Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Жеңіс Сариев қазына қаржысын талан-таражға салғаны және жеке кәсіпкерге заңсыз қаржы аударғаны үшін ұсталды. Сондай-ақ лауазымды тұлға мекемеде жұмыс істемейтін адамдарға негізсіз айлық жалақы аударғаны үшін құрықталып отыр.
Жалпы, Жеңіс Сариев осы қызметке 2019 жылдың 24 шілдесінде тағайындалған болатын. Ал еңбек жолын Жамбыл ауданында «Аса» совхозында жұмысшысы болып бастап, облыс әкімінің бас инспекторына дейін өскен. Осылайша, әкімнің сеніміне кірген маманды Асқар Мырзахметов өткен жылы жауапты қызметке отырғызған. Алайда небәрі 45 жастағы маман сенімді ақтамай отыр.
Негізі дәл осы басқармаға кейінгі жылдары басшы тұрақтамауда. Асқар Исабекұлы облысқа келген жылы өзімен бірге алып келген кадры Арнұр Мұхамеджановқа басқарма тізгінін берген болатын. Алайда отыздан енді асқан маман өзіне жүктелген міндетті орындай алмады ма, әлде «беліне көтере алмайтын шоқпар» байлады ма, әйтеуір жыл істемей жылы орнын босатқан. Одан кейін бұл орын алты айға жуық уақыт бос тұрған. Өткен жылдың шілдесінде Шымкенттен ағылған кадрларға қатысты шу шыққаннан кейін Асқар Мырзахметов жергілікті маман Жеңіс Сариевті лауазымды қызметке тағайындап, көптің көңілінен шыққандай еді. Алайда бұл кадрдан да қадыр қашып, аймақ басшысының жұмысына дақ түсіріп отыр.
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы