Облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Ақтөбе» газетінің тарихы бұдан 100 жыл бұрын, яғни 1924 жылдың 7 маусымында Kedej (Кедей) атауымен жарыққа шықты.
Ғасырлық қара шаңырақ
1,008
оқылды

Газеттің тұңғыш нөміріндегі мақалалар төте жазумен (араб әліпбиі) жазылған. Басылымның әр саны алғашқы күннен-ақ ұлттың мүддесін қорғап, елдің мұңын жоқтауға арналды. Аптасына бір рет, бар болғаны екі бет көлемде жарық көрген «Кедей» газетінің басты тақырыбы халық ағарту, мәдениетке үйрету hәм білім алуға шақыру, оларды оқыту еді. Сондай-ақ өңірдегі шаруалар мәселесі де күн тәртібінен түспеген.  

«Кедей» газетінің (бүгінгі «Ақ­төбе») алғашқы жауапты ре­дак­торларының бірі – Алаш қоз­ға­лысының қайраткері, «Қазақ» газеті сынды қасиетті ұядан түлеп ұшқан қаламгер, белгілі көсем­сөзші Жанұзақ Жәнібековтің туғанына да биыл 135 жыл тола­тының атап өткен жөн. Ол басшы ғана емес, «О.Ж.» бүркеншік есі­мі­мен өзі де мақала жазып отыр­ды. Оның жазған жазбалары­нан қарапайым қазақтардың жоғын жоқтағанын, сол заманғы жүргізі­ліп жатқан саяси науқан­дарға үн қосқанын және шаруа хаттарына көп мән беріп, әуелі олардың тұр­мысын түзу суреттеп, елдің жайын үкіметке жеткізіп тұрғанын көруге болады. Мақа­ла­лардың мазмұны­нан байқала­тын тағы бір жай – редактор әр саланың ма­ман­дарын газет ісіне үлес қосуға жұмылдыра білген. Сондай-ақ «Кедей» газеті басқар­масының атынан «Тілшілер не жазу керек?», «Тілшілер! Шаруа нені аңыз қылады, жа­зыңдар!» де­­ген сияқ­ты нұсқаулар үнемі бе­ріліп отыр­ған. Осылайша, Жанұзақ Жәні­беков «Кедей» газетін 1926-1929 жылдар аралы­ғында басқарды. 

6 жылдан кейін, 1930 жылы тамыз айында округтер мен уез­дердің орнына аудандар ұйым­дасқанда «Кедей» газеті «Алға» болып өзгерді. Ал 1932 жылғы 13 наурызда облыс құрылып, газет­тің аты әуелі «Социалдық жол», кейін «Социалистік жол» болып өзгерді. 1941 жылы Ұлы Отан со­ғысы бастал­ған­да барлық ер-азаматтар сияқ­ты газет қыз­меткер­лері де түгелге жуық майданға ат­танды. Солар­дың ішінде Абдолла Ерназаров, Ахмет Ескендіров, Қонысбай Ерғарин сияқты белгілі журналистер майданда ерлікпен қаза тапты. Газетте «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» айдары тұрақты орын алды. 1944-1954 жылдары «Социалистік жол» ірі-ірі оқи­ғалардың куәсі болды. Дала төсін дүбірлі еңбекке бө­легендер туралы суреттемелер, очерктер жарияланды. 1962 жылы газет «Батыс Қазақстан» деген атпен шыға бастады. 

Газеттің 400-ге жуық тұрақты авторы, 700-ден астам ауыл-село тілшісі, 18 посты болды. Газеттің Бүкілодақтық халық шаруашы­лығы жетістіктері көрмесінің I, II дәрежелі дипломдарымен, КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталғаны да осы кезеңде еді. 1965 жылы газет атауы «Коммунизм жолы» деп, ал араға ширек ғасыр салып, 1990 жылы 12 қазанда «Ақтөбе» деп өзгертілді. Бүгінде жиырма мың­ға жуық таралыммен шығып, одан бірнеше есе көп оқырманы­ның қолынан өтетін бұл газеттің бұқаралық ақпарат құралдары арасында алатын орны ерекше. 

Облыс баспасөзінің қара ша­ңырағына айналған «Ақтөбенің» қазіргі бағыты – қоғамға, ұлтқа қалт­қысыз қызмет ету. Газет жур­на­листері облыстың барлық ауданда­рында болып, өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуын, халық­тың жағдайын, кө­кейкесті мәселелерін тұрақты көтеріп келеді.  

Облыстық басылым мұрагері – «Ақтөбе» газетінің қызмет­кер­лері үнемі бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болып жүр. Мәселен, ЖШС директоры Рау­кен Отыншин, «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев «Құрмет» орденімен, газеттің бөлім меңгеру­шісі Нұрмұханбет Дияров «Ерен еңбегі үшін» медалімен, журналистер Мейрамгүл Сатаева Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен, Сәтжан Дәрібай, Индира Өтеміс «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттал­ғанын мақтана айта аламыз!  

Кешегі бастан кешірген күр­делі күндердің көсемсөзбен хат­талған бір шежіресі, ұзақ жылдар бойы халықтың сырласы мен мұңдасына айнала білген, ұрпақ сабақтастығы мен оның тәрбие­сіне зор үлесін қосқан, сондай-ақ Жиенғали Тілепбергенов, Жанұзақ Жәнібеков, Кенжеғали Абдуллин, Құдайберген Жұбанов секілді тағы басқа да белгілі тұлға­лар­дың қымбат мұрасының бір бөлігін сақтап, бүгінгі ұрпаққа жет­кізген 100 жылдық тарихы бар көне жәдігер. 

Ендеше 100 жыл бұрын жаң­ғырыққа қарай жақындап, күні бүгінге дейін өзінің сара әрі дара жолымен келе жатқан қара ша­ңырақты Ақтөбе жұртшылығын атаулы мерейтойымен құттық­таймын! 

Басылымның оқырманда­рына берері мен айтары таусылмасын! 

Амангелді НҰҒМАНОВ,

Сенат депутаты