«Әр жетістікке жеткен мықты еркектің артында дана әйел тұрады» деген сөзді жиі естиміз. Иә, нәзік жандылар отбасы жүгі мен қоғам жүгін де қатар алып жүруге қауқарлы.
«Шыңыраудан» «шыны жартасқа» өрмелеген арулар
488
оқылды

Бұған «әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз дәлел. Тарихта көшбасшылық қабілетімен көзге түскен, Отан үшін, отбасы үшін құрбан болған арулар аз емес.  Ал қандай да бір мекеме болсын, компания болсын тоқырау мен дағдарыс алдында тұрғанда басшылықты әйел адамға ұсынатын жағдай туралы естуіңіз бар ма? Бұл мақаламызда осы бір феномен туралы сөз етпекпіз.

«Шыны жартастар» деген не?

«Шыны жартас» деген тер­мин­ді естуіңіз бар ма? Бұл термин 2005 жылы пайда болып, оны Эксетер уни­верситетінің ғалымдары Ми­шель Райан мен Александр Хаслам ой­лап тапты. Олар өз мақаласында та­ғы бір зерттеуші, заң профессоры Элизабет Джадждың тұжырымын тал­дайды. Профессордың айтуын­ша, басшылық қызметтегі әйелдер ком­панияларға тек зиянын ти­гі­зе­ді. Олардың кесірінен қаржылық көр­сеткіштер төмендеп, компания та­бысынан айырылады. Райан мен Хас­лам бұл көзқарасқа қарсы шық­ты. Олар Лондон қор бир­жа­сын­дағы 100 компанияны зерттеп, зерт­теу барысында қызықты бір мә­ліметтерге қанығады. Мәселен, қан­дай да бір компания дағдарыс пен тоқырау, құлдырау кезеңінде тұр­ған кезде көбіне әйел адамдарға бас­шылық қызметті ұсынатыны анық­талған. Компания дағдарысқа ұшы­рағанда ер адамдар басшы болу­дан бас тартады немесе ком­па­ния құрылтайшылары мүмкін­дігін­ше бұл кезде әйелдерді тартуға ты­рысады. Компанияның құрдым­ға кететінін біле тұра, ұсынысты қа­­былдайтын әйелдер де аз емес. Кей­де әйелдер сол қиын кезеңде ұтым­ды шешімдер қабылдап, ах­уал­­ды жақсартса, кейде керісінше болады. Мұндай жағдайда «әйел бастаған көш оңбас» деген бір ғана сөзбен барлық құлдырауды жылы жаба салумен аяқталып жатады. Осы­лайша, әйел адамға ауыр ке­зеңде басшылық қызметті ысыра салу арқылы компания екі жағ­дай­да да ұтты деуге болады. 

Тағы бір мысал. 2012 жылы Юта университетінің ға­лым­­дары жыл сайынғы Fortune 500 рейтингіндегі компаниялардың та­­­рихын зерттейді. 15 жылдық мы­сал көрсеткендей, компанияның проб­лемалары неғұрлым көп бол­са, соғұрлым компания әйелдер мен қара нәсілді ер адамдарды бас­шылыққа жалдауға бейім екені расталады. Сол жылы Harvard Business Review әлеуметтік сауал­нама нәтижелерімен мақала жа­рия­ланды. Мақалада қызық бір экс­перимент төңірегінде айты­ла­ды. Студенттерге ойдан шы­ғарыл­ған компанияның жаңа бас дирек­то­рын таңдау ұсынылып, ұсы­­­­ныл­ған сценарийлердің бірінде компания та­бысты болса, екіншісінде ұзаққа со­зылған дағдарыста болды. Бі­рін­ші нұсқа бойынша оқушылардың 62%-ы көшбасшы ретінде ер адам­ды таңдаса, екінші сценарий бойын­ша 69 пайызы бұл қызметке әйел­ді тағайындаған. Мақала ав­тор­лары мұндай шешімдерді ген­дер­лік қалыптасқан қағидалармен тү­сіндіруге болатынын айтады. Зерт­теушілер бұл құбылысты «құт­қару­шы эффект» деп тапты.

«Шыны жартастан» шыңырауға дейін...

Енді біз айтқан ұғым аясын­да бірнеше мысал келтіріп кө­релік. 1993 жылғы сайлау қар­саңын­да Канаданың прогрессивті кон­сервативтік партиясының рей­тин­гі төмен болды. Дәл осы кезде пар­тияның көшбасшысы болып Ким Кэмпбелл сайланды. Бұған дейін ол қорғаныс министрі қыз­метін атқарып келген еді. Көпшілік пар­тия басшылығына келешегі зор кандидат Жан Шарестті ұсынады деп ойлаған болатын. Бірақ Жан Ша­­рест сол кездегі дағдарыс кезін­де емес, дағдарыстан құтылған кез­­де керек болған еді. Ақырында партия парламенттегі барлық ор­ны­нан айырылып қала жаздап, пар­тия көшбасшысы Ким Кэмп­белл отставкаға кетті де, Жан Ша­рест оның орнына келді. «Шыны жар­­тастың» тағы бір жарқын мы­са­лы Софи Вилместің Бельгия­ның пре­мьер-министрі лауазымына сай­­лануы. Ол бұл лауазымға ие бол­­­ған алғашқы әйел болды. Оның сая­си мансабының гүлденуі жаһан­дық дағдарыс – COVID-19 ін­де­­тімен тұспа-тұс келді. Вилмес жаңа қиын­дықтарға төтеп бере ал­мады. Ол ел бюджетімен жұмыс істеп, ме­ди­циналық шығындарды азайтуға бар күш-жігерін жұмсады. Сонымен қатар медицина қыз­мет­керлеріне көп жауапкершілік жүк­теді. 2020 жылдың мамыр айында Вил­мес Сен-Пьер ауруханасына бар­ғанда қиын жауапкершіліктен шар­шаған дәрігерлер міндетті түр­де қосымша жұмыс істеуге нара­зы­лықтарын білдірді. 2020 жылдың 1 қазанында ол премьер-министр­дің өкілеттігін Александр Де Крос­қа беріп, ал өзі вице-премьер болды.

Бұл мысалдарға Ұлыбрита­ния­да Тереза Мэй 2016 жы­лы саяси дағдарыс кезеңі бол­ған Brexit референдумынан кейін премьер-министр болғанын, Финляндияда Мари Кивинейми 2010 жылы әлемдік қаржы дағ­да­ры­сынан кейінгі экономикалық құл­дырау кезінде премьер-ми­нистр болғанын қосуға болады. 

Енді бір туған санайтын көрші Қыр­ғызстандағы тәжірибені мы­сал етейік. Дағдарысқа белшеден бат­қан қырғыз ағайындар Құр­ман­бек Бакиевті биліктен тай­дыр­ған­нан кейін уақытша президент қыз­метін Роза Отунбаева ат­қа­ра­ды. Ол биліктегі конфликтіні тоқ­тат­­қаннан кейін өз еркімен қыз­ме­тінен кетеді.

«Шыны жартастың» жақсы жақ­тары да жоқ емес. Мәселен, 2001 жылдан 2009 жылға дейін нә­зік жанды Энн Мулкахи аме­ри­ка­лық Xerox корпорациясының бас ди­ректоры болды. Cол сәтте ком­па­ния құлдырау алдында тұрған бо­латын. Қарыздар өсіп, акция­лар­дың құны тез құлдыраған кез еді ол. Көптеген адам компания­ның саудасы бітті деп санады. Бір­ақ Мулкахи оңай шағылатын «жаң­ғақ» емес болып шықты. Ол кей­­­бір бөлімшелерді жауып, күр­делі шығындарды екі есеге және әкім­шілік шығындарды үштен бір­ге қысқартты. Нәтижесінде, ком­­пания бірден 2,5 миллиард дол­­лар табыс тапты. Энн дағда­рыс­пен күресуге бес жыл жұмсап, 2006 жылға қарай Xerox жыл сайын миллиард доллардан астам пайда табатын деңгейге жетті. Бұл жағдай Эннге керемет көшбасшы ретінде даңқ әкелді. 

«Шыны төбе қаншалықты қауіпті?

Осыған ұқсас Glass ceiling – «шыны төбе» деген ұғым бар. Бұл ұғымды алғаш рет Мэри­лин Лоден 1978 жылы Нью-Йорк­те­гі әйелдер көрмесінде сөз алған кез­де қолданады. Шыны төбе – бұл әйелдер мен азшылықтардың ұйым ішіндегі басқарушылық жә­не атқарушы деңгейдегі лауа­зым­дар­ға көтерілуіне жол бермейтін кө­рінбейтін тосқауылға қатысты метафора. Сарапшылар пікірінше, кез келген жерде әйелдер бірінші бас­шы болуға қабілеті жеткенімен, көп жағдайда сол басшының орын­­­басары деңгейіне дейін ғана кө­­теріледі. Себебі – қоғам әйел­дер­­ді басшы болуға дайын емес деп ой­лайды. Біз осы ретте қалтарыс­та­ғы әйелдер туралы өзінің подкаст каналы мен YouTube каналында мәселе көтеріп жүрген «Тасадағы әйел­дер» жобасының авторы Әй­нел Әмірханның пікірін білген едік. Ол біздің қоғамда әйелдер ман­сабының дамуына кедергі бо­латын жағдай көп екенін айтады. «Шы­ны төбе» термині алғаш рет АҚШ-та пайда болып, 1980 жыл­да­ры танымал бола бастады. Шы­ны төбе – әйелдердің қызметте өсуі­не кәсіби машықтары мен қа­бі­­леттеріне еш қатысы жоқ зат­тар­дың кедергі болуы екенін біле­сіз­дер. Өкінішке қарай, әйелдердің қыз­­метте өспей, басшылыққа жет­­пей, орынбасар сынды орта қыз­­мет буынында қалып қоюына ат­­са­лысатын жаппай қоғам болып қа­ла беруде. Мысалы, оны алды­мен білікті маман емес, ана ретінде көру. Себебі жұмысқа тұрар кезде әйел­дің отбасылық жағдайын, тұр­мыс­қа шығу жоспары мен балалы болу мүмкіндігін сұрастырып жа­та­ды. Мәселен, отбасыда еркектер де әке болатына қарамастан, олар­дан мұндай нәрселерді сұрамайды, ба­ла оның қызметте өсуіне кедергі бола­ды деп ойламайды. Сондай-ақ мұндай шектеулерге әйелдердің ер­лерге қарағанда аз жалақы алуы, жұ­мысқа тұру қиындығы мен би­лік­ке жетудегі кедергіні де айтуға бо­лады. Мәселен, білім саласын алып көрейік. Мемлекеттік ста­тис­ти­ка деректері бойынша, 2021-2022 жыл аралығында мектептегі мұғалімдердің 80%-нан астамы – әйел­дер. Бұл 311 623 әйел. Кол­ледж­дер мен универ­си­теттердегі оқы­тушы әйелдердің де саны ба­сым екені айтпай-ақ анық. Бірақ со­­ның өзінде елдегі ректор әйел­дер­­дің санын саусақпен санап шы­­­­­ғуға болады. Ал тәуелсіздік ал­­­ға­­лы бері Білім және ғылым ми­нистрі болған әйелдердің саны үшеу ғана. 15 министрдің тек үшеуі әйел адам болған. Бір құрылымдағы әйел­дердің саны 80 пайыз шама­сын­да бола тұра, олардың арасы­нан үш-ақ министр шығуы қызық емес пе? Тең құқықты, мүмкіндігі бә­рінде бірдей қоғамда бұлай бо­лар ме еді? Меніңше, олай емес-ау. Ондай жағдайды барлық саладан көруге болады. Мемлекеттік БАҚ-та әйел редакторларды да шаммен іздеуге болады. Орынбасар дең­гейі­нен аспайды. Редактор болуы үшін мемлекеттік құрылымда емес, жеке басылым ашып кетуі ке­рек», – дей­ді ол. 

Елімізде гендерлік теңсіздік бар ма?

Статистика деректеріне жү­гін­сек, мемлекеттік қыз­мет­тегі әйелдердің үлесі 2010 жы­лы 52,7%-ды құраса, 2022 жылы 55,5%-ға дейін өскен. Бұған 2020 жы­лы Парламент сайлауы алдында Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев ал­ғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық кво­та енгізуді тапсырғанының әсері бол­ғанын айта кеткен жөн. Пре­зи­дент мемлекет қатысатын ком­па­ния­лардың басқару органдарында әйел­дердің үлесін 30 пайызға дейін ұл­ғайту туралы міндетті норманы енгізуге ұсыныс жасаған. 

Квотадан кейін Парламентте жас­тар мен әйелдердің үлесі арт­қа­ны рас. Бүгінде Мәжілістегі 98 де­путаттың 18-і – әйел. Сенаттағы 50 орынның ішінен әйелдер 11 (22%) орынға ие болды. Үкімет құ­ра­мында 4 әйел министр жұмыс ат­қарып жүр. Өңірлерде әйел әкім­дердің сайланғанын да атап өтейік.

Жуырда Мемлекет басшысы әйел­дер қауымының жұмысына жо­ғары баға беріп, мемлекеттік қыз­мет пен басшылықта әйел­дер­дің үлесін көбейту керегін де басты на­зарға қойды. «Мемлекеттік ап­па­­раттағы әйелдердің үлесі 55 пайыз­­ға жуықтағанына қара­­­мас­­тан, басшылық құрамда бұл көр­сет­кіш 39 пайыздан аспайды. Өз тә­жірибемнен білетінім, әйелдерді қыз­метке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұ­мысқа өте мұқият, тия­нақты қа­рай­ды», – деді Қ. Тоқаев.

Қазақстанда әйелдердің құ­қық­­тары мен мүмкіндіктерін кеңей­туді, гендерлік теңдікті және қаржылан­дыруға қолжетімділікті қолдайтын жобаларды қаржыландыруға ба­ғытталған облигациялар шы­ғару­дың табысты мысалдары бар. 2022 жылғы ақпанда көлемі 38 млрд тең­ге болатын Азия Даму банкінің ар­найы жобасы аясында KASE сауда-саттық жүйесінде 14 млрд тең­ге сомасына гендерлік обли­га­ция­лардың екінші шығарылымы жү­зеге асырылды. Бұдан бұрын, был­тыр АДБ осы құрал арқылы 8,4 млрд теңге тартқан.

 

Түйін: 

Қазақстанның еңбек нарығында 4,3 миллион әйел бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әйелдердің басым бөлігі білім беру саласында – 872,9 мың, көтерме немесе бөлшек саудада – 866,9 мың, ауыл, ор­ман және балық шаруашылығында 453,1 мың адам жұмыс істейді. Ден­саулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 406,9 мың әйел, өнеркәсіп саласында 337,3 мың, құрылыс саласында 128,8 мың адам жұмыс істейді. Ал өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында 74,3 мың әйел жұ­мыс істейді. Соңғы онжылдықта елде әйелдердің жаңа буыны қалып­тасты. Олар қаржылық және психологиялық тұрғыда тәуелсіз болып, соны­мен бірге отбасын құруды, мансап қуып, рухани және шығармашылық даму­ды жөн көреді. Жыл сайын қаржылық және әлеуметтік қолдау шара­лары арқылы әйелдер кәсіпкерлігін де ынталандыру мен қолдау артып келеді. Еліміздегі гендерлік теңдік саясаты күшейіп, ерлер мен әйелдердің құқық­тарын һәм мүмкіндіктерін теңестірудің маңызы артты. Әлем елдері арасын­дағы гендерлік теңдік индексі бойынша (Global Gender Gap Report 2023) Қазақстан 146 елдің ішінен 62-орынға жайғасты. Бұған да шүкір дейік. 

Наурызбек САРША