Жалпы, Көрісу мерекесінің мәні неде, оны ата-бабаларымыздың әлімсақтан ұлықтауына не себеп – үңіліп көрелік.
Ғұндардан басталған үрдіс
Этнограф-ғалымдар, тарихшылардың пайымдауынша, еліміздің батыс өңірлерінде кеңінен сақталған Көрісу мерекесінің мәні тереңде жатыр. Табиғатпен етене араласып, өмір бойы Жер-анамен біте қайнасып өткен көшпелі қазақтар Наурыздың ерекшелігін жете түйсінген.
Белгілі ғалым, тарихшы Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Көрісу мейрамы кезінде көрісуге дейін соққан жел мен аяздың лебі басылады, жерден көктің керемет иісі шығып, ызғар жердің бетіне шығады.
– Көне Қытай жазбаларындағы көшпенділерге қатысты деректерде «...олар Наурызда жиналады. Үлкен той жасайды, бір-бірінің амандығын сұраса келген ел көрісіп, ата-баба әруағына бағыштап ас береді» деп жазылған. «Ескі айда есірке, жаңа жылда жарылқа!», «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп көшпенділер қыстың қиыншылығынан аман өткеніне қуаныпты. Біздің дәуірімізге дейінгі көшпенділердің көрісу мерекесі Батыс өңірінде жақсы сақталып қалуының себебі – Батыстың империя астанасы болуында. Көрісу – ғұндардан басталып, түркі, Алтын Орда дәуірі арқылы бүгінгі күнге жеткен ең ұлық мереке, – дейді ғалым.
Көрісуді көрші елдер де атап өтеді
Бір қызығы, Көрісу мерекесі қазірдің өзінде еліміздің батыс өңірлерімен бірге, көршілес Ресей елінің Астрахань, Самара, Волгоград және Саратов облыстары, Қарақалпақ Республикасы мен Өзбекстан елі де ерекше ықыласпен атап өтеді. Атыраулық өлкетанушы ғалым Өтепберген Әлімгереев көрісудің тарихы тереңде жатқанын айтады.
– Абайдың «…күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып, қырдағы ел ойдағы елмен араласып» деп келетін жолдарынан сол заманда-ақ көрісу дәстүрі қанатын кең жайған мереке болғандығын көреміз. Тіпті, парсы математигі, астроном, ақын, философ Омар Хайямның «Наурызнамесінде» Жаңа жыл наурыздың 14-інен басталатындығы айтылады. Ескерерлігі, Омар Хайям – өз заманында дүниежүзі мойындаған күнтізбе жасаған ғалым. Оның күнтізбесі аса дәлдігімен әрі күн қозғалысына негізделуімен ерекшеленеді. Мұның өзі Көрісу мерекесінің тамыры әріде жатқанын дәлелдейді, – дейді өлкетанушы ғалым.
Астрономиялық сипаты да бар
Зерттеушілердің айтуынша, ең алдымен, біз Көрісу мерекесінің астрономиялық сипатына назар аударуымыз керек.
– Наурыздың 13-інен 14-іне ауғанда, күн мен амал жұлдыздары бір-біріне беттеседі. Осыны ежелгі астрономдарымыз, жұлдызшыларымыз байқаған. Сөйтіп, күн мен амал жұлдызының беттесуін, яғни қауышуын көрісу сәлеміне айналдырып жіберген. Осы бір ерекше астрономиялық құбылыс кезінде, жұлдыз тоқсан күндік қысты ығыстырып шығарып, көктем келеді. Мұны ортаазиялық астрономдар жақсы білген. Тарихи жазбаларда Хорезм, Отырар сынды көне қалаларда аспандағы жағдайды зерттеумен айналысқан жұлдызшы ғалымдардың осы жаңалықты ғылыми тұрғыда дәлелдегені, әлемге әйгілегені айтылады. Тіпті, атышулы Рим империясы бір кездері наурызды жыл басы ретінде күнтізбеге енгізген, – дейді мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали.
Отырарда обсерватория да болған
Ғалымның айтуынша, кезінде Самарқанда, Қызылорда бойындағы ескі қалаларда, ежелгі Отырардың маңында ежелгі абыздар жұмыс істеген. Тіпті, обсерватория болған.
– Сол обсерваторияда ғалымдар күн мен түннің теңелуін алдын ала бақылап отырған. Қыс кетіп, көктемнің шығуын абыздар күннің топты шоқ жұлдызына енуіне байланысты біліп отырған. Ал «Самарқанның көк тасы» деген ұғымға келер болсақ, негізі ол ешқандай тас емес, аспаннан да түспеген. Ол – ежелгі ғалымдардың белгілі бір мұзды тас етіп қатырып, соның жібуіне байланысты тәжірибелерінен қалған ұғым. Яғни, тас көктем келген кезде жіби бастаған. Демек, «Самарқанның көк тасы» – амал жұлдызы мен күннің беттесе бастауын білу үшін жасалған құрал, – дейді мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали.
Зерттеулерді қарасақ, таңғалатындай бір дерек бар. Наурызды кезінде ежелгі сақтар да, ғұндар да қарсы алған. Қыдыр, Қызыр туралы түсінік осыдан шықса керек.
– Бұл – осыдан 5-7 мың жыл бұрын келе жатқан үрдіс. Мерекенің басты кейіпкерлері ретінде Ұмай ананы енгізу керек. Тіпті, қарапайым алтыбақанның өзі – үлкен тақырып. Алтыбақан – әсте ойын емес, өз мәні көмескіленген ежелгі жоралғы. Бұл рәсімде ежелгі ғаламның пайда болу құбылысы орын тапқандай. Бізге жеткен әпсаналар бойынша, «алты күн ішінде жеті планета жаралды». Алтыбақан тебетін жігіт – Күннің, бойжеткен – Айдың кейпі. Сайып келгенде, бұл күн мен түннің үйлесімін паш етеді. Шын мәнісінде, 14 наурыз жылдың кіру күні болатын. Мәшһүр Жүсіп Бұқарда халықтың наурызды тоғыз күн бойына тойлағаны жөнінде жазбалар қалдырған. Қазіргі күнтізбемен қарасақ, бұл кезең 14-23 наурыз аралығына келеді. Сондықтан осы тоғыз күннің әр күніне мәртебе, бөлек мазмұн беріп, мерекені біртұтастандыруымыз керек деп ойлаймын, – дейді мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали.
Қалай десек те, көрісуде көп мән бар. Сайып келгенде, Көрісу, Әз Наурыз – ғарышпен астасқан табиғаттың тойы. Соның ішінде көрісуді, жалпы Наурыз мерекесін жас буынға ұлттық ерекшелік, ұлттық артықшылық, рухани нәр беруші, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы ретінде дәріптей білуіміз керек.
Баян ЖАНҰЗАҚ