Біз тілге тиек етіп отырған Қазалы ауданына қарасты Үрмәш Түктібаев ауылы 1939 жылы Алға, Жаңабасшылық, Бозкөл және Жаңажол колхоздарын біріктіру кезінде құрылған. Бертін келе 1956-1966 жылдары Карл Маркс атындағы колхоз, кейін совхоз бөлімшесі, 1966-1985 жылдары Октябрь күріш совхозы ретінде қайта құрылымданады. Ауылға Кеңес Одағының батыры есімі тек 1985 жылы беріліп, 1997 жылдан бастап Алға ауылдық округі құрылған.
Облыс орталығынан 450 шақырым қашықтықта қоныстанған елді мекеннің негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығымен тікелей байланысты. Округ аумағы солтүстік батысында Ақжона, Майдакөл, Шығыс беткейінде Аранды ауылдық округтерімен, ал батыс жағында «Барсакелмес» Ұлттық қорығымен шектеседі. Бүгінде елді мекенде 1 800 тұрғын берекелі тұрмыс кешіп жатыр.
«Кеңес Одағының батыры Түктібаев атындағы ауылымыз құт дарыған киелі мекен саналады. Ел ішінде «Егіздер ауылы» атануы да бекер емес. Ауылымыз егіз сәбилердің туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Жалпы, ауылымызда жайлы тұрмыс кешуімізге барынша жағдай жасалып келеді. Бүлдіршіндерге балабақшамыз жұмыс істейді. Он бір жылдық ауылдық мектебімізде егіздеріміз білім нәрімен сусындап жүр. Биыл спорт кешені беріліп, ауыл балаларының спортпен шұғылдануына да мүмкіндік артты. Еңселі мешітіміз де бар. Ауыл халқы егін егіп, мал бағып, нәпақасын адал еңбегімен тауып жүр», – дейді ауыл тұрғыны Тұрсынкүл Қапашова.
Нақты мәліметке сәйкес, ауылда бүгінде 24 егіз тұрады екен. Оның ішінде екі рет егіз сәби мен үшем тәрбиелеп отырған отбасылар да бар. Қазір ауылдағы егіздердің алды 50 жасты еңсерсе, ең кенжесі 1 жасқа енді толады.
«2023 жылдың 23 мамыр күні шаңырағымызда үлкен шаттық орнады. Отбасымызға егіз сәби дүние есігін ашты. Егіздер ауылында тұрып жатқандықтан, бұл тұрғылықты халық үшін үйреншікті үрдіс десек те болады. Алайда егізді болғанда бәріміз зор қуанышқа кенелдік. Қос сәбиіміздің бірінің есімін Диас, екіншісін Мирас деп қойдық. Бүгінде балапандарымыз 10 айға аяқ басты. Шүкір, жағдайлары жақсы. Тәй-тәй басуға талпынып келеді», – деп қуанышымен бөлісті ауыл тұрғыны, егіз сәбилердің анасы Әсемгүл Қуанбаева.
Егіздер ауылының тағы бір ерекшелігі – өзге өңірге қоныс аударған немесе тұрмысқа шыққан ауылдың байырғы тұрғындары да егіз құрсақ көтергенін айтып, жиі сүйіншілеп хабарласатын көрінеді. Мұны құт қонған киелі мекеннің кезекті ғажайыбы деп жорамалдайды. Бұдан өзге ауылда екі мәрте егіз босанған Шаттықовтар отбасы тұрады. Нақты айтқанда, егіз ұлдар Нұрқанат пен Ерқанат, Бекзат пен Саят ауыл халқының сүйіспеншілігіне бөленіп келеді.
«Бүгінде егіз ұлдарымның үлкені Нұрқанат пен Ерқанат азамат болды. Бірі отбасын құрса, екіншісі еңбек етіп жүр. Астана қаласында тұрып жатыр. Ал Бекзат пен Саят биыл 11-сыныпты тәмамдайды. Ұлдарымның алға қойған арман-мақсаттары асқақ», – деп ағынан жарылды қос егіздің анасы Алмагүл Алдабергенова.
Егіздердің көптеп тууымен ерекшеленетін ауылда көпбалалы аналардың да үлесі аз емес. Соның ішінде ауыл тұрғыны Айгерім Маханбетжанова – 8 бала тәрбиелеп өсірген алтын құрсақтың ана. Бұл отбасында Айғаным, Айғант, Асылым есімді үшемдер қырмызы гүлдей құлпырып, өсіп келеді.
«Өзім 8 бала тәрбиелеп отырмын. Үшем де босандым. Құндыздай үш қызым дүниеге келді. Бұл бізге тәңірдің берген тәтті сыйы десем болады. Бүгінде қыздарым 3 жасқа толды. Түрлері бір-біріне ұқсағанымен, үшеуінің мінезі үш түрлі. Мәселен, Айғанттың мінезі қырсықтау болса, Айғаным ашық, Асылым момын. Үшемді Қызылорда қаласындағы Ана мен бала орталығында босандым. Дәрігерлер орталықтан шыққанша балаларға жақсы қарады. Денсаулығына ешқандай шағым болған жоқ. Қазір үшеуінің де жағдайы жақсы. Отбасымызға осындай қуанышты нәсіп еткеніне Аллаға сансыз шүкіршілік айтамыз», – деп үшемнің анасы ерекше сезімімен бөлісті.
Ауылға өзге өңірден келін болып түсіп, егіз құрсақ көтергендер де аз емес. Тәңірдің тәтті сыйына бөленген ауыл келіндері де бізге қуаныштарымен бөлісті. Соның бірі – Перизат Дауылбаева егіз қызды дүниеге әкеліпті.
«Өзім ауданға қарасты Өркендеу ауылының тумасымын. Түктібаев ауылына келін болып түстім. Көп ұзамай Толғанай Аманжол және Шапағат Аманжол есімді егіз қызым дүниеге келді. Екеуінің арасы 5 минут. Бір қызығы, екеуі бір-бірін қатты іздейді. Бірі ауырса, екіншісіне кәдімгідей әсер етеді. Тумысынан үлкені тұйықтау болса, екіншісінің мінезі ашық. Алайда екеуінің де бауырмалдығы басым. Қазір екеуі ауылдық №88 Байжігіт Әбдіразақ атындағы орта мектептің 7-сыныбында оқиды», – дейді ол.
«Жас келсе іске» демекші, халық ауылға жас әкім Олжас Ахметов келгелі ауыз толтырып айтарлықтай толымды тірліктер атқарылғанын да жасырмайды. Ауылдың тұрмысы түзеліп, ізгілік пен өнегеге толы көпшілік іс-шаралар да үздіксіз өткізіліп тұрады екен.
Берекелі ауылдың бүгіні мен келешек жоспары жайында жас әкімнің өзінен де сұрап көрдік.
«Батыр атындағы ауылымыздың негізгі ерекшелігі – егіздердің көптеп тууында болып тұр. Өзім әкім қызметіне кіріскен 2-3 жылдың ішінде 3 мәрте егіз сәби өмірге келді. Шаңырақтарына арнайы құттықтап барып, қуанышымен ортақтасып та қайттым. Негізінен, ауыл халқының жайлы тұрмыс кешуіне мемлекет тарапынан қамқорлық ортайған емес. Бұған дейін ауылда интернет желісі қиындық туғызып келген болатын, қазір ол мәселе шешілді. Сол сияқты 2,5 жылдың ішінде 1 млрд-қа жуық теңге қаражатқа ауыл келешегіне бағытталған жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізілді. Атап айтқанда, егінге, мал суаруға бағытталған шлюзді каналдар қазылып, жаңадан спорт кешені салынды. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен ауыл аумағына жаңадан 6 жол салынып, көркейту-көгалдандыру жұмыстары көңілдегідей атқарылды. Алдағы 2025 жылы ауылды газдандыру жұмыстары қарқын алатын болады. Айта берсек, ауылымызды дамытуға негізделген ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр», – деп мәлімдеді ауыл әкімі.
Қай кезде де Қазалы ауданындағы Үрмәш Түктібаев ауылына көпшіліктің құрметі ерекше. Тіпті, егіздерін еркелеткен елді мекенге ырым етіп, арнайы қонақтап баратындар да аз емес.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы