үйдің қажеттілігін қамтамасыз ететін мүмкіндікке ие. 2023 жылы үш бірдей шағын атом электр стансасының жұмысын тоқтатқан Германия үкіметі электр энергиясын жел мен күннен алуға ден қоя кіріскенін мәлімдеді. Жаңартылатын энергия көздеріне негізгі басымдық берген немістер былтыр рекордтық көрсеткішке жетіп, 113,5 млрд кВт-с қуат өндірді. Жалпы, ЕО елдері 2034 жылға дейін желден алатын қуаттың жиынтығынын 140 гигаватт-қа жеткізуді жоспарлап отыр. Соңғы жылдары жел энергетикасы жабдығын өндіруде Қытай алдыңғы қатарға шықты. Шығыстағы көршіміздің негізгі артықшылығы жел генераторларын өндіретін компанияларға ауқымды мемлекеттік қолдау жасалады. Екіншіден, өндірістік базасының шығыны аздығымен ерекшеленеді. Былтыр Қытай әлемдегі ең ірі жел генераторын іске қосты. Қуаты 16 МВт-тық қондырғының биіктігі 260 метр. Аталған генератор 36 мың жеке тұрғын үйді жабдықтауға жетеді деп күтілген. Қазақстанның алдында ЖЭК өндірісін жедел дамыту міндеті күн тәртібінде тұр. Өйткені қуат көзіне деген қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр ел бойынша электр энергиясын тұтыну 115 млрд кВт-с көлеміне жеткен. Сәйкесінше, ішкі өндіріс 112,8 млрд кВт-с болды. Жетпеген 3,4 млрд кВт-с қуатты көрші мемлекеттерден импорттауға мәжбүр болдық. Жауапты министрлік есебінде 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қолда бар қуаттың жалпы көлемі 20,4 ГВт-ты құраған. Ішкі нарықтағы сұраныстың деңгейіне байланысты қажеттілік 2030 жылға қарай 28,2 ГВт-қа жетеді деп күтілуде. Демек, алдағы алты жыл қуат көзіне деген тапшылықты туындатуы әбден мүмкін.
Сол себепті Үкімет елдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында Электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын қабылдады. Оған сәйкес қолданыстағы жобаларды жаңғыртудың бірқатар жобасы іске асырылмақ.
Бауыржан БАЗАР